Нағилық спортшылардың жарқын жеңісі
Жарыс жолында қарсыластан бәсі биік болу үшін әрбір спортшы күнделікті жаттығуда өз-өзіне аяушылық танытпасы анық. Жылдамдық пен шапшаңдыққа сүйенетін кез келген спортшы алдына айқын мақсат қояды. Өз кезегінде бұған дейін бірнеше мақаламыздың тақырыбына арқау болып жүрген «Аслан» спорт орталығының шәкірттері жаттығу залындағы табандылықты айтулы жарыстағы қызу бәсекеде көрсете білді.
Көзі қарақты оқырман назарына ең алдымен орталықтың жанынан ашылған «Дзюдо» үйірмесінің шәкірттері қол жеткізген орасан жетістікті жеткізбекшіміз. Расында, республикаға үлгілі ауыл саналатын Нағи Ілиясов ауылының өрендері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні және 4 маусым – Мемлекеттік рәмiздер күні мерекесі аясында өткізілген дзюдодан облыстық ашық біріншілікте 40 жүлде жеңіп алды. Иә, даңқты ауылдың балғындары алтынмен апталып, күміспен күптеліп, қолаға қол созды. Татамиде қарсылас шақ келтірмеген спортшылардың бапкері Аружан Темірғали небәрі 22 жасында облысқа белгілі жұлдыздарды жарыққа шығарып жүр. Қай кезде де, спортшыға жоғары талап қоятын нәзік жанды бапкеріміз осыған дейін бір жарыстан 28 жүлдені иемденсе, осы жолы оның шәкірттері 100 пайыздық көрсеткішпен облыстық жарыстың көркін қыздырды. Татамиде сан түрлі құбылып шығатын спортшылар бапкер қойған межені орындай білді.
– Сіздер сенесіздер ме? Ең алғаш спорт орталығын ашқан кезімізде кәсіби маман таңдауға аса көңіл бөлдік. Нағи Ілиясов ауылындағы 5 үйірмені жандандырып, жоғары нәтиже көрсете алатын мамандар бізге ауадай қажет болды. Өз кезегінде «Қазақ күресі» мен «Дзюдо» үйірмесін жүргізу үшін Аружан Темірғалимен ортақ келісімге келдім. Бірнеше күннен кейін өзі нәзік болғанымен, талабы таудай әріптесіміз жұмысын бастап кетті. Бірнеше мәрте облыстық жарыстардан жүлделі оралған жас бапкердің шәкірттері ауыл мақтанышына айналды. Ең бастысы, Аружанның бойында жұмысқа деген жауапкершілік зор. Жаттығу залынан дәл уақытысында табылатын әріптесіміз спортшылардан соны талап етеді. Нәтижесінде, спортшыларымыз бір жарыстан 40 жүлдені қоржынға салды, – деді «Аслан» спорт орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева.
Шын мәнінде, аталған жарыста спортшылар 13 алтын, 13 күміс, 12 қола медаль еншіледі. Жүлдегерлер қатарына іліккен спортшылар қатарында 2007-2009 жылы туған спортшылар арасынан 32 келі салмақта Диас Нұрланов ІІІ орын, 35 келі салмақта Мырза Сүлеймен ІІ орын, 38 келі салмақта Данияр Алматов І орын, Нұржан Амангелді ІІ орын, 42 келі салмақта Аслан Мирамбекұлы І орын, Қуаныш Махмұтов ІІ орын, 50 келі салмақта Нұрсұлтан Тәуекел І орын, 60 келі салмақта Айтуған Қибаш ІІ орын, +60 келі салмақта Нұрмұхаммед Марксбеков ІІІ орынды еншіледі. Сонымен бірге 2010-2011 жылы туған спортшылар арасынан 26 келі салмақта Әділет Қалдыбек І орын, Рахман Дарханұлы ІІ орын, 29 келі салмақта Санат Бақытжанұлы І орын, Арман Тұрғанбай ІІ орын, 32 келі салмақта Сабыржан Мешітбаев ІІ орын, 35 келі салмақта Алихан Мұханбетов ІІ орын, Мұхаммедәли Гажданбек пен Қуат Болат ІІІ орын, 38 келі салмақта Мадияр Алматов І орын, Бексан Жылқыбай, 42 келі салмақта Айқын Ертай ІІІ орын, 46 келі салмақта Шадияр Нағызбек иемденді. Ал, 2012-2013 жылы туған спортшылар арасынан Нұрғиса Бекболат үшінші тұғырдан көрінді. Бұл ретте, 2014-2015 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар да дараланды. Мәселен, 20 келі салмақта Мирам Марат ІІІ орын, 23 келі салмақта Дастан Нұрланов І орын, 26 келі салмақта Нұралы Мейрамбеков ІІ орын, 29 келі салмақта Нұрбол Мұханбет І орын, Нұрсұлтан Калыбек ІІ орынды, Нұрперзент Ерболов ІІІ орынды, +32 келі салмақта Рауан Жалғасбай ІІ орынды жеңіп алды.
Айта кетейік, ер балалармен қатар, бұрымды қыздар да, татамиде үздіктер қатарынан көрінді. Бұл ретте, 2008-2012 жылы туған спортшылар арасынан 29 келі салмақта Лаура Темірғали І орын, 32 келі салмақта Жібек Жәнібекқызы І орын, Асылай Маргаждар ІІІ орын, 44 келі салмақта Қырмызы Мақсатқызы ІІ орын, 48 келі салмақта Гүлсезім Сәбитқызы ІІ орын, Тұрсынай Тілеуберген ІІІ орын, +52 келі салмақта Сезім Омарова І орынға ие болды.
Нағилық спортшылар өткен аптада дзюдодан жүзеге асқан жарыспен тоқтап қалған емес. Себебі, зияткерлік ойындардың шеберлері облыстық 4 разряд турнирінде даңқты ауылдың шахматшылары бақ сынады. Жас бапкер Әділет Қайратұлының шәкірті Айбибі Мұханбетова облыстық жарыста ІІ орын иемденді.
– Жақында Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептен шахмат бөлмесі ашылғаны көпшіліктің есінде. Қазіргі уақытта барлық жағынан материалдық базамен жабдықталған бөлменің игілігін спортшыларымыз көруде. Өз кезегінде облыстық бәсекеде жоғары нәтиже көрсете білген спортшыларды кезекті жеңісімен құттықтаймын, – деді Анар Қалдыбаева.
Бүгінде мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ашылған спорттық үйірмелер қатарында тоғызқұмалақ, шахмат, дзюдо, қазақ күресі, таеквондо үйірмесі жұмыс жасайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ