Жерлесіміз жеңіс тұғырында

Негізінен, әлем чемпионатында спортшылар тоғызқұмалақтың «классика», «рапид» және «блиц» түрлерінен бақ сынады. Кіл мықты спортшылар сынға түскен жарыста ҚР тоғызқұмалақ құрамасының мүшесі,жерлесіміз, талантты тоғызқұмалақшы Бексұлтан Бостандықов «классика» түрі бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді. Жерлесіміз бірнеше күнге созылған бәсекеде 7 ойын өткізіп, 5,5 ұпай жинады. Халықаралық спорт шебері Бексұлтан Бостандықов бірнеше елдің спортшысынан айласын асыра білді. Күміс медалді ел қоржынына салған жас спортшы Сырдария аудандық спорт клубының жаттықтырушысы екенін айта кетейік. Кішкентайынан ұлттық спортпен айналысқан Бексұлтанның жаттықтырушысы – Хәкімжан Елеусінов.
– Біз әлем чемпионатына бірнеше ай бойы дайындалдаған едік. Байрақты бәсекеге жолдама алған спортшылардың барлығы осал емес. Үздіксіз дайындықтың нәтижесінде, жүлделі орынға қол жеткіздім. Ойын барысында сан түрлі эмоциялар орын алады. Ой үстінде отырып, қарсыласты жеңу үшін жоспар құрамыз. Әрбір жүрісті жүруде асқан шеберлік керек. Әлем чемпионатына қатысушысылар кез келген қателікті кешірмейді. Сондықтан қырағылық танытып, ел намысын абыроймен қорғауға тырыстым. Бұл ретте, ақыл-кеңесін аямаған бапкерлеріме алғысым шексіз. Жеңісіммен құттықтап жатқан аудан халқына ризашылығымды білдіремін, – дейді әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бексұлтан Бостандықов.
Айта кетейік, әлем чемпионатында аудан мақтаныштары Хәкімжан Елеусінов, Бексұлтан Бостандықов, Дамир Ахметов және Ақерке Кенжебекова ойын өрнегін көрсетті. Өз кезегінде, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бексұлтан Бостандықовқа арнайы медаль мен диплом қаржылай сыйлық табысталды. Үздіктердің қатарынан көрінген жерлесімізді кезекті жеңісімен құттықтаймыз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ