Сырдариялық спортшылар жеңіс тұғырында
Жақында гір көтеру спортынан облыс құрамасы Қырғызстан мемлекетіне ат басын тіреген болатын. Бішкек қаласында жалауын көтерген гір көтеруден Азия чемпионатында жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді. Орасан зор жетістікке қол жеткізген Сыр спортшылары қатарында Жеңісбек Төлеген мен Оразбек Медетбаев бар.
Негізінен, Азия чемпионатына сары құрлықтың 15 елінен 550 спортшы келген. Кіл мықтылар күш сынасқан жарыста Жеңісбек Төлеген +85 келі салмақта серпе және жұлқа көтеру бойынша алтыннан алқа тақты. Қос алтынды қанжығасына байлаған спортшының негізгі мамандығы медицина саласы екенін айта кетейік. Өз кезегінде аудандық емхананың дәрігерлері бізге хабарласып, әріптесінің мерейлі жеңісімен құттықтады.
– Медицина мен спортты қатар алып жүрген әріптесімізді кезекті толағай табысымен шын жүректен құттықтаймыз! Өз ісінің білгірі бола білген әріптесіміз гір спортымен тұрақты түрде шұғылданады. Азия чемпионатында аудан мерейін асырып, жеке дара көш бастағанына бек қуаныштымыз. Алғаш ақжолтай жаңалықты естіген кезімізде кеудемізді мақтаныш кернеді. Қай кезде де өзінің табандылығы мен жігерінің арқасында аудан намысын қорғап жүрген Жеңісбек Өмірбекұлына алдағы уақытта сәттілік тілейміз, – деді аудандық емхананың мамандандырылған бөлім меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Гүлнұр Әбдіхалыққызы.
Иә, Жәкеңнің жеңісті жолын гір спортынан әлем чемпионы, жерлесіміз Оразбек Медетбаев жалғастырды. Облыстың аға жаттықтырушысы және Сырдария аудандық спорт клубының жаттықтырушысы О.Медетбаев Азия чемпионатында 73 келі салмақта ІІ орынды жеңіп алды.
Айта кетейік, Азия чемпионатында өңірден барған 9 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, аймақ мерейін үстем етті. Алтын және күміспен күптелген жерлестеріміз байрақты бәсекелерде аудан мерейін асқақтата берсін демекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ