Астанада Тәуелсіздік күніне орай жүзуден республикалық турнир өтіп жатыр
Бүгін елордадағы Barys Arena Pool олимпиадалық бассейнінің базасында Тәуелсіздік күніне орай жүзуден ASTANA OPEN ашық республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан ашық біріншілікте жасөспірімдер сынға түсіп жатыр.
«Биылғы додаға 583 спортшы қатысып жатыр. Олардың 197-сі – қыз, 386-сы – ұлдар. Бәсекеге Астанадан бөлек, Алматы қаласы, Павлодар, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарынан спортшылар келді. Қатысушылар әртүрлі қашықтықтар бойынша жеке және эстафеталық сайыста жүлдеге таласады», деді жүзуден Астана қаласының аға бапкері Анна Гершевич.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер 12-14 желтоқсан күндері аралығында анықталады.
Жарыстың бірінші күні эстафеталық жарыс, 50 метрге баттерфляй, 200 метрге брасс, 100 метрге еркін жүзу және 200 метрге шалқалай жүзу әдісі бойынша өрбиді. Екінші және үшінші күндері спорттық бәсекеде 50 метрге еркін жүзу, шалқалай жүзу, брасс, 100 метрге баттерфляй, шалқалай жүзу және брасс, 200 метрге еркін жүзу, баттерфляй, кешенді жүзу бойынша сынға түседі.
Ашық біріншілікте үздік көрінген спортшылар ұлттық құрамаға кіруге мүмкіндік алатынын айта кету керек.
Фото: elordainfo.kz