Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталды

Тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталды


Түркияда тоғызқұмалақ пен мангаладан өтіп жатқан әлем чемпионатында классика және блиц түрінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне тоғызқұмалақтан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева айтып берді. «Тоғызқұмалақтан V Əлем чемпионаты классика және блиц түрінен жарыстар аяқталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, вице-президент Джан Решитцский, мангала федерациясы президенті Рауф Өзген, бас демеуші Мақсат Раманқұлов, Жамбыл облысының тоғызқұмалақ федерациясы президенті Батырбек Күлекеев марапаттады. Әлемдік дода өте тартысты өтті», - деді Айнұр Жақапбаева. Бас жаттықтырушы атап өткендей жекелей сында (классика) ерлер арасында қазақстандық Ғалымжан Темірбаев чемпион атанса, екінші орынға тағы бір жерлесіміз Саят Жандарбек қол жеткізді. Ал үшінші орынға моңғолиялық Ардабұлан Шындәулет ие болды.

Ал қыздар арасындағы жекелей сында осыған дейінгі әлемнің 8 дүркін чемпионы атанған Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Əсел Далиева тоғыз дүркін чемпиондық атаққа қол жеткізсе, екінші орын тағы бір жерлесіміз Салтанат Сапарбековаға бұйырды. Үшінші орында Қырғызстаннан келген ойыншы Айзада Бақтыбекова. Сонымен қатар блицтен ерлер арасындағы жекелей бәсекеде бас жүлде қырғызстандық Марлис Дуулатбековке бұйырса, екінші, үшінші орындарды отандастарымыз Хакімжан Елеусінов пен Ғалымжан Темірбаев және моңғолиялық Ерманат Күлібек иеленді.

Тура осы сында қыздар арасында қазақстандық Гүлжанат Алдабергенова чемпион атанса, қырғызстандық Айтурған Мақсатбекқызы күміс жүлдені иеленді. Үшінші орындарға Алтынай Шамбетова (Қырғызстан) мен Аружан Абдыханова (Қазақстан) қол жеткізді. Айта кетейік, чемпионат жалғасуда, бүгін рапид түрінер жарыстар өткізіледі.

www.inform.kz
02 мамыр 2019 ж. 988 0