Теңбіл допта тереңөзектіктер үздік
Сырдариялық «Тереңөзек» шағын-футбол командасы тарихта тұңғыш рет Қызылорда қаласының қысқы біріншілігінде жеңімпаз атанды. «А» лигасында 1 орын алған тереңөзектіктер алда суперлигада ойнайтын болады.
«Тереңөзек» шағын-футбол командасының жаттықтырушысы, әрі ойыншысы Нұржан Жұмашевтың айтуынша команда 6 жылдан бері қызылордалық футзалда ойнап келеді.
Команда спортшылары 2015 жылдан бері аймақтық әуесқойлар футбол лигасында әртүрлі топта ойнаған. Өткен жылдан бастап бір ұжымға біріккен команда алғашқы ойыннан бастап жеңіс тұғырынан көрінді. Аз уақыт ішінде «Тереңөзек» командасы өзінің мықтылығын дәлелдеп, 16 команда арасында «А» Лигасының ең үздігі атанды. 15 ойында бірде бір жеңіліс көрмеген команда 14 рет жеңіске жетіп, бір ойында ғана тең түскен. Ойын кезінде қарсыласына 93 голл соқса, 29 допқа есе жіберген.
Команданың шабуылшысы Нұрхан Сансызбаев «А» Лигасы бойынша қақпаға 35 доп соғып, «Ең үздік шабуылшы» атағын иеленді. Тағы бір тереңөзектік спортшы Бақытжан Баймырзаев қысқы біріншілікте қақпаға 22 доп салып, үздік үштікке ілінді.
Қысқы біріншілікте облыс орталығынан «Тұран», «Қорқыт ата университеті», «Хан», «Ұстаз-Штурм», Байқоңырдан «Школьник», Жалағаштан «Адия», Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылынан «Абай-Дәулет» командалары ойнады.
Жарыс қорытындысында «Тереңөзек» шағын-футбол командасы біріншілік жеңімпазы атанып, жанкүйерлерін қуантты. Команда құрамында қақпашылар Ғалымжан мен Дәулетбек Әлиев, алаң ойыншылары Мұхтар Әбжаппаров, Шыңғыс Сейтқалиев, Бақытбек Сәрсенбайұлы, Бақытжан Баймырзаев, Нұрхан Сансызбаев, Ислам Икрамов, Диас Әлжанов, Нұрдәулет Қойшыбаев, барлығы 20 ойыншы бар.
– Команда бірыңғай тереңөзектік ойыншылардан жасақталған. Команда үш буын өкілінен құралған десе болады. Аға ұрпақ жастарға өз тәжірибелерін үйретуден жалыққан емес. Менің негізгі мақсатым – жас футболшыларды жаттықтыру, жарысқа түсуге дағдыландыру, – дейді Н.Жұмашев.
Спортшылар айрықша алғысты демеушілерге және аудандық спорт бөліміне білдіруде. Демеушілердің арқасында команда аптасына екі мәрте «Сейхун» спорт кешенінде өткен жарысқа арнайы көлікпен баруға мүмкіндік алған.
– Елдегі пандемия кесірін тигізбесе алдымызда үлкен мақсат бар. Ол жазғы біріншілікте лайықты ойын өрнегін көрсету. Біздің азулы қарсыластарымыздың қатарында «Орион», «Азамат», «Мемлекеттік кірістер басқармасы», «Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледжі» шағын-футбол командалары бар. Біздің жігіттер осы тәжірибелі командаларға тойтарыс беруге дайын, – дейді команда жаттықтырушысы.
Айта кету керек, тереңөзектік футболшылар хоккейшілермен қатар сырдариялық спорттың дәрежесін облыстық, республикалық және әлемдік деңгейде биік ұстап келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ