Сырдариялық спортшылар ел намысын қорғайды
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов сырдариялық спортшылардың ел намысын қорғап, Әлем чемпионатында өнер көрсететінін айтып, тілектестік ниетте жергілікті басылымға мақала жазуды ұсынған еді. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр» дейді демекші, жақсы ниеттен туындаған ұсынысты құп алып, сайыпқыран спортшыларға сәттілік тілеуді жөн көрдік.
Аудан басшысының айтуынша, 2022 жылдың 20-28 қараша күндері аралығында Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионаты өтеді екен. Чемпионатқа тоғызқұмалақтың классика, рапид және блиц түрлерінен әлемнің 20 елінен 80-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарлануда. Аталған байрақты бәсекеге Қазақстан құрама командасының мүшелері, Сырдария ауданының тумалары Хәкімжан Елеусінов, Бексұлтан Бостандықов, Дамир Ахметов және Ақерке Кенжебековалар да қатысады. Бұл спортшылардың төртеуі де бүгінде тоғызқұмалақ спорты бойынша жақсы жетістіктерді бағындырып, ел мақтанышына айналғанын айтып өтуіміз керек.
Біз жақсы хабарды естіп, сайыпқыран спортшылармен тілдесуді жөн көрдік. Әңгімелесу барысында Әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалған олардың көңіл-күйі көтеріңкі және жеңіске деген құлшынысы мен сенімі жоғары екенін аңғардық.
– Әлем чемпионатына қатысу үшін жолдама алудың өзі оңай емес. Ал жеңімпаз атану одан екі есе қиын. Бірақ біз жерлестеріміздің, жанкүйерлеріміздің қолдауын сезінеміз. Аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Ержан Ертарғынұлы әркез спортшыларға қолдау көрсетіп келеді. Бұл жолы да жақсы тілектерін арнап, бізге қолдау білдіріп жатыр. Бұйырса, жақсы жаңалықпен сүйіншілеп, аудандық газет арқылы қуанышымызбен бөлісетін боламыз. Ел намысын абыроймен қорғайтын жерлес спортшыларымыз көп болсын, – деді бізбен әңгімесінде Хәкімжан Елеусінов.
Әлем чемпионатын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы бірлесе ұйымдастыруда. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі спорт жарысының өтуіне Ақтөбе облысының әкімдігі де қолдау көрсетуде. Құт қонып, бақ дарыған Сырдария ауданында туып-өсіп, бүгінде ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болған жерлестерімізге жеңіс тілейміз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ