Қазақстан жалпыкомандалық есепте 19-орында: Спорт министрлігі 2026 жылғы Олимпиаданы қорытындылады
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындары мәресіне жетті. Қысқы Олимпия ойындарындағы Қазақстан ұлттық құрмасының нәтижесі қандай? Спорт және туризм министрлігі төрт жылдықтың басты додасын қорытындылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.Ведомствоның мәліметінше, 6-22 ақпан аралығыда өткен байрақты бәскеге әлемнің 94 елінен 2917 спортшы қатысып, 16 дисциплина бойынша 116 жүлде жиынтығын сарапқа салған.
Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Олимпиадаға 10 дисциплина бойынша 36 спортшымен (18 ер, 18 әйел) қатысқан. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл-акробатика, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон және шаңғы қоссайысы спорт түрлерінен сынға түскен. Қазақстандық спортшылар 49 медаль жиынтығы сарапқа салынған бәсекелерде бақ сынаған.
Биылғы Олимпиадада құраманың географиясы кеңейіп, кейінгі төрт олимпиадалық цикл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жеткен. Команда сапына еліміздің 11 өңірінен спортшылар енген: Алматы, Астана және Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстары.
"Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылғы қысқы ойындарға 10 өңірдің, 2018 жылы 9 өңірдің, ал 2014 жылы 10 өңірдің өкілдері қатысқан болатын", - делінген хабаламада.
Отандық спорт үшін биылғы Олимпиаданың ең ірі жетістігі 13 ақпанда тіркелген. Сол күні Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадада 32 жылдан кейін алғаш рет жеңіп алған алтын медалі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел тарихында алғаш рет Олимпиада чемпионы шыққан сәт. Бұған дейін бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен салған қола жүлде ғана бар еді. Ал 2022 жылғы Олимпиадада аталған дисциплинада отандық спортшылар қатысқан жоқ. Ал Шайдоровтың жеңісіне дейін Қазақстан алғаш рет қысқы Олимпиададағы алтын медалін 1994 жылы жеңіп алған болатын. Сол жылы шаңғышы Владимир Смирнов Олимпиада чемпионы атанған еді.
Биылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 94 елдің ішінде 19-орынға тұрақтаған.
"Отандастарымыз қысқы спорт түрлерінде дәстүрлі түрде жүлде алып, үздіктер қатарында жүретін Финляндия мен Бельгия құрамаларын артта қалдырды. Қазақстан құрамасы соңғы рет 1994 жылы үздік жиырмалық қатарына енген еді.
Олимпиада барысында отандық спортшылар бірқатар тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Мәнерлеп сырғанаудан 19 жастағы Софья Самоделкина Олимпиададағы дебютінде 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартып, 10-орын иеленді. Бұл – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададағы ең жоғары нәтиже", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта 6-орын, 5000 метрде 10-орын алып, 1998 жылдан бергі отандық конькишілердің ең үздік көрсеткішін тіркеген. Елизавета Голубева 1500 метрде 7-нәтиже көрсетіп, 3000 метрде үздік ондыққа енген. Сонымен қатар әйелдер құрамасы командалық жарыста Олимпиаданың ең үздік сегіз командасының қатарына қосылған.
Өзге спорт түрлерінде де айтарлықтай ілгерілеу байқалған. Шаңғымен тұғырдан секіруден 19 жастағы Илья Мизерных үлкен трамплинде 8-орын алып, осы спорт түрі бойынша Қазақстанның Олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижесін көрсеткен. Шорт-тректе Денис Никиша 500 метр қашықтықта 7-орынға ие болып, алдыңғы Олимпиададағы нәтижесін жақсартқан. Фристайл-могулда бірден екі қазақстандық спортшы үздік ондыққа енген: Анастасия Городко 8-орын, Павел Колмаков 9-орын алып, 2022 жылғы ойындардағы көрсеткіштерін едәуір жақсартқан. Сондай-ақ конькимен жүгіру сайысында Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта 9-орын, фристайл-акробатикадан (микст) командалық бәсекеде қазақстандық спортшылар 7-орын алған.
"Жалпы алғанда, Қазақстан ұлттық құрамасының XXV қысқы Олимпиададағы өнері жоғары бағаланып, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетті екенін және жоғары деңгейдегі спортшылардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Спортшылар тіркеген нәтижелер қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың тиімділігін, өңірлік спорт инфрақұрылымының нығаюын және ұлттық құрамаларды халықаралық ірі жарыстарға кезең-кезеңімен сапалы даярлау ісінің нәтижелілігін айқындайды", - деп қорытындылады министрлік.
Михаил Шайдоров. Фото: Сали Сабиров / ҚР Ұлттық Олимпидалық комитеті







