Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бексұлтан – чемпион

Бексұлтан – чемпион

Жерлесіміз Бексұлтан Бостандықов – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Апта ортасында Астана қаласынан жеткен ақжолтай жаңалыққа аудан ғана емес, облыс түгел қуанып, ұлттық ойынды ұлықтап жүрген спортшыға тілектестік білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елордамыз Астана қаласында жалауын желбіреткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарында спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрі­нуде. Бұл – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. Оған 100-ге жуық мемлекеттен келген спортшылар қатысуда. 2014 жылы бастау алған ойындар 2016, 2018, 2022 жылдары өткізілсе, биылғы кезекті ұлттық ойын­дар бәсекесі дәстүрлі түрде жалғасын тапты. Бұған дейін Қырғызстан, Түркия елдерінде өткізілген дәстүрлі ойындар биыл алғаш рет өз жалауын біздің елде көтерді. Қыркүйек айының 8-13 аралығында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спортты дамытуды, насихаттау­ды мақсат етеді.

Аталған халықаралық жарыстың аясында тоғызқұмалақтан алғашқы ойындар 9 айдың 9-ы күні сағат 09:09-да басталған. Ойыншылар алғашқы жүрісін елордадағы «Думан» қонақүйінде 9 тақтадан 9 ұяшыққа 9 ойыншы салу арқылы бастаған. Ойынның бұлай символикалық таңдауы Көшпенділер ойынының аясында «Тоғызқұмалақ күніне» орайластырылған. Айта кетейік, аталған дата Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен 2020 жылдың 9 қыр­күйегінен бастап атап өтіледі.

Тоғызқұмалақ, мангала, овари ойындары 13 қыркүйекке дейін жалғасқан. Ақыл-ойға, логикаға бағытталған спорт түрлерінен әлемнің 40 елінен 130 қатысушы бақ сынаған. Осынша спортшының ішінде жерлесіміз, Еуропа, Азия ойындарының чемпионы Бексұлтан топ жарып, чемпион атанды. Бексұлтан – сырдариялықтардың ғана мақтанышы емес, ол – облыстың, республиканың құрама командасында ойын өрнегін көрсетіп жүрген мықты спортшы. Жерлестер мақтанышын кезекті ауқымды жеңісімен біз де құттықтап, пікірлестік.

– Ұлттық спорт түрін насихаттайтын жарыс жоғары деңгейде өтті. Атмосфера – тамаша. Ең алдымен, маған артылған үміттерді ақтағаныма шексіз қуаныштымын. Сайыс барысында Сыр елінің сенімін, тілектестігін анық сездім. Алға қойған мақсаттарға асықпай жете бермекпіз. Тақым қысып, жанкүйер болған жерлестеріме алғысым шексіз! – дейді чемпион.

Айта кетейік, ақыл-ойды дамытуға бағытталған зияткерлік ойындарға Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка және Араб елдерінен ойыншылар қатысқан.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 қыркүйек 2024 ж. 267 0