Бәбіш молла қалашығының сыры тереңде
Соңғы жылдары Қармақшы ауданында ежелгі және ортағасырлық қалалардың орнына археологиялық зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – syrboyi.kz. Қазба жұмыстары кезінде көне қалалардың орнынан табылған жәдігерлер – біздің мәдениетіміздің өте ерте дамығанының тарихи дәлелі. Осы көне қалалардың тұрғындары мен қазақ халқының арасындағы байланысты зерттеуді тереңдете түссек, аймағымыздың ежелгі тарихының әлі де айқындала қоймаған тұстарын ашуға мүмкіндік алар едік.
Бұл қазақ халқының Сыр бойындағы ежелгі қалалар өркениетінің заңды мұрагері ретінде ата-бабаларының ерлікке, бірлікке, елдікке ұмтылған өткен тарихы мен шежіресіне мақтаныш сезіммен қарауға тәрбиелейтіні сөзсіз. Өйткені, жерімізде әлі күнге құпиясы ашылмаған тарих және мәдениет ескерткіштері аз емес. Қазақстан Республикасының материалдық және рухани мәдениетінің тарихында сәулет ескерткіштері мен қала құрылыстары айрықша орын алады. Көне қалалардың орындары, керуен сарайлары, діни орындар мен мешіттер, мавзолейлер, қорымды-мінәжат кешендері – кең-байтақ қазақ даласын мекен еткен байырғы бабаларымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің нақты айғақтары. Мұндай мұралар Қармақшы ауданының аумағында көптеп саналады.
Бәбіш молла қалашығы – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 47 шақырым жерде орналасқан, бірнеше қоныстардан тұратын кешен. Оған Жаңадария сағаларының арасында ендік бағытта 40 шақырым және меридиандық бағытта 15-20 шақырымға дейін созылып жатқан үлкен қоныс ортасында орналасқан Бәбіш молла-1 қалашығы және Бәбіш молла-2 (ғибадатхана) жатады. Алғаш рет 1950 жылы С.Толстовтың жетекшілігімен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген.
Қоныстарды сумен қамтамасыз ететін негізгі магистральді арна Бәбіш молладан оңтүстікке қарай 6 шақырым жерден бастау алады. Осы арна бойынша 3 қоныс орналасқан, бірі – бекініс жанында, екіншісі – солтүстікке қарай 1 шақырым, үшіншісі – оңтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде.
Жаңадария өзенінің оң жағалауындағы төбеде, Шірік Рабаттан жоғары, көне дәуірге жататын білікпен қоршалған тікбұрышты жайлар және құм қорғанның қалдықтары табылды. Солтүстігінде төртбұрышты қамал орналасқан, ауданы 100х100 метр, бұрыштарында және шығыс қабырғасының ортасында кішкентай жұмырланған мұнаралары бар пахсадан жасалған қабырғамен қоршалған. Қамалдың нысанына төртбұрышты ғимарат қосылған. Қамал мен осы ғимараттың қабырғаларында хорезмдік типті, желпуіш тәрізді үш қабатты атыс ойыстары бар. Оның сыртқы қабырғасының оңтүстік-шығыс жағына тағы бір қираған ірі құрылыстың мықты қабырғасы жалғасып жатыр. Ауданы 30х30 метр, қабырғалары 4-5 метр биіктікте сақталған. Қамал мен құрылыстың оңтүстігінде мықты қабырғамен қоршалған қала аумағы іргелес. Оның қалыңдығы кейбір жерлерде 5,3 метрге дейін жетеді, 39/40х39/40х11 және 43/44х35х9 сантиметр күйдірілмеген кірпіштен қаланған мұнараның қабырғалары пахсалы жертөле қабатына орналастырылған. Қала ішіндегі қоныстар оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан.
Бәбіш молла-1 қалашығының ішінде, негізінде оңтүстік-батыс бөлігінде құрылыс орны көптеп кездеседі. Бөлмелері пахсалық блоктардан қаланған – сыртқы (4 метрге дейін) және ішкі (1,5 метрге дейін) қабырғалары қалыңдығымен ерекшеленеді. Қазылған бөлмелердің ортасында кішкене тікбұрышты ошақ қатарлары кездеседі. Кешенде қола сынықтары, мал сүйектері, сондай-ақ ескерткіштің орташа қабаттарына тән жерлерге көмілген хумдар кездеседі. Қазба жұмыстар барысында қамал бірнеше құрылыс кезеңін өткергені анықталды, хронологиялық шегі б.з.д. IV-II ғасырларға жатады.
Барлық орындарда тұрғынжайлар болған. Оларда тұрмыстық шұңқырлар, диірмен тастарын орнату үшін жасалған қатарлар, мәдени қабаттарда жануар сүйектері және тұрмыстық қыштардың қалдықтары кездеседі. Бұл қабаттарда табылған қыш ыдыстардың пішіні ерте парфяндық кешендерге сәйкес, ернеуі ішке қарай тартыла келген және шеттері тегіс. Қалған қыш ыдыстар (ернеулері дөңгелекше келген хумдар мен құтылар, т.б) жоғары мәдени қабаттарда кездеседі. Кейбір бөлмелер қойма болған, олардан көптеген хумдар табылған.
Қалашыққа тікелей жақын жерде Бәбіш молла-2 жерлеу ғимараты орналасқан. Бұл – төртбұрышты ғимарат. Аумағы 21х21, 6 қатар пахсалы блоктардан құрылған жертөле іргетасымен (30х30м) жазықтық бетінен 7 метр биікте орналасқан. Бөлмелер күмбездермен жабылған және бір-бірімен жалғасқан. Крест тәрізді айқасатын және қораға шығатын аркалы есіктері бар жерлеу бөлмелерінен құралады. Жерлеу бөлмелерінің ауданы 4,4х5 метрден 5,3х6 метрге дейін. Ішінде арнайы жерлеуге арналған тақтайларда адам сүйектері табылған. Кейбір бұйымдар жерленгендердің жоғары әлеуметтік ахуалын дәлелдейді. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған материалдар кешеннің ең көне ескерткіштерінің б.з.д. IV-II ғасырларға жататынын анықтауға мүмкіндік берді.
Бәбіш молла-2 құрылысы Бәбіш молла-1 қалашығымен тығыз байланысты болғандықтан үлкен қызығушылық тудырады. Екі ескерткіштің ерекшеліктерін олардан табылған қыш ыдыстардан байқаймыз. Бәбіш молла-2 нысанының қолмен жапсырылған және қолөнерлік қыштары хорезмдік жұпыны пішінімен айрықша. Жапсырмалы қыш ыдыстар арасында құтылар, тегештер, хумдар мен хумчалар бар. Бәбіш молладан табылған ыдыстардың барлық түрлері қаңлылар кезеңіндегі Хорезмде көптеп кездеседі. Өрнектелген құмыралардың аздаған бөлігі сазды келген, ұзын және тік ұңғымамен өрнектелген және саусақпен басып өрнектелген ірі құмыралар табылған. Бұл әдісті төменгі Сырдарияның жетіасарлық қышшылары пайдаланған.
Өткен жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері, археолог Ж.Өтебаевтың жетекшілігімен Бәбіш молла қалашығында өткізілген археологиялық қазба жұмыстарына Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қатысып, қазба барысында анықталған тың деректерді зерделеп ғылыми тұжырымдар жасады. Сондай-ақ, тарихи деректердің дәлелі ретінде табылған археологиялық заттарды көпшілікке кеңінен насихаттау үшін аудандық музей қорына өткізді.
Шаруашылық мақсатта, астық немесе сұйық заттарды тасымалдау, сақтау барысында пайдаланылған үлкен көлемді құмдар шарық көмегімен дайындалып, сапалы күйдіріліп жасалған. Түсі қызыл, қанық қызыл түсті ангоб іздері жақсы сақталған. Қысқа мойынды ернеуі жалпақтанып, сыртқа қайырылған қимасы дөңгелек пішінді. Сыртқы беті бұдырланып келген. Ернеу диаметрлері 36 сантиметр, қабырға қалыңдығы 1,5-2 сантиметр аралығында ауытқиды. Бүйірі кең, иығы түсіңкі құмның сыртқа қайырылған ернеуінің диаметрі 54 сантиметр. Кең бүйірінен аузына қарай тарыла түскен құмның ернеу жиегі қатты затпен тігінен басу арқылы кертіктеліп безендірілген белдемшесі бар, ұқыпты әрі сапалы жасалған.
Үлкен көлемді құмыралар мен басқа да тұрмыстық заттардың жасалу технологиясы мен сапасы біздің заманымызға дейінгі кезеңдерде Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында өркениеттің гүлденгенін көрсетеді.
Жоғарыда айтылған экспонаттар коллекциясы қазіргі таңда музей залдарына қойылып, келушілердің назарына ұсынылып, қызығушылық тудырып отыр.
Т.ЛЕДЕНЁВ,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.