Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос құрама арасындағы ынтымақтастық

Қос құрама арасындағы ынтымақтастық

Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында шығармашылық пен спортқа баулу – алдыңғы орында тұруы тиіс. Оның ішінде, әлемдік аренада өзіндік қалыптасу деңгейі жоғары шах­мат спортына қызыға­тын жастар қатары көбейгені жақсы. Өз кезегінде Сырдария ­ауданында зияткерлік ойынмен айналысатын спортшыларға жан-жақты бағыт-бағдар беріліп келеді. Жақында шахматпен тұрақты түрде шұғылданатын аға буын өкілдері жас­тармен кездесу өткізді.

Ең алдымен, Қызылорда қаласын­да қос құрама ойыншылары ортақ тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сабақты жүзеге асырды. Сыр шаһары мен ауданнан келген спортшыла­р шахмат спортын дамытуға арнал­ған бірқатар тұжырымдамасын жет­кізді. Құрамында халықаралық, респуб­ликалық жарыстың жүлдегері Тимур Қасымов, ардагерлер арасында ел чемпионы Шадияр Ермағанбетов, облыс чемпионы Барат Жетпісбаев бастаған бірнеше спортшы Мектепхан Елеусінов бастаған ауданның ұш­қыр ойлы азаматтарымен шеберлік байқасқан болатын.

Айта кетейік аталған қос құрам араға бірнеше күн салып, Тереңөзек кен­тіндегі «Сырдария спорттық-зият­керлік» орталығында бас қосты. «Сыр­дария спорттық-зияткерлік» ор­та­лы­ғының демеушілігімен өткізіл­ген жарысқа Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық фи­лиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Бұл ретте, облыс құ­рамасымен сынға түскен еңбек ар­дагері Бақтыбай Матыбаев, Исабай Жүсіпов, жас спортшы Ержан Бейімбетов, Бибарыс Бауыржанұлы, Төрехан Тоқшылық аудан намысын ла­йық түрде қорғады.

– Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданында өткізілген жарыстың мақсаты – шахмат ойынының бұқа­ра­лығын арттыру, спортшылар ара­сындағы ұрпақтар сабақтастығын насихаттау және жас ойыншылардың шеберлігін шыңдау болып табылады. Расында, қос кездесудің өзіндік ерекшелігі бар. Аға буын өкілдері жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін жастарға айтып берді. Алдағы уақыт­та мән-мағынасы зор осындай кездесулер өткізіліп тұрады, – деді еңбек және спорт ардагері Мектепхан Елеу­сінов.

Өз кезегінде Сырдария спорттық-зияткерлік орталығының директоры Ләззат Бауыржанова жарысқа қаты­су­шыларға арнайы бағалы сыйлық пен диплом тапсырды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 сәуір 2023 ж. 189 0