Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дастан Сәтпаев «Челсиде» 36-шы нөмірмен өнер көрсетеді

Дастан Сәтпаев «Челсиде» 36-шы нөмірмен өнер көрсетеді

Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Челсидің» маусымалды жолдастық матчтарына арналған ойын нөміріне ие болды. Қазақстандық футболшы Австралия мен Азиядағы тур барысында 36-шы нөмірмен алаңға шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дастан Сәтпаев Лондон клубының маусым алдындағы дайындық кезеңіндегі жолдастық кездесулерде дәл осы нөмірмен өнер көрсетеді.

Айта кетейік, «Челси» тарихында 36-шы нөмір көбіне негізгі командаға енді қосылып жатқан немесе клуб жүйесіне бейімделу кезеңінен өтіп жүрген жас футболшыларға берілген.

Маусымалды тур аясында «Челси» «Вестерн Сидней Уондерерс», «Тоттенхэм», «Ювентус», «Милан» және Малайзияның «Джохор Дарул Тазим» клубтарымен жолдастық кездесулер өткізеді.


Сонымен қатар клуб баспасөз қызметі маусымалды дайындық кезінде ойыншылардың нөмірлері 2026/27 жылғы маусымдағы түпкілікті нөмірлер болмайтынын ескертті.

«Жанкүйерлер маусымалды дайындық кезінде футболшылар киген нөмірлер олардың 2026/27 жылғы маусымдағы тұрақты нөмірлерімен сәйкес келмеуі мүмкін екенін ескергені жөн. Бұл туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады», делінген «Челси» хабарламасында.

Әр жылдары «Челсиде» 36-шы нөмірмен Джо Кинан, Патрик Бэмфорд, Рубен Лофтус-Чик, Кайл Скотт, Лукас Бергстрём, Габриэл Слонина және Дейвид Вашингтон ойнаған. Бұл нөмір көбіне негізгі командаға жақындаған жас ойыншыларға беріліп келген.

Еске салайық, Дастан Сәтпаев кәмелет жасына толғаннан кейін, тамыз айында ресми түрде «Челсидің» ойыншысы атанады.

Фото: @chelseafc
26 шілде 2026 ж. 77 0