Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батысқазақстандық каратэші әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Батысқазақстандық каратэші әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Болгарияның Варна қаласында 12-17 жастағылар арасында киокушинкай каратэ KWU-дан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ұлттық республикалық киокушинкай-кан федерациясы БҚО филиалының директоры Солонго Исханның айтуынша, дүниежүзілік додаға әлемнің ең күшті деген 751 каратэшісі қатысты. 

«KWU - киокушинкай каратэнің біріккен әлемдік қауымдастығы. Әлем біріншілігінде бәсекелестік жоғары болды. Міне, сондай айтулы додада батысқазақстандық шәкіртіміз Нұргүл Сапарова күміс жүлдеге қол жеткізді. Нұргүл үш кездесуінде жеңіске жетіп, тек соңғы бәсекеде төрешілер шешімімен 2016 жылғы әлем чемпионына жол берді. Бұл - үлкен жеңіс», - деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Исхан. 

Айта кетейік, әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медальмен үшінші орынға көтерілді. Мағжан Әбдухалық чемпион атанса, Нұргүлден басқа Рахат Жанғабылов пен Кәмила Кемелбекова күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Айбек Шаукилов, Алдияр Досымов, Жанель Едлипова, Медет Әжібек, Бекарыс Сұрағанбек, Нұрасыл Мықтыбек қола медальді еншіледі. 

Автор: Елжан Ералы
09 желтоқсан 2018 ж. 954 0