Тарихи жеңіс
«Қазақ футболы» десе кереғар пікір айтатындар қатары аз емес. Тіпті қазақ аяқдопшыларын әзілге айналдырғандарды да көріп жүрміз. Дегенмен соңғы 2-3 жылдың көлемінде еліміздің футболшылары сол сындарға жауап беріп жатқандай. Олай дейтініміз, ұлттық құрама ойыншылары Ұлттар лигасының топтық кезеңінде топ бастады. Ал кеше ғана өткен «Еуро-2024» доп додасының іріктеу кезеңінде аяқдопшыларымыз тарихи жеңіске қол жеткізді.
Өткен жылы ұлттық құрама ойыншылары УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңінде жақсы ойын өрнегін көрсетті. «С» лигасының топтық ойындарында Әзірбайжан, Беларусь, Словакия командаларына қарсы кездесулер өткізді. Осы кездесулерде ел футболшылары 3 жеңіс және 1 тең ойынмен топта көш бастаған болатын. Сол кездің өзінде құрамадағылардың жеңіске деген жігері қазақ футболының жаңа кезеңі басталғанын аңғартқандай еді.
Бүгінде футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі өтуде. Құрлықтық додада ел құрамасы «H» тобында Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино командаларымен сынға түсуде. Іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын қазақстандықтар 23 наурыз күні Словения құрамасына қарсы өткізді. Өз алаңымызда қабылдасақ та 1 гол айырмашылығымен есе жіберіп алдық. Осы матчтан кейін жанкүйерлер есе қайтару туралы көптеген пікірлер білдірді. Десе де екінші ойын Еуропадағы мықты футбол ұжымдарының бірі – Дания құрамасына қарсы болғандықтан көпшілік көкейінде күдік сейілмеді.
Дания құрамасы – әлемдік деңгейде 18 орында тұрған команда. 1992 жылғы Еуропа чемпионы, 1984 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері. Жазғы Олимпиада Ойындарының үш дүркін күміс жүлдегері. 1995 жылғы Конфедерациялар кубогының жеңімпазы. Ал 2021 жылы футболдан Еуропа чемпионатында жартылай финалға дейін шығып, үздік ойын көрсеткен. Міне, осындай құрамаға қарсы шыққанда көпшілік «қазақ футболшылары тек жеңілмесе екен» деді. Өйткені бұған дейін даниялықтармен 4 рет кездесу өткізіп, оның барлығында қазақстандықтар жеңіліс тапқан.
Әдеттегідей, ойын басталысымен Дания құрамасы шабуылды үдетті. Және де шабуылдары нәтижелі болды. Алғашқы таймның орта тұсында қарсылас құрама ойыншылары есеп ашты. Расмус Хёйлунн 21-минутта қақпамызға гол тоғытса, 36-минутта есепті еселеп, басымдықты арттырды.
Бірінші кезеңде даниялықтар ойын тағдырын шешіп қойғандай болды. Алайда екінші кезеңде қазақ футболшылары қарсыласқа айтарлықтай сес көрсетті, мінезділік танытты. Нәтижесінде іріктеу кезеңіндегі үлкен сенсация орын алды. Ел аяқдопшылары қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетіп еді, ойынның 73-минутында даниялық футболшы өзінің айып алаңында ереже бұзды. Қақпаға белгіленген 11 метрлік айып добынан Бактиёр Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ. Таблодағы есеп қысқарды. Одан соң ұлттық құрама ойыншысы Асхат Тағыберген 86-минутта керемет соққы жасап, есепті теңестірді. Құрама сапында 43 ойын өткізген футболшы алғашқы және маңызды голды соғып, жанкүйерлерді бір серпілтті. Ал араға 3 минут салып қосалқы құрамнан шыққан шабуылшы Абат Айымбетов әуелеп келген допты баспен қақпаға тоғытып, құраманы жеңіске жетеледі. Осылайша, әлемдік деңгейдегі мықты ұжымнан Қазақстан құрамасы 3:2 есебімен басым түсті. Расында, бұл ұлттық құрама тарихындағы айтулы жеңіс болды.
Енді осы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді. Қазақстан футболшыларына сәттілік тілейміз!
Е.БЕРКІНБАЕВ