Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кавказдағы тосын кездесулер

Кавказдағы тосын кездесулер

1975 жылғы мамыр айының бас кезінде Тереңөзек байланыс торабының басшысы Бодан Есенов екеуіміз Кисловодск қаласына ку­рорт­қа барып демалған едік. Бодан Григориев атындағы санаторийге, мен КПСС Орталық Комитеті іс­тер басқармасына қарасты «Октя­брь­дің 10 жыл­дығы» атындағы санаторийге орналастық. «Октябрьдің 10 жылдығы» атындағы санаторий қаланың дәл орталығында екен. Сол жерде «нарзан» минералды суын ішуге арнайы жай салынған. Төңіректегі барлық санаторийдің емделушілері осы жерден нарзан суын ішіп, емделеді екен.

Сол кездегі тосын кездесулер осы орталық­тан бастау алды. 1975 жылдың 9 мамыр күні еді. Бодан екеуіміз кездесіп, бір-бірімізді мерекемен құттықтап, хал-жағдай сұрасып келе жатқанымызда қарсы алдымыздан жүздері таныс екі кісі жолықты. Анықтап қарағанда, олардың ерлі-зайыпты Жарықбаевтар екендігіне көз жеткіздік. Өтеген Жарықбаев көп жылдар бойы Тереңөзек ауданында судья болып жұмыс жасап, кейін қызмет бабымен Шиеліге ауысқан еді. Әйелі Миннауа Тереңөзекте кітапханашы болған. Біз бұрыннан таныс кісілерді кездестіргенімізге қуанып қалдық. Қап тауының төрінде, Жеңіс мерекесі күнінде көтеріңкі көңілмен шаттанып тұрғанымызда тобымызға Нұрғали Сыздықов келіп қосылды. Нұрғали КСРО Қорғаныс минис­тр­лігінің санаторийінде орналасқан екен.

Ортамыздағы жасы үлкен Өтеген ағамыздың көңіл-күйі басқаларымыздан да ерекше жоғары болды. Өйткені, ол талай күн мен түн окопта қар жамылып, мұз төсеніп, майданда алғышепте от пен оқтың арасында болып, Жеңіс күніне аман жеткен еді. Ал, қалған төртеуіміздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, майдан даласын көзбен көрмесек те, соғыстың зардабын, ащы дәмін татып өстік, ерте есейіп, соғыстың ауыртпалығын бірге көтердік.

Өтеген ағай:
– Ұлы Жеңіс күні бір-бірімізге жақсы кездестік. Енді бұл мерекені ресторанға барып тойлайық, – деді.
Сонымен бесеуіміз Кисловодскінің тойханасына барып жайғастық. Тойханадағы әңгіме барысында Өтегеннің «Өзбекстан» санаторийінде демалып жатқандығы айтылды. Бұл санаторий мен «Октябрдің 10 жылдығы» атындағы санаторий бір-біріне жақын орналасқан көршілес болып шықты. Бодан Өтегеннен:

– «Өзбекстан» санаторийінде өзбектер демалатын еді ғой. Сіздер ол санаторийге қалай барып жүрсіздер? – деп сұрады. Сонда Өтеген:

– «Өзбекстан» санаторийінің бас дәрігері менің балдызым еді, сол кісінің шақыруымен келіп, демалып жатырмыз, – деп жауап берді. Сонда Нұрғали Сыздықов:

– Өтеке, бас дәрігер балдызыңызбен бізді де таныстырсаңыз қайтер еді, – деді әзіл-шыны аралас. Өтекең әзіл сөзіне шындап жауап беріп, бізді өзінің балдызымен жуық арада таныстыратынын айтты.

Өтеген аға арада екі күн өткенде біздің басымызды қайта қосып, өзі айтқандай балдызымен таныстырды. Бұл жолы балдызы бізбен толық танысу үшін санаторийдің жайлы автокөлігін мініп келіпті. Өтекеңнің балдызы – Расул Мырзоев деген азамат екен. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Расул бізді жатсынбай өзінің ойын ашып айтты. Ол осы төңіректегі Кисловодск, Эссентуки, Пятигорск, Железноводск қалаларын түгел аралап, көрнекті жерлерді көрсетуді жоспарлап келгенін әңгімелеп берді. Біз де Расулдың ұсынысын ризашылықпен қоштап, санаторийдің жайлы автокөлігімен сапарға шықтық. Алдымен, Кисловодск, Эссентуки қалаларын аралап көрсеткеннен кейін Пятигорск қаласына барып, Лермонтовтың дуэльге түскен жерінде болып, естелік суретке түстік. Бұдан кейін Железноводск қаласының көрнекті жерлерін аралап қайттық. Біз аралап көрген қалаларымыздан бұйырған тұз-дәмдерін де татып көрдік. Сапар барысында жолбасшымыз болған Расул інімізге өте риза болдық. Оның байсалды жүзіне қарап, сөйлеген сөзінен оқығаны да, көңіліне тоқығаны да көп зиялы азамат екендігін сезіндік. Сапардан көтеріңкі көңілмен оралып, Расулға рақметімізді айттық. Сонда Расул:

– Ағалар, Сіздер енді осы қаладан 250 шақырым жердегі Теберда, Домбай деген аса көрікті жерлерге барып, тамашалауларыңыз керек. Өйткені, «Кімде-кім Тебарда мен Домбайды көрмесе, онда Кавказды көрдім деп айтпасын» деген сөз бар. Мен Сіздерге сол жаққа барып келуге өзімнің «Волга» автокөлігімді жібере­мін, бірақ, мен өзім қызметтен босай алмаймын, – деді.

Арада бір күн өткеннен кейін Расулдың көлік жүргізушісі келіп, «Волга» автокөлігімен Өтеген, Бодан, Нұрғали, мен – төртеуімізді алдымен Кавказдың көрікті жерлерінің бірі – Тебардаға алып барды. Тебарда табиғаты әсем, ауасы өте таза қала екен. Мұнда өкпе ауруына шалдыққандар айлап, жылдап емделіп жататын көрінеді. Біз Тебардадан әрі асып, Домбай алаңына да жеттік. Домбайдаң орталығына кіре берісіндегі бір кафеге ауқаттану үшін тоқтадық. Кафеге кіргенімізде қартаңдау орыс әйелді көріп, оған Қазақстаннан келген қонақ екенімізді айтып, бізге қызмет етуді өтіндік. Әлгі әйел, сірә, ұрсысатын адам таппай тұрса керек, бізге:

– Немене, сендер ерекше адамсыңдар ма, қыз­мет ететін, – деп сөйлеп, тағы басқа жағым­сыз сөздер айтып, күңкілдеп, бізді ағаш атқа мінгізгендей етті. «Апырмай, мына кісіге өтініш айтамыз деп, бәлеге қалдық-ау» деп аузымызды жиғанша «Ассалаумағалайкум, ағалар!» деп бір жас қазақ жігіт сәлем беріп, қол алысты. Әлгі жігіт бәрімізді жайғастырып, орындыққа отырғызып, біздің қайдан келгенімізді сұрады. Өзінің аты-жөні Мұрат Есенов екенін, осы кафеде директор болып істейтінін айтты. Содан кейін әлгі бізді мезі еткен әйелді шақырып алып, арнайы қуырдақ дайындауды және шай әкелуді тапсырды. Сөйтіп, біз әлгі әйелдің өзі айтқандай, ерекше қонақ болдық. Кафедегі кездесу барысында Мұраттың Шымкентте туып өскенін, қазір Тебардада тұратынын, жазда осы Домбайда қызмет істейтінін анықтадық. Оған Боданмен фамилия­лас екенін айтып, бәріміздің де Қызылорда облысынан екенімізді, Кисловодскіде бірге демалып жатқанымызды білдірдік. Мұрат біздерді Тебардадағы үйіне қонаққа шақырды. Біз оған бүгін Кисловодскіге Домбайдың канат жолына барып, одан соң тездетіп қайтуымыз қажет екенін айттық. Сонда Мұрат Домбайдың канат жолының ауа райына байланысты жабық екенін айтып, бізді Домбайдағы үйіне соғып, өзінің анасына сәлемдесіп кетуімізді өтінді. Біз Мұраттың анасына сәлем беріп, жолығып кетуге келістік, бірақ үйінде көп кідірітпеуді сұрадық. Келісім бойынша Мұраттың үйіне барып, анасына жолығып, сәлемдестік. Мұраттың анасының ұлты қарачай екен. Ол өзінің соғыс кезінде Шымкентке жер ауып барғанын, сонда Мұраттың әкесімен он жылдан астам отасқанын, Мұраттың әкесінің соғыста алған ауыр жарақаты өршіп, қаза тапқанын, баласының жас кезінде төркінімен бірге Кавказға көшіп келгенін айтып берді. Сонда Бодан:

– Жеңеше, баланы өз туыстарына қоспадың ба? – дегенде, баланы жыл сайын туыстарына жіберіп, қатыстырып тұрғанын, алайда Мұраттың өзі әкесінің жолымен қарачай қызымен бас қосып, Кавказда түрақтап қалғанын баяндады. Біз бәріміз Мұрат пен үй ішіне түгел алғысымызды жаудырып, қайыр-қош айтысып, қайтар жолға шықтық.

Осылайша, демалып жатқан төңірегімізді түгел аралап, әйгілі нарзан суымен емделіп жүргенімізде елге оралатын күніміз де жақын­дап қалыпты. Алдын ала қамданып, қайтар жолға билетті де алып қойдық. Біздің қайтуға дайындық жасап жатқанымызды естіген Расул бәрімізді өз үйіне қонаққа шақырды. Расулдың қаланың шетінде, тау етегінде жеке үйі бар екен. Ауласында жеміс ағаштары мен әр түрлі әсем гүлдер егілген. Ауланы түгел аралап көріп, көркіне тояттап, керемет таза ауаны рахаттана жұтып, көңіліміз көкке көтерілгендей болды. Расул қазақтардың дәстүрімен біздерге арнап қой сойып, алдымызға бас қойып, аса қонақжайлық көрсетіп, құрметтеп сыйлады. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, біздер емін-еркін отырып әңгімелесу барысында Расулдың қызмет кезінде өзбек елінің ең жоғарғы үкімет басшыларымен де жолығып, сөйлесіп тұратынын білдік. Расулмен сұхбаттаса отырып, әдеппен, байсалдылықпен сөйлеген сөзінен, оның өте сыпайы, зиялы азамат екендігін терең сезіне түстік. Бәріміз оның адамгершілігіне, меймандостығына, бізге еткен құрметіне разылығымызды білдіре отырып, алғысымызды айтып, отбасына мықты денсаулық, бақытты ұзақ өмір сүруді, қызметте абыройлы, табысты болуды бір Алладан тіледік.

Сонымен, Сыр елінің бес қазағы Кавказ тауының төрінде кездесіп, біраз уақыт тұздас-дәмдес болып, бірге сайрандап, сол жақтың Расул Мурзаев және Мұрат Есенов атты атпал азаматтарымен танысып, табысып қайтқан едік. Бұл күндер менің жадымда ұмытылмастай болып сақталып қалыпты. Қазірде осы бес қазақтың төртеуі дүниеден озып кетті. Бодан Есенов, Нұрғали Сыздықов, Өтеген мен Миннауа Жарықбаевтар Тереңөзек ауданында ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарып, ауданның дамуына елеулі үлес қосқан кісілер еді. Мен олармен Кисловодскіде бірге демалған күндерімді жазып отырған себебім, олардың есімін аудан тұрғындарының және осы кентте тұратын ұрпақтары мен туыстарының есіне түсіру еді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген, марқұмдардың иманы серік болып, жандары жәннатта дамылдасын. Ұрпақтарының өмір жасы ұзақ, бақытты болсын деп тілеймін.

Рақымжан БӘЙМЕНОВ,
тыл және еңбек ардагері,
Сырдария ауданының
«Құрметті азаматы»
21 қыркүйек 2021 ж. 386 0