Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сандықта сарғайған суреттер

Сандықта сарғайған суреттер

Бала кезімізде жазғы демалыс басталса ата мен әженің үйінен шық­пайтынбыз. Түзде атаның артында жүріп, тірлігіне қолғабыс етсек, үйде әженің тығып қой­ған тәттілерін торуылдаймыз. Немере­лерінің келетін уақытында әжеміз де арнайылап тәттілерді жинап қояды. Өз қо­лынан бір салсақ, көзін тайдыра бере тағы да «ұрлыққа» түсеміз. Сөйтіп, ата мен әженің үйіне барып, тәттіге тоятынбыз.

Көбіне әжеміздің жиған-тергені төргі бөл­медегі сандықта сақтаулы. Сарғыш қаңыл­тырға өрнектеліп салынған оюы бар көк сандықты қара құлып торуылдайды. Қасына қанша жақындап, ішіндегіге көңіл ауғанмен, еріксіз кейін қайтасың. Сол бір көк сандық көп ашы­ла бермейді. Тек ағайын-туыс, не­мере-шөберелер жи­налғанда әжеміз қал­тасындағы томпайған орамалды алып, түйінін шешіп, ішіндегі кілтпен құлыпты аша бастайды. Сол шақта табалдырық жақта көздің қиығын салып тұрған біздер төрдегі әжеміздің етегіне жармаса кетеміз. Ата мен әкелеріміз шаруаның жайын айтса, аналарымыз сандықтағы көз тартар маталарды аңдумен болады. Ал біздер еншімізді алғанша шуласып, қолға тиісімен сыртқа қарай ышқына шығамыз...

Сол кезде аңғаратыным, сандықты ашқанда ұзыннан көпәйке, жинау­лы мақталы шалбар, ақ орамалға түйіл­ген түрлі маталар бірінен кейін бірі шы­ғарылады. Ішінде керектінің бәрі бар. Сол киім-кешекті шығарғанда оның иісі де бөлек қой, шіркін. Ал осы сандықтың ең астында 4-5 альбом жатады. Арагідік жиналып, сандық ашылғанда туған-туыстың көретіні де осы альбомдар. Сар­ғайған суреттерден топтастырылған альбомдарды кезектестіріп қарап, аға­йындар сол бір балғын жастық шақ­та­рына оралып, сағыныштарын басады. Кейбір суреттерге еріксіз күліп те алады.

Қыз жасауы сандықпен келсе, анамызбен бірге жеткен көк сандық біздің үйде де тұр. Оның ішінде де кем дегенде 4-5 альбом бар. Кейде сол сандық ашыла қалғанда әрбір беті қалың альбомдарды ақтара бастайсың. Мұндай альбомдар әрбір үйде бар деп ойлаймын. Өйткені, әке мен анамыздың жастық шақтарында фотоаппараттар сирек болған. Ол кезде суретке түсудің өзі ерекше дайындықты талап еткен.

Хош, сонымен сандықтағы альбом­дарды шығарып, кезектілікпен қарап шығасың. Алдымен, сырты ерекше өрнектелген, ұшақтың суреті бар аль­бомға көз түседі. Ол әкенің әскер­дегі өмірінен сыр шертетін суреттер. Алғашқы бетінде фурашка, әскери китель, жалтыраған саптама етік киген әкенің суреті тұрады. Оған қарап «менің әкем» деп жігерленесің. Одан кейінгі беттерінде әскери достарымен түскен, ұрыс тәсілдерін үйрену кезеңдеріндегі естелік суреттерін қызыға қарайсың. Осы альбомды қаншама рет көріп шық­саң да, әрбір қайта қарағанда құдды бір енді көріп жатқандай әсер болады. Мұның өзі сол бір сарғайған суреттердің құнды екенін аңғартады.

Одан кейін анамыздың студенттік шақтағы фотоальбомын қарайсың. Оның да өзіндік ерекшелігі көп. Оқу орнын фонға алып, топтасып суретке түсу, мерекелік іс-шараларда студенттердің белсенділік танытуы, сапарлар, соның бәрі тарих, естелік болып сақталған. Мұның ішіндегі анамыз оқыған топтың суретіне айрықша назар саласың. Жо­ғарғы жағында ұстаздар, одан кейін барлық топтың жекелеген суреттері кіш­кене шеңбердің ішіне қойылып, астына аты-жөндері жазылған. Ақ қара түсті осындай суреттер қарап отырған барлық альбомның ішінен кезіктіресің.

Одан кейінгі кезек отбасылық аль­бомға келеді. Мұндағы көмескі суреттер балалық балғын шақтан сыр шертеді. Өйткені, онда кішкентай кез­дегі өзіңді көресің. Суреттерді қарап отырып, еріксіз езу тартасың. «Есейген шақтағы қазіргі түр мен балдырған шақтағы жүзіңді салыстырып, «мені қараң­дар, мені қараңдар» деген таңқа­лыс та болады. Осы альбомда мереке күні Орталық алаңға шыққан әке мен ананың және өзіміздің суретіміз бар. Соны қайта-қайта қарай бересің. Шашы бұйраланған, мұртты әкеміз ұзын плащь киіп, үйдің кенжесін көтеріп тұрады. Жанында анамыз, оның қасында қолына шар ұстаған ағам тұрған отбасылық сурет. Сол суретті альбом қарамай, кейде еске түссе бірден көз алдыңа келеді. Бұл да сол суреттердің құдыреттілігі болар.

Қазір ақпараттық қоғам көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Соның жетістігі болар, бүгінде адамзат баласының әрбір сәті суретке айналуда. Қолымызда қалтафон, кез келген сәтте жарқ-жұрт еткізіп суретке түсе береміз. Ұнамаса, бұрынғыдай емес, өшіріп тас­тап, қайта түсесің. Соның салдары да болар сандықтағы суреттегілердей емес, кеше түскен фотоны бүгін елес­тете алмайсың. Себебі, ол суреттер альбомда сақталмайды. Тіпті, техника болған соң қалтафон бұзылып немесе жоғалып қалады. Сондай сәтте оның галереясында суреттердің жоғалғанына қынжылғанымен қандай суреттердің бар екенін топшылай да алмайсың. Сондықтан көмескі тартып, сандық түбінде сарғайып жатса да альбомдағы суреттерден құндысы жоқ. Оларды әр ақтарған сайын балалық шақпен сырласасың, «тілдесесің».

Түптеп келгенде, күнделікті тір­шіліктен шаршаған сәтте суреттер жанды жадыратады, жақсы демалыс болады. Сандық түбіндегі альбомдарды жиі қарап тұрыңыздар.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
08 маусым 2021 ж. 622 0