Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛТЫН СӘНДІК ҮШІН, КҮМІС ЕМДІК ҮШІН

АЛТЫН СӘНДІК ҮШІН, КҮМІС ЕМДІК ҮШІН


Табиғаттағы 92 химиялық элементтің 81-і адам ағзасында кездеседі және әртүрлі қызметтер атқарады. Мысалы, ағзаға темір жетіспесе, қаназдық пайда болады. Мыс мөлшері төмендесе, шаш ағарады, ең бастысы, қанға өтетін оттегі азаяды. Сол сияқты йодтың, фосфордың, кальцийдің, натрийдің өз қызметтері бар. Біздің тақырып күміс туралы.
  Адам ағзасындағы күміс бүлінген жасушаларды қалпына келтіретін қасиетке ие. Сондай-ақ, ол ағзадағы токсиндер мен микробтарды жояды. Иммундық жүйедегі күмістің кемуінен адам тұмау мен жұқпалы ауруларға төзімсіз келеді. Күмістің қызыл иекті қабынудан сақтап, асқазан-ішек жолдарын тазалайтыны да керемет емес пе? Мұнан әрі айта беріп медицина қызметкерлерін өкпелетіп қайтем. Өйткені, бұл нәрселерді солардың сөзінен көшіріп отырмын ғой. Сондықтан өз білгенімді айтайын.
  Су сұрасаң, сүт берген жеңгелеріміздің күміс білезік тағып жүретінін талай көрген шығарсыз-ау. Бұл білезікті оларға енелері тағады. Себебі күміс таққан қолда зиянды мәкүріктер болмайды. Күмістің осындай тазалықшы, емдеуші қасиеттерін ата-бабаларымыз ежелден-ақ білген. Баланы шомылдырғанда немесе жаялық жуғанда әжелеріміз келіндеріне «күміс білезігіңді шешпе» дейтінін өзіміз естігенбіз. Қыздардың қолына құстұмсық күміс сақина тағу ұлттық салтымызда бар. Ол тек сәндік үшін емес, оның өмірлік мәні де өзекті. Шешесі ұзатылған қыздың сақинасын жасауының ішіне салып жіберген. Кейін артынан інісі не ағасы барғанда қыз сақинаны қайта беріп жіберетін болған. Өйткені олардың арасында пыш-пыш әңгіме болмайды, қыз төркініне «анандай да мынандай» деген әңгімесін айтпайды. Сақинаны бергені «жаңа жұрттағы» жағдайының жақсы екенінен хабардар қылғаны. «Мен қайынжұртқа сіңістім, қолыма күміс білезік салды, сақинаны енді сіңлілерім тақсын» деген сөз. Ал, сақинаны қайтармаса, анасы «қызым әлі үйренісе алмай қамкөңіл жүр екен-ау» деп уайымдаған немесе құдаларына сый-сияпатпен барып, арадағы қарым-қатынасты нығайтуға тырысқан.
Сондай сыйдың бірі «құдағай жүзік» деп аталады. Күмістен соғылған құдағай жүзік екеу болады, екі саусаққа салынады. «Бұл екі жас жұғысты болсын, екі ел туысты болсын» деген ымыра.
«Күміс салыпты» деп көңілі толмай жүрген бүгінгі құдағайларды да көрдік. Бірақ, олар мұны күмістің бағасын алтынмен, салыстырып айтады, халқымыздың дәстүрі екенін әрине, білмейді.
  Сонымен бірге қазақтағы «ұлың алтын асықтай болсын, қызың күміс қасықтай болсын» дейтін тілек-батаның айтылуы да ұйқас үшін емес. Күміс қасық ағзаға өте пайдалы. Ол ауыз қуысы арқылы адамға күміс иондарын сіңіріп, ағзаны сауықтырып отырған, ауру қоздырғыштарын ығыстырып шығаруға ықпал еткен. Мінезі жағымды, жүзі күмістей жарық, жаманды жасырып, жақсыны асыратын тәрбиелі қыз қай кезде де ата-ананың атына дақ түсірмейді.
Ал, күміс тағудың түпкі сыры қайда жатыр, шамамызша осыған қарай келейік.
  ..Адам ата мен Хауа ана жерге жіберілген соң, тіршілік етудің өте қиын түйткілдеріне кезігеді. Әрине, жерде жұмақ бағы жоқ, тамақ ішу үшін тырбанғаның былай тұрсын, басыңды қорғаудың өзі бір әлек. Алайда, 930 жыл өмір жазылған ұлы атамыз бен ұлы анамыз бәріне шыдап, төселді. Тамақты Адам ата істеді. Әлі күнге дейін үлкен қалалардағы бас аспаздың ер адам болуы, сондай-ақ өз ішімізде де ер адамдардың ас бергенде тамақ істейтіні сол заманнан қалған үрдіс деседі. Өйткені Хауа ана кір жуатын, балаларды дәретінен құрғататын, жаялық ұстайтын. Сондықтан қолым таза емес деп есептейтін. Бірақ, Адам атаға түздің жұмысымен көбірек айналысу керек болды. Сондықтан атамыз ас істеуді анамызға береді. Міне, содан бастап асхана қожайындығы әйелдің қолына өткен. Әйелімен жағаласып, ас үйден шықпайтын қазіргі еркектер ас мәзірінің Адам ата қолынан Һауанаға берілгенін білсін.
  Аспаздық жұмысты алған анамыз алғашында менің қолым таза емес қой дейді. Сол сәтте Алланың әмірімен Жебірейіл періште жерге түсіп, Хауа ананың білегіне алтын, гауһар, күміс білезік салып, «енді қолың тазарды» деп уахи береді. Бір күннен соң алтын тазалыққа күмәнданып, секіріп тасқа тығылады. Гауһар суға сүңгіп кетеді. «Мен адамға қызмет етемін» деп күміс Хауа ананың білегінде қалады. Сол кезде Алла тағала күміске жоғарыдағы медицина тілі айтып отырған көптеген қасиеттерді дарытқан. Аналарымыздың қолына күміс білезік салу сыры осында жатыр.
  Алла адамға қызмет етуден қашқан алтын мен гауһардың пайдалы қасиеттерін алып, жарқыратып сұлулықтарын ғана қалдырған. Оларды адамға сол әдемілігімен қызмет ететін қылып қойған. Тек адам олардың бірін тау-тастан қазып, бірін теңізден сүзіп алатыны болмаса. Күмістің де қорын жерге көмген, бірақ қасиетінен айырмаған.
Сөз басында аталарымыздың күмістің емдік қасиеттерін ерте бастан-ақ білгенін айттық қой. Өйткені олар осы дін қиссасын білген.

Д.АЯШҰЛЫ

01 сәуір 2018 ж. 1 582 0