Халықаралық турнир қорытындыланды
Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған XXIV халықаралық турнир өз мәресіне жетіп, жоғары деңгейде қорытындыланды. Өзбекстан мемлекетінен және еліміздің облыстарынан 30-ға жуық команда мен 350-ден астам спортшы қатысқан байрақты бәсекенің жабылу салтанатына аудан әкімі Б.Сәрменбаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Аудан басшысы Сырдария ауданының шақыруын қабыл алып, халықаралық турнирге қатысуға келген спортшыларға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
– Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың есімі де, еңбегі де Сыр өңірінің тарихында алтын әріппен жазылады. Қайраткер-тұлға өзінің саналы ғұмырын ел дамуына арнап, көптеген игі істерді атқарды, жақсылықтың ұйытқысы болды. «Ер еңбегімен бағалы» десек, ердің бағасын білетін елі бар да ердің есімі ешқашан ұмытылмайды. Осыдан 24 жыл бұрын бірінші рет ұйымдастырылған турнир алғашында облыстық, кейін республикалық деңгейде өткізілді. Жарыс ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артуына байланысты волейбол турнирі бүгінде халықаралық статус алып, жыл сайын ұйымдастырылуда. Бұл – спортсүйер қауымның, турнирдің ұйымдастырылуы мен өткізілуіне қолдау білдірген Көшербаевтар әулетінің еңбегінің жемісі. Міне, биыл да турнир ауданымызда өз жалауын көтеріп, бірнеше күнге созылып, жақсы қорытындыланып жатыр. Ашылу салтанатынан кейін де уақыт тауып, спортшыларға жанкүйер болып, халықаралық жарыстың өту барысын қадағалап, ақпараттармен танысып отырдым. Аудан халқының және жеке өзімнің атымнан барлық спортшыларға сәттілік тілеймін! Біздің қасиетті Сырдария ауданына тек жақсы жаңалықтардың куәсі болуға, осындай байрақты бәсекелерге қатысып, топ жаруға келіңіздер. Бұйырса, келесі жылы да дәстүрлі турнирде өздеріңізбен жүздесеміз деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Айта кету керек, турнир өте тартысты өтті. Әсіресе, жартылай финалдық ойындар жанкүйерлердің делебесін қоздырып, ерекше әсер сыйлады. Әр ұпайға қол жеткізу сәтіндегі спортшылардың күш-жігері мен жеңіске деген жанқиярлық ұмтылысы бапкерлер еңбегінің еш кетпегенін айғақтады. Тіпті, кей командалар арасындағы ойынның соңғы минутына дейін жеңімпаз анықталмай, спортшылар келесі кезеңге өту үшін барлық әдіс-тәсілдерді шебер қолданып, кәсіби дайындықтың жоғары екенін көрсетті.
Турнирдің жабылу салтанатында мұны төрешілер де жоғары бағалап, биылғы бәсекенің тартысты өткенін айтты. Біз орайын тауып, Өзбекстан елінен келген спортшылармен пікірлесіп, сұхбат ұйымдастырдық. Өзбекстан волейбол федерациясының аға жаттықтырушысы Шерузат Маталиев турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, өзбекстандық спортшылардың келесі жылы да дәстүрлі турнирге қатысуға ынталы екенін мәлімдеді.
– Турнир халықаралық статус алып, біздің де қатысуға келгеніміз – үлкен еңбек. Бұл жергілікті биліктің және спорт саласының, сондай-ақ Көшербаевтар әулетінің қолдауының жемісі. Қазақстандық спортшылар волейболдан қай кезде де озық, үлгілі ойын өрнегін көрсететін үздіктердің көшін бастап келеді. Биыл да жерлестеріңіз жақсы дайындалыпты. Тіпті, облыс орталығынан емес, аудандардан келген командалар да өте жақсы әзірлікпен келген. Біздің Өзбекстанда да волейбол спорты дамып келеді. Осындай турнирлер өз елімізде ұйымдастырылса, қазақ достарымызды шақырамыз. Келесі жылы да турнирге қатысуға келуге ынталымыз. Көп достар таптық, – деді Шерузат Маталиев.
Өз кезегінде Көшербаевтар әулетінің атынан Айтбай Көшербаев сөз сөйлеп, турнирді ұйымдастыруға атсалысқан аудан әкімдігіне, облыстық мәдениет және спорт басқармасына, бапкерлерге, төрешілерге алғысын айтты.
– Мемлекет және қоғам қайраткері атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Сыр өңірінің халқы біздің әкеміздің Тәуелсіз еліміздің баянды болашағы үшін еңбек еткен ардақты азамат екенін жақсы біледі. Ол кісі әркез ел егемендік алса, жақсы жаңалықтар көп болса деп айтып отыратын. Қазір облыстың қай ауданына бара қалсақ та әкеміздің игі істері жөнінде жақсы естелік айтатын ардагерлер табылады. Біз соған шүкір етіп, қуанамыз. Ал, турнирдің Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде ұйымдастырылуы қай жағынан алсақ та орынды. Өйткені әкеміз осында еңбек етті. Өмірінің ең қымбат кезеңдерін ауданды дамытуға арнады. Сол еңбегі еш кеткен жоқ. Біз де өсіп-жетіліп, облысымыздың дамуына қолдан келген үлесімізді қостық. Алдағы уақытта да Сыр өңірінің өсіп-өркендеп, дами беретініне сенеміз. Шын жүрегіммен турнирге қатысқан командаларға алғысымды айтамын. Жеңістеріңіз құтты болсын, – деді Болат Елеуұлы.
Енді турнирдің қорытындысына келер болсақ, І орынды «Талдықорған» командасы жеңіп алды. Ал ІІ орын «Сырдария» командасына бұйырса, ІІІ орынды шымкенттіктер иеленді. Сондай-ақ Ержігіт Айбекұлы «Үздік ойыншы», Игілік Шәріпхан «Үздік шабуылшы», Нұрасыл Мұхтар «Үздік қорғаушы», Әділет Тағабай «Үздік үйлестіруші», Чингиз Абдувалиев «Үздік либеро» және Айбек Сейпулов «Үздік жаттықтырушы» аталымымен марапатталды. Жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар берілді.
Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ