Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина мен спортты ұштастырған маман

Медицина мен спортты ұштастырған маман

Күнделікті дене жаттығуымен айналысу адам өмірінде маңызды орын алады. Шыныққан адам шымыр болады. Адам денсаулығы үшін спортпен шұғылданудың көп артықшылығы бар. Таңертең жаттығу жасаған адам күні бойы өзін сергек сезінсе, спорт – адам өмірін ұзартатын қасиетке ие. Бұл – аксиома, яғни нанымды ақиқат.

Ауданда спортпен тұрақты айналысатындар қатары қалың. Жас та, жасамыс та спорттың арнайы түрімен айналыспаса да, спортты жанына серік еткендер баршылық. Әсіресе, жас отбасылардың сала­матты өмір салтын ұстанатыны қуантады. Сырдариялық жас – Бекзат Алашбай бала кезінен спорт­тың волейбол, футбол түрімен айналысады. Спортқа деген қызы­ғушылығын оятқан мектеп қабыр­ғасындағы дене шынықтыру пәні­нің мұғалі Төребек Рахметов еке­нін айтады.

Міне, бала кезінен футболмен ай­на­лысқан спортшы уақыт өте кәсіби түрде машықтанады. Оған себеп – спорттың адам денсау­лығына пайдасы мен адам бойына ерекше жігер беретін қасиеті.

– Бала кезімізде ауылда футбол ойнап өстік. Күн ұзағына доп қуып, спортқа деген ынтамыз бен қызы­ғу­­шылығымыз бір сәтке де басылмайтын. Теледидардан атақты фут­болшылардың ойынын көріп, солар секілді үлкен алаңдарда ойнауды армандайтынбыз. Әрине, ол үшін тер төгіп, жаттығу жасау керек. Мектептегі мұғаліміміз жарысқа апарып, бізді шыңдады. Алғашқы жеңіске де қол жеткізгенде, қатты қуанатынбыз. Кейін тоғызыншы сы­ныпты бітіріп, Қызылорда қала­сындағы медициналық колледж­ге оқуға түстім. Колледжде де спорттағы жетістігім еселене түсті. Команда құрамында ойнап, талай мәрте жарыс жеңімпазы болдық. Міне, бала кезімнен жаныма жақын болған спортпен осы күнге дейін шұ­ғылданып келемін. Қазір отба­сымда балаларымды да спорт үйірмесіне бердім, – дейді Бекзат Бақытбекұлы.

Болашақ медицина қызметкері оқуын тәмамдаған соң, аудандық аурухананың емханасына медаға болып қызметке келді. Емханада скринингке жауапты маман болып қызмет атқаратын Бекзат сау халық арасында ауруды ерте анықтау мақсатында 2010 жылдан бері жұмыс істейді.

Жарыс десе ішкен асын жерге қоятын Бекзат туған ауылы С.Сейфуллиннің құрама командасында да өнер көрсетеді. Жақында «Д» лигасында ойнаған ауыл командасы облыс­та чемпион атанды. Әуесқойлар лигасында ойнайтын футболшы ұлт­тық спорт түрлерін де меңгерген.

Күніне кем дегенде 30 минутын дене жаттығуға арнайтын Бек­заттың ұстанымын қазір балалары да жалғас­тыруда. Адамның рухани жан дүниесін байыту үшін маңызды іспен айналысу жағымсыз эмоциядан арылтады. Спорттың қиындыққа төтеп беретін күші бар. Күнделікті жұмысқа тың серпіліс пен құлшыныс беретін, өмірді сүю­ге үйрететін құдірет тек спортта ғана бар. Қызмет пен спортты қатар алып, абыройға кенеліп жүрген азаматтың пікірінше спортпен айналысатын адамның миында өзгеше өзгерістер болады. Яғни, ми түрлі дене қозғалысын күйзеліс ретінде қабылдағандықтан, оған қарсы күресті де жүргізе бастайды. Адам ағзасынан қуаныш пен ләззат алу гормоны – эндорфин мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйесі мен миға барады. Міне, сондықтан да қозғалыста бо­латын адамның ойы сергек әрі есте сақтау қабілеті де қалыпты болады, бұл өз кезегінде адамның көңіл-күйіне де әсер етсе керек.

Осы күні аудандық аурухана жа­нын­­­дағы құрама коман­да­­­ның бел­сен­ді мүшесі ретінде әріп­тес­терімен күнделікті жатты­ғуға бару әдетке айналған. Арна­­йы жасақталған футбол коман­да­сының капитаны ретінде жа­уап­кершілікпен спортшылардың жат­­­­­­­­ты­ғуын қадағалайды. Апта са­йын­ құрамында дәрігерден бастап, техни­калық қызметкері бар команда спорт алаңында футбол ойнап, жа­­рысқа қызу дайындық жүргізеді. Жыл сайын мекемелер арасында ұйым­дастырылатын жарыстарға қа­ты­­сып, үздіктердің қатарынан орын алатын команданың жетіс­тіктері де жеткілікті. Бірнеше рет бірінші орын ие­гері болған команда биыл да жер­лесіміз, спортшы Сабыржан Жұртшыбаевты еске алуға арналған турнирде екінші орын алды.

Аудандық емхананың намысын қорғап, саламатты өмір салтын насихаттап жүрген жас спортшының төрт баласы бар. Жұбайы Жанеркемен Алихан, Арсен, Ислам, Айша есімді перзенттерін тәрбиелеуде. Бүгінде «Ман­сұр» спорт клубында үлкен ұл­да­ры Әлихан мен Арсен дзюдоға жат­тығады. Ағаларының ізін жалғап келе жатқан інісі Исламның да спортқа деген қызы­ғушылығына көз сүйсінеді. Жас отбасында болашақ чемпиондар өсіп келе жатыр деп сеніммен айтуға болады.

Бекзат бала кезінде ата-әже­сінің тәрбиесін көргендіктен, үл­кен­дердің айтқан өсиетін көңілге тоқыды. Үл­кен­ге құрмет көрсету, кішіге ізетті болу секілді адамгер­ші­лік қасиетті әсіресе, әжесі Мәрия­дан ұғынып өсті.

Бекзаттың ата-анасы да қара­пайым еңбек адамдары. Әкесі Бақытбек – «Сейфуллин Жер» ЖШС-де бригадир. 2020 жылы егін жинау науқанында үздіктер қатарында болып, сыйлыққа ав­то­көлік мінді. Анасы Сәуле – жұ­мысшы. Отбасында жақсы тәлім-тәрбие алған ұлы Бекзат пен кіші қарындасы Сымбат спортқа жақын. Жас маман Бекзат Алашбай осыдан бірнеше жыл бұрын «Дипломмен – ауылға» атты мемлекеттік бағдарламамен бас­паналы болды. Қазір төрт бірдей бүлдіршіннің әкесі үлгілі жас отбасылардың қа­тарында.

Бибісара ЖАНӘЛІ

06 желтоқсан 2022 ж. 370 0