Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сырдария барысы» анықталды

«Сырдария барысы» анықталды

Осыдан 13 жыл бұрын қазақ күресін дамытуға арналған жобаның бірі – «Қазақстан барысы» бастау алған болатын. Сыр өңірінен осы уақыт аралығында жоба аясында бірнеше чемпион шыққаны белгілі. Апта ағымында чемпиондардың болашақ ізбасарлары арасында «Сырдария барысы» өткізілді. Дүбірлі доданы аудандық жастар ресурстық орталығы спорт мекемелерімен бірлесе отырып ұйымдастырды.

«Сырдария барысы» турнирінің ашылу салтанатында аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Бағдат Есенов сөз алып, жарысқа қатысушы палуандарға сәттілік тіледі.

– Сыр спортшылары байрақты бәсекеде, әлемдік аренада қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранын шырқата береді деп сенеміз. Аудан көлемінде қазақ күресімен тұрақты түрде шұғылданып келе жатқан спортшылар бозкілемде бақ сынасуға дайын. Барлық спортшыға сәттілік тілеймін, – деді Бағдат Мырзалыұлы.

Турнирде 2 салмақ дәрежесі бо­йынша 30 жас палуан өзара күш сынасты. Салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өткен бозкілем шеберлері 55 келіге дейін және 55 келіден жоғарғы салмақта белбеу иесін анықтады. Спорт саласының ардагері Мектепхан Елеусінов палуандарға ақ батасын берді. Әрине, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айгүл Ахметова бастаған ұжым спорт мекемелерімен бірлесіп, жарысты жоғарғы деңгейде өткізгеніне көзіміз жетті. Бұл ретте, №11 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Бауыржан Есмағанбетов, аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжанов спортшыларға жылы лебізін білдіріп, жігерлендірді.

Жарыс қорытындысында 55 келіден төмен салмақта ІІІ орынды Мадияр Дастанов, ІІ орынды Бағдәулет Жанәділ еншілесе, І орынды Ғанибек Әбіләкім жеңіп алды. Ал 55 келіден жоғарғы салмақта ІІІ орынды Ернұр Сағатов, ІІ орынды Айтуған Қибаш, І орынды Ақнұр Абдикаримов қанжығасына байлады.

Жеңімпаздарға белбеу мен қаржылай сыйлық табысталды.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
08 маусым 2024 ж. 74 0