Тарих жазылған күн
Осы жылдың басты оқиғасының бірі ретінде – Ақ Олимпиада жалауының көтерілуін атап өтсек болады. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсеке 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан-Кортина қалаларында өтуде. Қазақстан құрамасы сапында ел намысын 10 спорт түрі бойынша 36 спортшы қорғауда. «Сан-Сиро» стадионында өткен Олимпиаданың ашылу салтанатында Мемлекеттік туды Ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмренова ұстап шықты.Намыс қайралып, байрақты бәсеке қыза түскен шақта жүлдегер қатарына төрт құрлықтың спортшылары ене бастады. Бұл ретте бірнеше күн бойы Ұлттық құраманың қоржыны бос болып, жанкүйерлер қуанатын сәтті ұзақ күтті. Ақыры ел халқының сенімі ақталып, 14 ақпан күні бір сәтте тарих жазылды. Қазақстандық атлет Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша бесінші орында тұрған отандасымыз еркін бағдарламада қарсыластарына дес бермеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады. Ел Президенті отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль иеленуді тарихи маңызы зор жетістік ретінде атап өтіп, Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, соңғы 32 жылда Қазақстан құрамасы ақ Олимпиададан алтын медаль еншілеген емес. Осыдан 12 жыл бұрын дәл осы күні еліміздің даңқты спортшысы Денис Тен қола медаль иеленген болатын. Расында, Михаил Шайдоровтың орасан зор жетістігі – ел спортының тарихына алтын әріппен жазылатын тарихи сәт. Отандасымыз қос бағдарлама қорытындысы бойынша 291.58 ұпай жинады. Италияда атлетке ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин бастаған жанкүйерлер қолдау көрсетті.
Бүгінде Олимпиада ойындары қыза түсуде. Қар жаумайтын, бұрын қысқы спорт түрлеріне қызығушылық танытпайтын елдердің спортшылары да жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар екенін көрсетуде. Ал Ұлттық құрама спортшылары артылған сенім үдесінен толық шыға алмай отыр. Еліміздің БАҚ өкілдері Ақ Олимпиада ойындарынан жедел ақпарат таратуда.
Осы аптаның жексенбісінде аяқталатын дүбірлі додада әлемнің 90-нан аса елінен келген 2900-ге жуық спортшы 8 спорт түрінен 116 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Б.ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз









