Арық ақсақалы һәм қоғам қайраткері
Бедебеков Серікбай – Сыр өңіріне белгілі су мұрабы, атақты арық ақсақалы, айтулы қоғам қайраткері. Әкесі – Бедебек орта шаруаның отбасында тәрбиеленіп, ескіше оқыған, жалынды, жігерлі еті тірі жастардың қатарында болды. Қараөзек болыстығында 1900 жылдардан бастап әртүрлі жұмыстар атқарған. Сол өңірдің белгілі азаматтары Аппаз, Медетбай би, Сауранбай болыс, атақты Лапиндердің балаларымен, тағы басқалармен бірге ел билігінде араласады. Оны қырғи тілді сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Губернатор келе жатыр» деп аталатын деректі мақаласынан көруге болады.
Перовск қаласының көп жатақтарының бірі – ұлы жүз, Бәйдібек баба ұрпағы Ошақты аталығы Бедебектің отбасында 1886 жылы шекесі торсықтай бір ұл дүниеге келеді. Әкесі өзіне серік болсын деп Серікбай деп есімін азан шақырып қойған еді.
Сауранбай болыстың шешімі: «Біріншіден мейман атқару қаржысын табуға елден түтін пұл жиналсын. Оған барлық ауылнайлар тартылсын. Жол, көпір, адастырмас белгілер жасау Есім ауылнай мен Бедебек, Қаңлы Бейсен, Жүсіптерге тапсырылсын». Міне осы жолдарда болыс Сауранбайдың сөзіндегі Бедебек – осы Серікбайдың әкесі.
Бедебек ата Сыр өңіріне орыс тәртібінің бойлай енгенін түсініп, баласын орысша оқытуға шешім қабылдайды. Серікбай Бедебеков 1896-1898 жылдары Перовск (қазіргі Қызылорда) қаласындағы татар молдаларынан хат танып, сауатын ашады. Осы жылдарда «Ташкент – Орынбор» темір жолын салу жұмыстары басталған еді. Осындағы орыс жұмысшыларымен бірге (екі жаз бойы жалданып) жер өлшеу жұмыстарына қатысады. Орыс жұмысшыларының жәрдемімен 1898 жылы Қызылорда қаласындағы 7 жылдық орыс мектебінде оқиды. Соңғы сыныпта оқып жүргенінде «патша саясатына қарсы болды» деп негізсіз кінә тағылып, 1905 жылы мектептен шығарылыпты.
1910 жылға дейін Серікбай Бедебеков Перовск уезінде әртүрлі салада жұмыстар атқарды. Перовск уезі приставында тілмаштық қызметін жеті жыл бойы 1917 жылға дейін істейді. Сондай-ақ 1915 жылдан бастап 1917 жылдың ақпан төңкерісіне дейін Перовск уезінде, Ташкент, Ферғана облыстарында әртүрлі жұмыстарды атқарды. Төңкерістен кейн Перовск (Қызылорда) қаласына келіп уездік атқару комитетінің мүшелігіне, 1917 жылдың 20 желтоқсанында Қараөзек болысының «Қосшы» одағының төрағасы, 1918 жылы 21 мамырда Перовск жұмысшы, солдат, шаруа және мұсылман депутаттары кеңесінің шешімімен «Қараөзек» болысының «Арық ақсақалы» болып тағайындалды.
1919 жылы 19 тамызда уездік съездің шешімімен уездік жер-су бөлімінің меңгерушісіне сайланды. Бұған қоса 1920 жылы Түркістан республикасының өлкелік комиетінің (Нарком зем) жер-су бөлімінің нұсқаушысы болып қосымша қызмет атқарды. Осы тұста көшпелі халықты қоныстандырып, отырықшылыққа айналдырды. Ташкент манында, Қазалы Перовск уезіндегі істерді басқарды.
Жер-бөліс, қоныстандыру саясаты аяқталғаннан кейін Сырдария облысының «Ақмешіт» су аймағының гидротехнигі болып тағайындалды. Сол жылдары Қызылорда округіне қарасты Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш аудандарында су шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 37 жыл бойы су сапасы бойынша адал да қажырлы, іскерлік қызмет ете білген С.Бедебеков жер-су шаруашылығын жоғары органдарынан алғыс, марапаттар алды.
1926 жылы Тереңөзек ауданындағы ұзындығы 25 шақырым болатын «1 Май» каналы қазылып, сағасына тоспа орнатылған. Осы жарма арқылы 3 мың гектар жер суландырылған. «1 Май» каналын қазудағы ерекше еңбегі үшін С.Бедебеков Қызылорда уезінің атқару комитетінің төрағасы Рүстемовтің қолынан арнайы куәлік пен «Омега» күміс сағатын алыпты.
С.Бедебеков 1929-1930 жылдары Ташкент политехникумы жанындағы 6 айлық курсын бітірген. 1924 жылы Тереңөзек, Жалағаш аудандары үшін қаздырған «Рсымбек», «Бостандық» 1927 жылы Шиелі ауданындағы «Шиелі» каналының суын босқа далаға жібермеу үшін 7 шақырымдық дамбы соқтырса, Жалағаш ауданындағы «Бөпехан» каналы, кейіннен «Сталин» каналы, Тереңөзек ауданындағы «Қожаарық» (Бесөзек) каналдарын қаздырды. Сырдарияның екі бетіне Қызылордадан «Қаракеткен» стансасына дейін су қаупінен сақтану үшін 120 шақырымдық дамбы қаздырудың басы-қасында жүріпті.
1935 жылы тыңнан «Мыңшоқты» каналын қаздырып, «Соркөлге» Сырдариядан саға, «Тоқалөзек», «Дәурен», «Ақарық» «Көксу», «Шаған», «Жамбас» арықтарын тыңнан қаздырса, бұрынғы ескі арықтар «Қарабауыр», «Маймақ», «Жіңішке», «Болтай» арықтарын қайтадан қаздырып, егіншілікке пайдаланды.
Серікбай Бедебеков 1967 жылдың 5 мамырдағы естелігіне назар аударайық. «Қазір мына есік алдындағы каналды «Майжарма» дейді. Бұл каналды қазуға 400-ге дейін адам қатысты. Ұзындығы – 20 шақырым. Қазір бұл канал Тереңөзек қыстағы мен көрші ауылдарға ырыс арнасы болып ағуда» делінген естелікте.
Сонымен бірге «Арық ақсақалы» атанған С.Бедебеков өзімен қызметтес болған басшылардың, су мұраптарының есімдерін мақтанышпен айтады.
Архивтерде Серікбай Бедебековтің 1926 жылы сызған сызбалары, тың жерлерге су шығару тәсілдері туралы ұсыныстарды, тасқа басқандай жазып, қалдырылғаны айтылады. С.Бедебеков мектебінен талай маманның ұрпақтары түлеп ұшты. Өзімен қызметтес болған Оразбай Мәлібеков, Мақат Алдамжаров, Қарымсақ Үсембаев, М.Наурызбаев, Ә.Усманов, Е.Қосбармақов, С.Ниязовтар кезінде республика су шаруашылығын күріш құрылысы бас басқарма басшысы болған Эрик Христофорович Гукасов (Д.Қонаев басшылығында Қазақстан Үкіметінің басшысы Б.Әшімовтің орынбасары) Шіркейлі каналының табанын кеңейту үшін арнайы Серікбай Бедебековпен ақылдасады. Кездесу өз шешімін тапты. Шіркейлі каналында су молайып, егіншілік көлемі артты.
Тарихи кезеңдері:
Серікбай Бедебеков – сауатты, білімді болды. Имандылық, қайырымдылық істерінің ортасында жүрді. Ағарту, халықты сауаттандыру ісінде ағайынды Лапиндермен жақсы араласты.
Атақты қолөнер шебері Ләтипа Мұңайтпасқызы мен оның жолдасы оқу-ағарту саласының көрнекті қайраткері Қоңырқожа Қожықовпен отбасылық қарым-қатынаста болды.
Қоңырқожа Қожықов Қоғалыкөлде «Хан мектебі» атанған білім ордасының негізін Лапиндермен бірге қаласқан. Ал Ләтипа апаның АҚШ Президенті Рузвельтке арнайы тіккен костюмі бүгінде орталық мұражайда тұр.
Қоңырқожа ата мен Ләтипа апа есімдері елге белгілі өнер адамдарын тәрбиелейді. Құлахмет – халық суретшісі, Нурахмет – кескіндеп өңдеу архитектурасының ғалымы, Сұлтан Ахмет – кинорежиссер, «Қыз-Жібек» фильмінің авторы.
Серікбай Бедебеков Сыр өңірінің айтулы тұлғаларымен, атап айтқанда халық жазушысы Қалтайдың әкесі Мұхамеджан Нүрекеевпен жақын араласқан. Өңірде «Қара молда» деген лақап атпен танылған белгілі дін ғұламасы Мұхамеджанның атасы Күдері қожа – қазақ айтыс өнерінің негізін салушы. Абайдың әкесі Құнанбайдың Қарқаралыда аға сұлтандыққа сайлауы кезінде бата беріп лауазымға көтерілуіне өзіндік үлес қосқан. «Қара молда» Мұхамеджан діни сауатты, бойында ақындық қасиеті, иманы бар талантты жан еді. Мұхамеджан Жаңақорған өңірінде Түркістанға жақын аралықта Айқожа ишан салдырған «Ақтас» мешітінде шырақшы болады. Медреседе бала оқытады. 1927 жылы Қалтай ағамыз осы «Ақтас» мешітінің ауласында өмірге келген. Сол уақыттарда осы шаңырақта Серікбай Бедебеков қонақта болған. Сәбиге «Қалиолла» деп азан шақырып ат қою рәсіміне қатысқанын мақтанышпен айтатын еді. Кейін сол Қалтай ағамыз қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы атанып, есімі бүкіл дүниеге тарады. Ал Мұхамеджан Нүрекеев «Қара молда» солақай саясаттың құрбаны, «халық жауы» атанып өмірден өтті.
Тағы бір тарихи көріністерді еске алсақ. Сырдария өзені тасып, Қызылорда қаласын су алу қаупі төнген еді. Осы кезде Мәскеуде өтіп жатқан партия съезіне қатынасып отырған Дінмұхамед Қонаевты арнайы су тасқынын тоқтату жөніндегі комиссияның төрағасы етіп, Сыр бойына жіберді. Сондай-ақ Ташкенттен Түркістан әскери округінің бас қолбасшысы генерал Иванов та өзінің 500 сарбазымен, әскери техникалармен осында болатын. Бірақ судың тоқтар түрі жоқ. Бір кезде осы өңірдің белгілі су мұрабы С.Бедебеков бағыт-бағдар береді.
– Әй шырақтарым, әбден қиналдыңдар ғой, басшыларың кім? – деп сұрақ қояды.
– Мен, – деп Д.Қонаев жауап береді.
– Сіз кімсіз?
– Мен Дінмұхамед Қонаев үкіметтің орынбасарымын, ал мына кісі Түркістан әскери округінің басшысы.
– Ендеше, Қонаев жолдас, маған 20 сарбаз бер, – деп өзінің жоспарын айтады.
Қызылорданың қамысы ұзын әрі сапалы. Сол қамысты жайып, ортасына саз балшықты қойып, бума-рулетка етіп, әрқайсысын 20 сарбаздың қолына береді. Қатар тұрған тоспа мен су бөгеледі.
– Міне, Қонаев жолдас, бұл сонау Шыңғыс хан заманынан келе жатқан «Қарабура» әдісі, су тоқтады. Сіз жүрген жеріңізде осы әдіс туралы елге айтып жүріңіз, Қонаев жолдас.
Димекең су мұрабының ісіне өте разы болып, бауырына басып, құшақтаған. Бұл Сыр өлкесіне есімі белгілі су мұрабы, арық ақсақалы, гидротехник Серікбай Бедебеков еді.
С.Бедебеков өнегелі отбасының тірегі болды. Өз ұрпағы Ерғали, Қадиша, Нұрғали әке атына кір келтірмей, өмірін жалғастырды. Нұрғалидан тараған немерелері Әнуарбек, Гүлнәр, Әмірбек, Сапура, Әділбек, Шынар, Ерғалиден Әлия, Шыңғыс, Қадишадан Әлмағамбет, Мұратбек, Бейбіт, Кенже т.б. ұрпақтары ата атына дақ түсірмей, туған жерін түлетуге үлестерін қосуда.
С.Бедебековтің өмір жолы Қазақстан Республикасының «Ғұмырнамалық жинақтар» сериясымен «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» деген жинаққа академик Әлкей Марғұлан, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтармен бірге енген. «Қазақстанның құрметті гидротехнигі», Мәделхан Нәлібаевтің 2005 жылы «Су – өмір шежіресі» атты кітабында С.Бедебеков туралы естеліктер жазылған. Жақында Қорқыт ата университетінде М.Нәлібаев атындағы су шаруашылығында тарихи мұражайында С.Бедебековтің бірнеше суреттері қойылған. С.Бедебеков жайлы 1970 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде, «Жұлдыз» журналында, 1991 жылы, 1992 жылы Тереңөзек аудандық «Тереңөзек тынысы» газетінде, 2002 жылы облыстық «Кызылординские вести» газетінде, 2019 жылы облыстық «Сыр бойы» газетінде мақалалар жарық көрді.
56 жыл бойы нәтижелі еңбек еткен Серік Бедебековке бүгінгі су шаруашылығының ардагерлері атынан Тереңөзек кентінде бір көшенің атын берудің реті келіп тұрған сияқты. Көзі тірісінде С.Бедебеков қоныс еткен жері «Серікбай түбегі» деп аталғанын ескерсек, оның есімі Қызылорда, Тереңөзек төрінде тұратынына сенім мол.
«Ер есімі – ел есінде» демекші, өткенімізді тірілтіп, ерен еңбекті ерлерімізді қастерлей білсек, көреген халықтың кемеңгеріне жасалған құрметіміз болмақ.
Ержан Уәйіс,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі