Тереңөзектік тоғызқұмалақшыларды еліміз үлгі тұтады

Сол кезеңнен бастау алған ұлттық ойынға деген шынайы көзқарас бүгінгі таңда да жалғасын тауып отыр. Қазірде «Тереңөзек – тоғызқұмалақтың туын тіккен жер» деп мақтанышпен айта аламыз. Өткен ғасырдың 60-жылдары «Қызылдиқан» колхозының басқарма төрағасы Оспан Мәлібаевтың қолдауымен Тереңөзекте республикалық чемпионат өткізілді. Сырдариялық спортшылар бүгінде аудан, аймақ абыройын биікке көтеріп жүр. Аудан тоғызқұмалақшылары өткен жылды қалай қорытындылады? Ұлттық ойын тарихында қандай жетістіктер бар? Осы сауал төңірегінде тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Б.М.Елеусінмен сұхбаттасқан едік.
– Білімжан Мектепханұлы, төл спортымыз тоғызқұмалақ бойынша жыл қорытындысы көңілден шығады ма?
– Әлбетте. Толағай табыстарға толы жыл болды десем, артық айтқандық емес. Қызылорда облысының тоғызқұмалақшылары республикада «Үздік облыстық команда» атанса, жерлесіміз Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Хакімжан Елеусінов ел тоғызқұмалақшылары арасында Үздік жаттықтырушы номинациясына ие болды. Осындай үлкен жетістікке Сырдария спортшылары да елеулі үлес қосты. Атап айтар болсақ, аудан тоғызқұмалақшылары әлем чемпионатында 1 күміс, 1 қола, ҚР чемпионатында 7 алтын, 9 күміс, 7 қола барлығы 25 медаль иеленді. Осы дүбірлі жарыстардың нәтижесінде Бексұлтан Бостандықов Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей оқушылары Дамир Ахметов, Нұрай Мектепхан ҚР спорт шебері нормативін орындады. Жалпы 2019 жылы өткізілген облыстық, республикалық жарыстардан жүлдесіз қалмаппыз. Қазіргі уақытта Бексұлтан Бостандықов, Ақерке Кенжебекова, Дамир Ахметов, Жантөре Аманқос, Ерасыл Пернебаев, Әсем Дәуренбекқызы, Нұрай Мектепхан – ҚР құрама командасының мүшелері. Сондай-ақ Жантөре Аманқос Тәуелсіздік мерекесі күні Сырдария ауданының «Үздік спортшысы» атағына ие болды.
– Сіздің әулет – спортшылар әулеті. Әкеңіз Мектепхан ағадан бастап, өздеріңіз бар, немерелерге дейін спортты серік еткенсіздер. Сонымен қатар тоғызқұмалақ тарихын зерттеумен де айналысады екенсіздер?
– Ұлттық ойын – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі. Біз тоғызқұмалақ ойнағаннан кейін оның тарихымен терең танысқымыз келеді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың 1948 жылы ұлттық ойын ережелерін жасауға белсене араласып, халқымыздың ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға зор еңбек сіңіргенімен баспасөз арқылы таныспыз. Сондай-ақ еліміздің ұлттық музейінде Мұхтар Омарханұлының ойнаған тоғызқұмалақ тақтасы сақтаулы.
Сыр өңірінде ұлттық өнерді насихаттаушылардың бірі Төлеген Анасбаевтың (жалағаштық) естелігінде 1960 жылдары Тереңөзек қыстағында республика чемпионаты өткендігі баяндалады. Жарысты өткізуге Оспан Мәлібаев атамыз көмегін тигізген. Біріншілікке тереңөзектік ұстаздар Смағұл Тұрғанбаев, Бүркітбай Диқанбаев, Аққайыр Қоржынбаевтар қатысқан.
Тереңөзек кентінде тоғызқұмалақ ойынының дамуы туралы 2017 жылы «Тереңөзек төріндегі тоғызқұмалақ» атты кітап жарыққа шықты. Дегенмен бұл сала толық зерттеуді қажет етеді. Қазіргі уақытта тоғызқұмалақ ауданда дамыған спорт түрінің бірі болып табылады. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы “Тағылымы терең Тереңөзек” деген кітапша шығарып, Сырдария ауданын бүкіл әлемге танытты. Осы кітапшадағы ойындар арқылы ең мықты ойыншылар өз шеберліктерін шыңдайды. Мұны біз әрдайым мақтаныш етеміз.
– Ұлттық ойынның ерекшеліктері туралы не айтасыз?
– Адамзатты тәрбиелеуде, адамның интеллектуалды әлеуетін дамытуда зияткерлік ойындардың маңызы зор екендігін тарих көрсетіп отыр. Тоғызқұмалақ ойыны да ойлауды, есептеуді дамытуға бағытталған. Абай атамыз айтып кеткен «бес дұшпан мен бес асыл істі» ажыратуға ұлттық ойынның тигізетін әсерін мысал ретінде келтіруге болады. Егер ойында жеңіске жету үшін талап қылып, еңбек етсең, терең ойлансаң, онда үлкен жетістікке жетесің. Ал есептеуге ерінсең, бай отауларындағы құмалақтарды бостан-босқа таратсаң, онда ойында ұтыласың. Тоғызқұмалақтағы «атсырау» ережесі әрбір жүрістің маңыздылығын «ақырын жүріп, анық басу» керектігіне назар аударуды қажет етеді.
Тоғызқұмалақ партиясының цифрлармен жазылатындығы осы заманғы цифрландыру ісіне толық сәйкес келеді. Сайып келгенде ұлттық спорттың маңызы туралы дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәймен: «Тоғызқұмалақ ойыны – қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан жарқын үлестерінің бірі» деп ерекше атап өтті. Бұл біздің ұлттық ойынымыздың мәртебесінің қандай екендігін көрсетеді.
– Сұхбат соңында аудан тоғызқұмалақшыларының алдағы жоспарларымен бөліссеңіз?
– Күнтізбеде көрсетілген жарыстарға толық қатысуды мақсат тұтып отырмыз. Негізгі міндетіміз – облыс құрама командасы сапында өнер көрсету. Азия чемпионатына жолдаманы ұтып алу және ресми чемпионаттарда жүлделі орындарды иелену. Биылғы жылдың бір ерекшелігі – мектеп оқушылары арасында ұлттық лига жарысы өткізіледі. Бұл командалық жарыс және команда мүшелері бір мектептен болуы шарт. Бұл мектеп мұғалімдері мен жаттықтырушылардың арасындағы байланысының нығаюына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар ауданымызға белгілі бапкер Тұрғанбай Болғанбайұлының 80 жасқа толуына орай еске алу турнирін өткізу жоспарда бар.
Споршылар арасында «Чемпион болу оңай, ал оны сақтап қалу қиын» деген қанатты сөз бар. Сондықтан жаңа жетістікке жету үшін аянбай еңбек етеміз деп сендіремін.
Сұхбаттасқан Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ