Майк Тайсон жекпе-жекке шығудан бас тартты
Осыдан біраз уақыт бұрын біз даңқты кәсіпқой боксшы Майк Тайсон ережесіз жекпе-жекке хас шебері Вандерлей Силвамен күш сынасуға келісім берсе, 18 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы алатыны жайында жазған едік, - деп хабарлады Egemen.kz
Біраз ойлана-толғана келе Майк Тайсон жоғарыдағы ұсыныстан бас тартты. Әрине, оны да түсінуге болады. Өткен ғасырдың сексенінші және тоқсаныншы жылдардың бел ортасына дейін қарсы келгендердің барлығын ұрып жығып, төрткүл дүниені дүріктірген АҚШ-тың атағы жер жарған кәсіпқой боксшысының бабы бұрынғыдай емес. Жасы да 54-ке келіп қалды. Оның үстіне өмірдің ащы-тұщысында біраз көрді. Бұл жағдайдың барлығы денсаулыққа әсер етпей қоймайтыны анық.
Бразилияның Куритиба қаласының тумасы Вандерлей Силва жайында айтар болсақ, ол 44 жаста, Спорттық карьерасын муай-тайдан бастаған. Одан кейін ережесіз жекпе-жекпен шұғылданып, көптеген белді нұсқалар бойынша чемпиондық атаққа қол жеткізді. Прайд пен UFC промоушендерінде өзін түебегейлі мойындатты. Әр жылдары Дэн Хендерсон, Кадзуси Сукубара, Хидэхико Есида, Майкл Биспинг, Кунг Ле және тағы басқа мықтыларды ұтты. Барлығы 50 кездесу өткізген Силва 35 рет жеңіске жетті. Бразиялияның беткеұстары соңғы рет осыдан үш жыл бұрын октагонға шығып, америкалық Чейл Сонненнен ұпай санымен ұтылған болатын