Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азиада: Бап пен бақ қатар шапқан бәсеке

Азиада: Бап пен бақ қатар шапқан бәсеке

Қысқы Азия ойындарына Қазақстан құрамасы 29 жыл бұрын алғаш рет қатысқан болатын. Ең алғаш Харбин қаласында жарыс жолына шыққан ұлттық құрама сапында бірталай өзгеріс орын алып, буын алмасу сәтті жүзеге асырылды. Осы күнге дейін ел құрамасы Азиадада 196 медаль еншіледі. Оның ішінде, 78 алтын, 62 күміс, 56 қола жеңіп алған. Биыл ІX қысқы Азия ойындары Қытайдың Харбин мен Ябули қалаларында 7-14 ақпан аралығында өткізілді.

Жақында ғана өз мәресіне жеткен бүкіл әлемдік Универсиададан ке­йін қазақстандық спортшылар аспан асты еліне атбасын бұрды. Мұнда еліміз атынан қысқы спорттың 10 түрінен 137 спортшы бақ сынады. Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шықты. Жалпы сары құрлық бәсекесіне 34 елдің 1200-ден астам атлеті қатысты. Азиаданың ашылу салтанатына ҚХР төрағасы Си Цзинь Пинь және ХОК президенті Томас Бах арнайы келді. Сонымен қатар алыс-жақын шетелден құрметті меймандар шақырылған.

Жарыс ережесіне сәйкес, ең алдымен хоккей және кёрлинг командалық сайы­сынан еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы жарыс жолына шықты. Бап пен бақ қатар келетін сында біздің қыз-жігіттер барын салды. Негізінен, керлингтен аралас жұп бәсекесінде қазақстан­дық­тардың жолы болмады. Дегенмен, әйелдер және ерлер командасы жүлделі орынға ілікпесе де, өз нәтижелерін жақсарта білді.

Өз кезегінде ұлттық құраманың намысын қорғайтын хоккейші қыздарымыз Азиаданың күміс жүлдесін алды. Ал ерлер құрамасы жүлделі бірінші орынды қазақ еліне сыйлады. Ең алғаш жарыс басталған сәттен еліміз үшін медаль сыңғыры естіле бастады. Алғашқы медальді ұлттық құрама қоржынына шорт-тректен 2000 метр­ге аралас эстафетада өнер көрсеткен Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Алина Ажғалиева күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұдан кейін конькимен жүгіруден ерлер арасында 100 метрде бақ сынаған Евгений Кошкин күміспен күптелді. Шаңғы жарысынан ерлер арасындағы спринтте қатысқан ұлттық құрама спортшысы Константин Борцов күміске қол жеткізді. Кезекті жарыс күнінде Азия ойындарында фристайл-акробатикадан отандасымыз Аяна Жолдас қола медаль еншілесе, шорт-тректен әйелдер құрамасы күміс алды. Команда құрамында Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмарқан, Алина Ажғалиева және Мадина Жанбусинова бар. Сонымен қатар осы спорт түрінен ерлер құрамасы тарихи алтынға қол жеткізді. Бұл ретте, Денис Никиша, Әділ Ғалиах­метов, Мерсаид Жақ­сыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Ажғалиев, Глеб Ивченко жеңіс тұғырына көтерілді. Спринтерші (конькимен жүгіру) сайысынан құрамында Кристина Силаева, Дарья Важенина, Надежда Морозова шеберлігін байқатқан қыздарымыз қола медаль иеленді.

Фристайл-акробатикадан аралас сын­да құрамында Аяна Жолдас, Асан Асылхан, Шерзод Хашырбаев екінші орынды місе тұтты. Шаңғы жарысынан 10 шақырым еркін стильде Олжас Климин қоланы қанағат етсе, фристайл акробатикадан синхронды секіруден Ардана Маханова мен Аяна Жолдас осы нәтижені қайталады. Фристайл акробатика бойынша синхронды секіруден ел қоржынына алтын медаль түсті. Қазақстандық Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов алтынмен апталды. Бұл ретте, биатлоннан ерлер арасындағы 10 шақырым спринтте Владислав Киреев алтын иеленсе, Вадим Куралес мәре сызығын екінші кесті. Шаңғышыларымыз командалық жарыста қарсыластарымен шеберлік байқасты. Ерлер құрамасынан Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин, Владислав Ковалев қола жеңсе, әйелдер құрамасынан Ксения Шалыгина, Камила Елгазинова, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина күміспен бағаланды. Биатлоншы қыздарымыз Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова, Елизавета Белецкая 4х6 шақырымдық эстафетада үздік үштіктен көрінді. Бұл ретте, 4х7,5 шақырымдық эстафетада Александр Мухин, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр, Владислав Киреев күміс алды. Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан қола медальға иелік етті.

Қазақстандық спортшыларға әр­бір жарыс сайын ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық Олимпиада комитетінің прези­денті Геннадий Головкин қолдау көрсетті. ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында бірқатар басшылық құраммен келіссөздер жүргізді. Жарыс қожайындары Қытай елінің атынан қандастарымыз өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі
15 ақпан 2025 ж. 115 0