«Қазақта Кенекеме ер жетпейді»
Тарих тұлғалармен құнды. Ал сол тарихи тұлғалар туралы шындық уақытында ашылмаса, бұл – өткенге жасалған опасыздық. Мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы, Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы, Абылай ханның немересі болып келетін төре тұқымынан туған Кенесары Қасымұлы туралы сөз қозғағанда «тарихи шындық» деген сөз ойға оралды да тұрды.
Тарихшы Ермұхан Бекмаханов 1950 жылы «Правда» газетіне жариялаған мақаласында Кенесары қозғалысын жан-жақты талдаған еді. Бұл бізге тарихтан белгілі. Сондай-ақ мақала мен мақала авторының қуғынға ұшырап, қиянат көргені де тарихи деректерден аян. Қоғамның қыспағынан көп ғалым көне тарихты зерттеуге жүрексініп, ұлт-азаттық жолындағы көтеріліс көсемі туралы қаншама жайттың беті жылы жабылған күйі қалды. Тек республиканың тәуелсіздік алуымен коммунистік идеологияның қыспағынан арылу Патша үкіметінің қазақ өлкесіндегі отарлық саясатын жаңа талап тұрғысынан зерттеуге жол ашты. Осы тұста қазақтың соңғы ханының тағдыры мен тартқан тауқыметі, бүкілқазақтық көтеріліс мәселелері қайта көтеріле бастады.
Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Абылай ханның отыз ұлының бірі Қасым сұлтан болса, Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай және Кенесары алты ағайынды болып туған. Ал тарихтан таныс Наурызбай батыр Қасым сұлтанның екінші әйелінен тараған. Кенесары Қасымұлы жастайынан әскери қимылдарды үйреніп, көшпелі ақсүйектерге тән қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Шабандоз, кең даланың қатал табиғатына шыныққан, төзімді ұл ес біле ержүрек, өжеттігімен көзге түсіп жүреді.
Ел мен жердің татулығы мен бірлігін, тұтастығын сақтау жолында жан аямай күрескен батырдың ұлт-азаттық қозғалысты бастауына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысы» ықпал еткен. Хандық құрылымды жойып, қазақты жалпыресейлік басқару жүйесіне қосуды көздеу сияқты жымысқы саясатқа әуелі Қасым төре өз наразылығын білдірген. Ресей билеушілерінің қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алуы елім деген азаматтардың қолға қару алып, қарсы тұруына ықпал еткен. 1840 жылы Қоқан хандығының сатқындығынан Қасым төре қаза болып, төренің баһадүр ұлдары Кенесарының соңынан ерген. Алғашқыда мәселені бейбіт шешуді көздеп, Ресей патшасына ымыраластық хат жолдауы 1841 жылы таққа отырған Қазақ ханының көрегендігін көрсетеді.
Кенесары Қасымұлы қазақтың ханы әрі батыр ғана емес, саясатқа мықты тұлға болған. Аталған деректер негізсіз емес. Қазақтың соңғы ханы туралы тарих небір сыр шертеді. Сұлтан Кенесарының бодандыққа қарсы алысуының ұзақ уақытқа созылуы басқа да мәселелермен қатар ұлы тұлғаның жеке басындағы дипломаттық және саясатшыл қасиеттерінің биіктігі болса керек. Оның азаттық қозғалыстың мақсатына жету жолында дипломатиялық айла-амалдарды шебер пайдаланғандығын мейлінше айқындайтын – оның хаттары. Архивтер мен жарияланған деректерде қазақ ханының өзі жазған құжаттар көптеп сақталған.
Кенесары хан бастаған көтеріліс 1844-1845 жылдары шырқау шыңына жеткен. Белгілі қоғам қайраткерлері Ресей империясының отаршыларымен, Қоқан, Хиуа басқыншыларымен ұзақ арпалысқан Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің қазақтың талайғы тағдырын шешкенін айтады.
«Кенесары әскеріндегі қатаң тәртіп, жүйелі де берік тактикалық әрекеттер әлем қолбасшыларын таңдандырған. Табансыз, жалтақ, ойсыз қолбасшы күні-түні ат жалында жүріп он жыл бойы соғысар ма еді?!» дейді зерттеушілер. Расында да әскерін бар болғаны мылтықпен, зеңбірекпен жабдықтаған Кенесары ханға бақайшағына дейін қаруланған қатал тәртіптегі орыс әскерімен арпалысу оңайға соқпағаны анық. Бірақ ханның қолбасшылық өнері мен сарабдал саясаты көтерілісшілердің он жыл бойына отаршылдармен табан тіреп соғысуына себеп болған. Бұл расында да үлкен ерлік.
Он жылға созылған Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісі бізге тарихтан таныс. Оны бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Елдің азаттығы мен егемендігі жолында күрескен қазақтың соңғы ханының ерлігін білу, насихаттау – ұрпаққа аманат. Кезінде айтылмаған шындық, жазылмаған ақиқат ел бодандық құрсауынан босағаннан кейін ашық көтеріле бастады. Жазушы І.Есенберлиннің атақты трилогиясының қомақты бір бөлігі хан Кенесарыға арналуы көпшіліктің санасын сілкіндіріп, Кенесарының жеке басына, көтеріліске деген халық көкейінде жаңа ой қалыптастырып, санада серпіліс тудырды. Сөз басында атап кеткен тарихшы Е.Бекмахановтың белгілі туындысы кітап болып қайта баспа бетін көруі де үлкен жеңіспен пара-пар. Сондай-ақ Кенесары ханның өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген әдеби-тарихи туындыға арқау болды. Нысанбай ақын «Кенесары-Наурызбай дастанын» жазып шықса, ХХ ғасырдың басында М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын көпшілік назарына ұсынды. 1888 жылы Ташкентте шыққан Кенесары ханның ұлы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады.
Биыл сонау алмағайып заманда қазақ халқының тағдыры талқыға түскен шақта елін, жерін, тәуелсіздігін сақтап қалу үшін қол бастап, ел басқарған, азаттық жолында құрбан болған Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Мағжан ақын «Арқада Бурабайға жер жетпесе, Қазақта Кенекеме ер жетпейді» дейді екен. Халқымыздың бүгінде азаттық алып, қазақтың қазақ болып қалуы жолында қасық қанын аямаған батыр тұлғалар өмірі, тағдыры, ерлігі өскелең ұрпаққа барынша насихатталуы тиіс.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ