АУЫЛ СПОРТЫ ӨРКЕНДЕУДЕ

Ауылдық спорт мектебінің басшысы Жандос Сәлкеев: – “Спорт дегеніміз жай ғана ойын немесе бір күндік шара деп түсінбеуіміз керек. Спорт – денсаулық, ал дені сау адам кез-келген жұмысқа да құлшыныспен кірісетіні анық. Дені сау ұрпақтың болашағы зор. Ауыл тұрғындарын, соның ішінде жастарды спортқа тарту арқылы, көптеген мәселелерді шешуге болады. Мәселен, жұмыссыздық. Шараларға араласып, ортаға бейімделген адам - ол дайын жұмыс күші болып есептеледі. Спорттық-мәдени шаралардың басы-қасында жүрген адамның ұйымдастырушылығы, жұмыс қабілеті артады. Сондықтан, бұқаралық-спорттық шараларға жастарды көптеп тартып, олардың белсенділігін арттыруымыз керек”, – дейді.
Иә, расында да бұқаралық спортты дамытуда ауданда көш бастап тұрған ауылдардың бірі осы елді мекен. Ауыл басшысынан бастап, қарапайым жұмысшыға дейін доп теуіп дене шынықтырғаны ерсі көрінбесі анық. Керісінше көпке үлгі. Салауатты өмір салтын ұстанатын жан ретінде баршаға үлгі болып келеді. Аптаның төрт күнінде бұқара арасында жаттығулар болады. Мұнымен қоса, жаттығу залында көп балалы аналар, мүгедек жандар және ауыл жастары келіп дене шынықтырады.
–Былтырғы жылмен салыстырғанда ауылда спортпен жүйелі түрде айналысушылар саны екі есеге артып отыр, – дейді мекеме басшысы. Жақында ғана мәжіліс депутаттар келіп, жастармен кездесіп, мектептің тыныс тіршілігімен танысқан болатын. Оң бағасын беріпте үлгерді. Болашақ спортшылармен жүздескен депутаттар алдағы түрлі жарыстар мен додаларда жеңіс пен сәттілік тіледі.
Майя ҚОЖАБАЙ