Облыстан олжалы оралды
С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебінің футбол құрамасы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, аудан мерейін тағы да үстем етті. Бұл жолы спортқа құштар оқушылар облыстық деңгейдегі спорт жарысында топ жарып, жүлделі І орынды қанжығаларына байлады. Сүйінші хабарды аудандық газет редакциясына спорт жетекшісі Орынбасар Жақсылықов жеткізді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен спорттық жарыс өткізілген болатын. Мектеп оқушылары арасында күзгі спартакиада бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған аталған жарысқа ауданымыздан №137 орта мектебінің футбол құрамасы қатысты. 19-21 қараша аралығында шағын футболдан ер балалар құрамасы тартысқа толы ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Нәтижесінде, сырдариялық аяқдопшылар жүлделі І орынды иеленіп, республикалық жарысқа жолдама алды. Сонымен бірге, 11-сынып оқушысы Әсет Русланұлы «Үздік мерген шабуылшы» номинациясымен марапатталды. Құрамаға облыстық білім басқармасының басшысы А.Қасымованың «Алғыс хаты» берілді.
– Футболшыларымыз жарыс барысында Жаңақорған ауданының командасын 4-1 есебімен жеңсе, Қызылорда қаласы командасымен тең түсті. Ал Қармақшы ауданының командасын 4:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Шешуші бәсекеде Қазалы ауданының командасын 1:0 есебімен қапы қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл – үздіксіз ізденіс пен тұрақты түрде жүргізілген жаттығудың жемісі. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында осындай жетістікке жетіп, облыстан олжамен оралғанымызға қуаныштымыз, – дейді футбол үйірмесінің жетекшісі Төребек Рахмет.
Атап өту керек, құраманың жарқын жетістікке жетуіне Елжан Төребекұлы, Әсет Русланұлы, Аслан Кәрім, Әділет Русланұлы, Нұрзат Серіков, Рамазан Қайранбаев, Нұртілеу Алтынбеков, Сәбит Әділжан есімді жас өрендер айрықша үлес қосқан.
Спорт мамандары мен жас спортшыларды жеңісімен құттықтап, республикалық бәсекеге дайындықты бастап кеткен өрендерге сәттілік тілейміз!
А.СЕЙІЛОВ