2003: Ауылды қолдау жылы
ХХІ ғасырдың бас кезеңінде еліміздің дамуы қарқын ала бастады. Сол уақытта Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев елді мекендерді өркендетуге, көркейтуге ерекше мән беріп, 2003-2005 жылдарды «Ауылды қолдау жылы» деп жариялады. Соған орай республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығы саласына қатысты жаңа бағдарламалар қабылданды. Олар бойынша ауылдағы ақпараттық инфрақұрылымды дамытуға 170 млн теңге, егіншілік саласындағы міндетті сақтандыру жүйесін қолдауға 1 млрд теңге, сондай-ақ басқа бағыттарға да қомақты қаржы қарастырылған. Осындай қолдаулардың нәтижесінде 2003 жылдан бастап ауданға қарасты ауылдар көркейе түсті.
«Ауылды қолдау жылында» басты жаңалықтың бірі – Елбасының Сыр еліне іссапармен келіп, ауданға ат басын бұруы. Мемлекет басшысы дарияны жағалай орналасқан ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, сырдариялықтармен жүздескен. Бұл туралы аудандық газетте «Ыстық ілтипатты жүздесу» тақырыбында Елбасы сапары туралы мақала жарияланған. «Сырдариялықтар – аудан халқы, үлкен-кішісі бір кісідей жұмылып, Елбасыны зор қуанышпен, аса бір іңкәр сезіммен қарсы алды. Президент мінген кортеждің аудан орталығы – Тереңөзек кентіне келіп кірген сәтін Мемлекет басшысын қарсы алуға шыққан балдырған баланың да, байсалды үлкеннің де, кемеңгер қариялардың да жүрек түкпірінде ұмытылмай сақталатыны кәміл. Мектеп оқушылары еліміздің туының кішкентай бейнесі көгілдір жалаушалары мен түрлі-түсті шарларын әуелете көтеріп, Елбасына деген алғаусыз сезімдерін білдіріп жатты. Елбасы да өзі отырған машина терезесінен қол бұлғап, сырдариялықтар ілтипатын қабыл алды» деп басталатын мақалада аудан халқының Қазақстан Президентіне деген ілтипаты айқын көрсетілген.
Жұмыс сапары барысында Елбасы аудан орталығындағы «Жиһан» холдингі жүйесіндегі «Шапағат ЛТД» ЖШС-нің өндіріс орнымен танысқан. Бұл жерде ауданда атқарылып жатқан өрелі істер жөнінде сол кездегі аудан әкімі Ә.Хожбанов мәлімет берген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атап өтіп, сырдариялықтардың нарық талабына сай еңбек етіп жатқанын жеткізген. Өндіріс орнында Мемлекет басшысы күріш зауытымен танысқан. Сондай-ақ Елбасыны осы жерде жүзеге асырылып жатқан отын брикеттері қызықтырған. Яғни, отын брикетінің шикізаты – күріш кебегі. Бұрындары күріш өңдеу орындарында тонналаған күріш кебектері желмен ұшып, шашылып жатса, енді тұтыну тауарына айналған. Осы тұста Президентке 200 градус ыстық қысыммен шығатын отын брикеттерін даярлау технологиясы көрсетілген.
Өндіріс орнынан шыққаннан кейін Елбасы Тереңөзек кенті тұрғындарымен кездесіп, жұмыс сапары Қалжан ахун ауылында жал-ғасқан. Көптен күткен игілікті істің бастауы болған «Ауылды қолдау жылында» елді мекендерге келетін жас кадрларға қамқорлық көрсетіп, баспанамен қамту қолға алынған. Осыған байланысты ауданға қарасты 15 ауылдың әрқайсысында 3 тұрғын үй салу жұмыстары басталған. Қалжан ахун елді мекенінде осы іс өріс тауып, екі үйдің қабырғасы көтерілсе, бір үйдің іргетасы қаланған. Елбасы жаңа қонысқа сәттілік тілеп, ауыл әкімі М.Омаров пен шаруашылық төрағасы Д.Әбілдамен ауылдың әлеуметтік мәселелері жөнінде пікір алмасқан.
Мұнан соң Президент ауылдық клубта облыс активімен жиын өткізіп, «Ауылды қолдау жылында» атқарылатын жұмыстарды нақты жүктеп, Сыр елі, оның ішінде Сырдария ауданының дамуына оң баға берген.
Осы жылы ауданға Вице-министр, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов те Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, оның барысында ауданның тынысымен танысқан. Іссапарда Вице-министр С.Сейфуллин ауылындағы жаңадан салынған 25 орындық балабақшаның лентасын қиып, ауыл еңбеккерлерімен кездес-кен. Оған қоса отандық инвестор «Шапағат ЛТД» ЖШС жұмысын да көрген.
А.Есімов сырдариялықтармен кездесуде елдегі ахуалды орнықты ұстауға, ұрпақ тәрбиесіне мән беруге, ұлттық салт-дәстүрді, қаймағы бұзылмаған ұлттың ынтымағын сақтауға атсалысу әрбір ұлтжанды азаматтың парызы екенін атап айтқан.
Сонымен бірге, 2003 жылы елордада Үкімет басшылары мен әкімдердің қатысуымен Елбасы төрағалық еткен республикалық кеңес өткен. Осы кеңеске аудан әкімі Әріп Хожбанов облыс атынан сөз сөйлеп, Үкімет тарапынан қолдауды қажет ететін мәселелерді көтерген. Аудан басшысы алғысөзінде негізгі қорытындылар шығарылып, алдағы міндеттер сараланатын республикалық жиында 2003-2005 жылдарды «Ауылды қолдау жылы» деп жариялауы Сыр халқының зор ризашылық сезімін тудырып, тың істерге жігерлендіргенін жеткізіп, аграрлы секторға қатысты екі мәселені қолдауды сұраған. Оның біріншісі Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің күрішті көшеттеп отырғызу технологиясын зерттеп, одан мол өнім алуға болатынына көз жеткізген. Соған байланысты күрішті көшеттеп отырғызу технологиясының кешенді техникаларын Оңтүстік Кореядан сатып алуды үкіметтік инвестициялар жоспарына енгізуді атаған. Ал екіншісі суармалы егіс саласында инженерлік жүйеге келтірілген жерлердің тозуы, тұздануы байқалған. Соған орай инженерлік жүйедегі жерлерді қайта қалпына келтіру арқылы ауылшаруашылық өндірісінің қайтарымын жеделдету мақсатында 87 мың гектарға Қызылорда облысының ирригациялық және дренаж жүйелерімен су шаруашылығын жетілдіру туралы жапондық жобаның Үкіметтің бағдарламасына енгізілуін Сыр еңбеккерлері атынан сұраған. Аудан әкімі осы мәселелер шешімін тапса, егін егуде айтарлықтай жетістік болатынын жеткізген.
2003 жылы аудан диқандары қатарынан төртінші жыл үздіктер қатарынан көрінді. Бұл жылы сырдариялық еңбеккерлер 29487,9 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Оның ішінде 18156 гектарға негізгі дақыл күріш егілсе, 1790 гектар жерге бидай егілген. Одан бөлек, облыс әкімінің ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру саясатына байланысты суды аз қажет ететін дақылдардан 54 гектар жүгері, 15 гектар тары, 46 гектар күнбағыс, 35 гектар мақсары, 5319,9 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, 1937 гектарға жаңа жоңышқа егіліп, толық жиналған. Соның нәтижесінда аудан бойынша 52 мың тонна мал азығы әзірленіп, 440 тонна бидай, 40 тонна жоңышқа тұқымы дайындалған.
«Ауылды қолдау жылында» ауданның мәдени-рухани өркендеуі де өз деңгейінен түспеген. 2003 жылы ауданға қарасты Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектептің құрылғанына 80 жыл толған. Осыған орай білім ошағына жыл бойына іс-шара өткізіліп, 80 жылдық мерейтой кең көлемде аталып өтілген. Одан бөлек, сол жылы Үкіметке ұсынылған құжаттар қолдау тауып, бірқатар білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беріліп, қайта аталған. Атап айтар болсақ, Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектепке Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Түймебай Айтбаевтың есімі берілген. Сонымен бірге аудан орталығындағы «Арман» кинотеатры белгілі кинорежиссер Сұлтан-Ахмет Қожықов атындағы кинотеатр болып қайта аталған.
Осы жылы рухани құндылық саналатын діни қайраткер Қалжан ахун Бөлекбайұлына арналған «Қалжан ахун» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, оқырманға жол тартқан.
Жалпы, ХХІ ғасырдың бас кезеңінде ауданның әл-ауқаты жақсара түсіп, Елбасының, Үкімет мүшелерінің ауданға жұмыс сапарымен келуі сырдариялықтарды серпілткені анық. Соның нәтижесінде аудан дамудың даңғыл жолын жалғай түскен.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ