Жұрт осы Темірбек Табынбаевты біле ме екен?
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңына орай ұзақ жылдар еңбектеніп, соғыстың алғашқы жылдары КСРО Қорғаныс Комитетінің дерективасымен Қазақстанның батыс облыстарынан жасақталған қазақтың 101-інші ұлттық дербес атқыштар бригадасының құрылу тарихы мен жауынгерлердің, командирлердің саяси жетекшілердің ерліктері жайлы «Ржев қазанында қайнағандар» кітабын жазған болатынмын. Ақтөбеде жасақталған 101-ші бригаданы ұйымдастырушылардың бірі болған әскери маман бригада тарихында «Бронды комбат» аталған ержүрек батыр Хаким Бекішевтің және батальонның саяси жетекшісі, қанды көйлек қаруласы Темірбек Табынбаевтың ерліктері жайлы осы кітабымнан үзінді беруді жөн көрдім.
Батыр «Бронды комбат» Хаким Бекішев өзінің майдан жолын былайша бастайды... Ұлы Отан соғысының сондай бір ауыр күндерінде 1941 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында 101-ші дербес ұлттық атқыштар бригадасы жасақталды. Бұл кезде Қазақстанда жасақталған көптеген әскери құрамалардың бірі болатын. Менде сол бригадаға жолдама алып Ақтөбеге келдім. Бұл бригада құрамының басым көпшілігі Қызылорда, Гурьев, Орал, Ақтөбе облыстарының қазақтары еді. Мен Ақтөбеге келген бойда бригада штабында жаңа құраманың командирі, полковник Севостиан Яковлевич Яковенконың қарауына келгенім жайында баяндама жасадым. Бригада комиссары Нұри Әлиев те сонда екен. Полковник маған ойлана қарап өтті. Мен онда капитан болатынмын.
– Әскери қызметте неше жыл істедің? – деп сұрақ қойды.
– Алты жыл.
– Жасыңыз нешеде?
– Отыздамын.
– Бірінші атқыштар батальонына командир боласың. Батальонды тездетіп қабылдап алыңыз! Майданға аттанбас бұрын біз әскери дайындық ретінде оқу-жаттығу жүргіздік. «Дайындықта тер көп төгілсе, ұрыста қан аз төгіледі» деген аталы сөзді есте ұстадық.
Біздің дайындығымызды тексеру үшін Ақтөбеге Кеңес Одағының Маршалы К.Е.Ворошилов келді. Ол кісі менің бірінші батальоным әскери машықтанудан өтіп жатқан жерге келді. Мен әскери тәртіп бойынша, әскерилер нендей сабақ өтіп жатқаны жөнінде баяндадым. Маршал маған бірнеше сұрақ қойды.
– Қай ұлттансыз?
– Қазақпын.
– Семьяң қайда?
– Петропавлда.
Ол тағыда бірнеше сұрақтар қойып, ішкі өмірмен танысты. Батальон жауынгерлерінің дайындық сабағына көз жіберді. Су бөгетінен қалай өту сабағы еді. Тілеуді бергенде, қару-жарақ асынған жауынгерлер өзеннің бөренесінің үстінен тез және құламай өткені ғой! Маршалдан батальон «Алғыс алды». Ол кездері батальон комиссары Темірбек Табынбаев болатын. Әскери киімі жақсы жарасқан, денесі сом үлкен қара көздері жайнап тұратын қара торы жігіт еді. Аса шешен, тілі аса өткір алмастай еді. Біздің бригадаға облыс басшылары, халық ақыны Нұрпейіс Байғанин келген. Нұрпейіс ақын жиын кезінде «Ворошилов» батырға деген өлеңін жырлады. Табынбаев бұл өлеңдердің мазмұнын маршалға орыс тілінде ауызбен-ауызға көркем образда аударып берді. Маршал Табынбаевқа көз қырын салды да маған қарай дауыстап:
– Комиссарыңыз ажарлы, сергек жігіт екен, аман болса мұндай жаннан нағыз ер шығады! – деген еді. Маршалдың сыншы көзі қателеспегенін айтамын-ау! Табынбаев кейіннен жауға қарсы жүргізілген кескілескен шайқастарда асқан ерлік көрсетті. Біздің құрама алғаш рет Калинин майданында (кейіннен Прибалтика майданы) атанған жексұрын жаумен айқасты. Алғашқы шабуылдағы ұрыстарда қазақтың 101-ші бригада жауынгерлері өзгеде құрамалармен тізе қоса қимылдап, «Молодой Туд, Кувшиново, Букорево, Зайцево, Урдум, Мишуково» елді қыстақтарын жау шеңгелінен азат етті. Қазақстанда Алматыда – жасақталған 100-ші ұлттық атқыштар бригадасы да сол бір айқастарда бізбен қатарлас қимылдады ол бригада «Молодой Тудтан басқа Плеханово, Васильево» деревняларын азат еткенін біз қуанышпен естідік. Әсіресе стратегиялық маңызы бар Мишукова елді қонысы үшін болған айқас бірінші батальонға ауыр тиді.
Арамыздан шығын бере отырып, біз алға бастық. Бірнеше рет жаудың танкілі шабуылдарын тойтардық. Граната мен найзаға кезек тиіп, бірнеше қойын-қолтық ұрысқа да кірдік. Сондай кезде Темірбек Табынбаев ақыл қосты:
– Түнгі ұрысқа шығайық, – деді ол. Немістер түнгі ұрысқа жоқ! Сол түні біздің Ақшолақов, Бердіқожин, Тышқанбаев деген жауынгерлер станокты пулеметті сүйреп жаудың бір бүйірінен тиісті. Олар тіпті жақын келіп, «Кесіп түспе оқпен» жауды баудай түсірумен болды. Автоматшылар тобын қосып алып бірінші танкке өзі отырып, Темірбек Табынбаев жау бекінісінің желкесіне өтіп кетіп, оларға күтпеген жерден шабуыл жасады. Ақыры асқан ерлік жасай отырып стратегиялық маңызы бар, күре жолдың үстіндегі жаудың мықты бекінісі орналасқан Мишукова қыстағын қанды шайқаспен жан беріп, жан алысқан айқаспен азат етіп, шегінген жауды өкшелей түстік. Осы айқаста біздің бригаданың талай-талай арыстай азаматтары құрбан болды. Солардың арасында ерекше ерлік көрсетіп, арнайы жасақталған топтың командирі Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының тумасы, есіл ер Темірбек Табынбаев қаза тапты. Оның өлімін бүкіл бригада жауынгерлері қайғырып, азат тұтты. Жауға деген өшпенділік пен кекті арттыра түсті. Осы бір Мишукова қыстағын азат ету үшін болған қанды шайқасында Темірбек Табынбаев жасақтаған арнайы топта бірге шайқасқан Темірбектің қанды көйлек қаруласы, Ақтөбелік 101-ші атқыштар бригадасы жауынгері, бірінші батальонның комсомол ұйымының хатшысы Қалыш Асқаров 1965 жылғы 10 сәуір №64 санындағы «Лениншіл жас» газетінде 2-ші батальонның командирі жаужүрек батыр жауынгер Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының «Қызыл дихан» ауылының тумасы Темірбек Табынбаев туралы «Танк пен адам» мақаласын жазған. Автор сол бір еліміздің азаттығы мен бостандығы үшін болған қанды соғысты былайша баяндайды: Халқымыздың басына екі талай күн туған шақта қара жамылып, мұз жастана жүріп соғысқан сәттер, адам көңілінде тасқа басқандай болып сақталып қалады екен, – деп соғыс ардагері сөзін жалғастырған.
Ол күннің шежірелері бүгінгі күнге дейін көз алдымда. Майдан соғыс! Бұл түсініктің қияметі, түпкі мақсатымыз басқыншы жауды жеңу деп Отан-Анаға берген антымызға адал болып, жан беріп жан алысқан шайқастарға қатыстым. Біздің жігіттер ажал оғымен арпалысып ерлік көрсетті. Күні бүгінге дейін Темірбек Табынбаевтың жарқын тұлғасы көз алдымнан кетпейді. Ол Ұлы Отан соғысына дейін Қазақ радиосында диктор, кейін радио комитет төрағасының орынбасары болып жүргенде майданға аттанған. Біз оны әзіл-шыны аралас «Багратион» деп атайтынбыз. Шынында да оның тұлғасында, бейне-бітімінде Багратионға ептеп ұқсайтын қасиеттері де бар еді. Ол ақжарқын, бауырмал, бейпіл сөздерді білмейтін турашыл жігіт еді. Біз сонысын қатты қадір тұтатын едік. Темірбектің бір қасиеті, ол қысылған кездерде әбіржіп торығуды білген емес. Мен оны соңғы рет арнайы топ жасақталған кезде Мишукова қыстағы үшін болған ұрыста шабуылға шығар алдында көрдім. Ол өзін әдеттегідей сабырлы күйде ұстады. 1942 жылдың қыс айы болатын. Немістер соңғы 3 күннен бері осы Мишукова қыстағына ірге теуіп бекініп алған. Қыстақтың алдында алқымы кең үлкен сай бар. Біз сол сайдың құлама бауырындамыз. Сәл бас көтерсек болды жау жағы пулеметпен оқ боратып орай берді, бел алдырар емес. Немістерді тура шабуылмен ала алмай күшіміз азайды. Енді не істеу керек? Осы бір сауалдың жауабы бәрімізді қатты толғандырды. Темірбек:
– Жолдас командир, рұқсат етіңіз! Асылы немістердің ту сыртынан тап бермей болмас. Сонда олардың күші екіге бөлінеді. Рұқсат етіңіз, жауынгерлерді мен бастап барайын, – деді ол. Оның бұл ұсынысына бригада командирі қарсы болған жоқ, бірақ айтқаны: «Барынша сақ болыңдар алдарың мидай жазық қой».
Мұндайда батылдық емес ептілік ұтады. Сол күні түнде көз байлана Темірбек өзінің атқыштар батальонын бастап немістердің ту сыртынан тиісті. Түн-түнге тіресіп аспан асты айқыш-ұйқыш болды да қалды. Ажал оғы қара барқыт түнді тілгілеп жүр. Міне енді біздің де бас көтеруімізге мүмкіндік туды. Жау бекінісіне лап қойдық. Ұрыс қыза-қыза найзаның ұшымен, мылтықтың дүміне көшті. Таң сәріде жау қолынан қыстақты азат еттік. Күн көтеріле Темірбекті майдан даласынан таптық. Ол ең соңғы гранатымен жау танкісінің астына түсіпті. Темірбек басқарған 2-ші атқыштар батальоны жаудың 50-шақты солдаттары мен офицерлерін, 8 танкісін жойыпты. Біз Темірбектің қалтасынан оқ тесіп қанға бөккен коммунистік билетін тауып, саяси бөлімге тапсырдық. Я біздің Темірбек осындай жігіт еді. Ол ерлік өліммен қаза тапты. Өзі Отанның бостандығы мен азаттығы үшін алысқан ардагер ағаның абзал тұлғасы жарқын бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда. Оның ерлік жолы кейінгі жастарға үлгі болатынына еш күмән келтіруге болмайды. Оның туған жерінде іздеушілер барма екен деп мақаласын аяқтаған. Бұл тек бір ғана 101-ші ұлттық дербес қазақтың атқыштар бригадасының жауынгерінің ерлігі болғанымен, мұндай ерлікті бүкіл бригаданың қазақ жауынгерлері ата-бабаларының батырлық рухына сыйынып, Отан Анаға берген антына адал болып жасаған ерліктері еді. Шайқастар мен айқастарда қатарлары сиреген бригада құрамы үнемі қазақ жауынгерлерімен толықтырылып отырған. Бригаданың 70-80 пайызы қазақ ұлтының жауынгерлері болған. Мақаланың ержүрек батыры, Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының тумасы қызмет бабында Алматыда болып сол жақтан майданға аттанған. 101-ші бригаданың құрамында батальон командирі болып қол бастаған Темірбек Табынбаев РФ Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан алған деректерде ол Тереңөзек ауданының тумасы. Мишукова деревнясын азат етуде түнгі шайқаста 1942 жылдың 20 желтоқсанында қаза тапқан. Сол елді мекеннің бауырластар зиратында жерленген. Есімі Ржев қаласындағы мемориал тақтасына жазылған. Артында іздеушілер болса, газет арқылы хабарласуға болады.
Рысбай Кәрімов,
Қазақстан Журналистер
одағынын мүшесі