Халықаралық турнир өз мәресіне жетті
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, спортшыларға қолдау көрсетуді мақсат ететін Елеу Көшербаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өз мәресіне жетті.
Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ХХV халықаралық турнир қорытындылары жарияланды. Нәтиже бойынша жүлделі І орынды Түркістан облысының құрамасы жеңіп алды. Ал ІІ орын Жетісу облысының намысын қорғаған спортшыларға бұйырды. ІІІ орынмен Шығыс Қазақстан облысынан келген волейболшылар марапатталды. Сондай-ақ «Үздік ойыншы» аталымымен ташкенттік Мавлон Мавлонов, «Үздік шабуылшы» аталымымен ШҚО құрамасының спортшысы Ернұр Ермеков марапатталды. Және Жетісу облысының қатысушысы Смаил Тлеубергенов «Үздік үйлестіруші», Түлкібас ауданынан келген Бехруз Гүламжанов «Үздік либеро» аталымын жеңіп алды. Ал тартысты додаға төрелік еткен жерлесіміз Сәбит Әбдібек «Үздік төреші» аталымымен марапатталды.
Екі күн бойына жалғасқан спорт бәсекесіне Өзбекстаннан, Астана, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 25 команда қатысты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға жан-жақты назар қойылып келеді. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және кәсіпкерлердің демеушілігімен соңғы жылдары аймағымызда заманауи спорт нысандары көптеп бой көтеруде. Өткен жылы 13 спорт кешені салынып, бүгінде 9-ы ел игілігіне табысталды. Биыл 10 спорт кешенінің құрылысы басталды.
Спорт – денсаулық кепілі. Сондай-ақ мемлекеттер арасындағы достықты нығайтушы құрал. Жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан спорттық сайыс биыл да жоғары деңгейде өткізілді. Осы тұста Елеу Көшербаевтың Тереңөзек, Сырдария аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болғанын, сонымен қатар зейнетке шыққан соң да облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде игі істер атқарғанын қалың оқырманның есіне тағы бір мәрте салып өту орынды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ