Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » AIBA Конгресі: Ресей жақтаған Гафур Рахимов президент болып сайланды

AIBA Конгресі: Ресей жақтаған Гафур Рахимов президент болып сайланды


Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәскеу қаласында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) екі күнге созылған Конгресі өтті. Мұнда бірнеше маңызды мәселелер қарастырылды. Ең бастысы, ұйымның жаңа президенті сайланды.

Конгресс Путиннің құттықтауы хатымен ашылды
Мәскеудегі AIBA-ның есептік-сайлаулы Конгресі Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің құттықтау хатымен ашылды. Оның Ресей Олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті Игорь Левитин оқып берді.
«Құрметті достар! Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының есептік-сайлаулы Конгресінің басталуымен құттықтаймын! Сіздердің ұйымдарыңыз 200 ұлттық бокс федерациясының басын біріктіріп отыр. Халықаралық спорттық қауымдастықтар арасында ерекше беделге ие. Бірнеше жылдан бері бұл ұйым бокстың дамуы мен насихатталуына зор үлес қосып келеді. Конгресте кәсіби сарапшылар заманауи бокстың әріқарай дамуына байланысты маңызды сұрақтарды талқылап, тәжірибе алмасатына сенімдімін. Сондай-ақ қордаланып қалған мәселелер өз шешімін табады деп үміттенемін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін деген», – Путин өзінің құттықтау хатында.
Рахимов AIBA-ның болашағы үшін аянып қалмайтынын айтты
Конгресті AIBA-ның уақытша президенті ретінде Гафур Рахимов ашты. Ол алдымен Ресей үкіметіне алғыс білдіруді ұмытпады.
«Біздің спортта реформа жасау аса маңызды, бұл AIBA-ның болашағы үшін керек. Бүгінгі таңда бұл өзгерістер өз нәтижесін беріп жатқанына қуаныштымын әрі мақтанамын. Өткен 9 айдың ішінде өз қызметімізде белгілі бір дәрежеге жетіп отырмыз. Біздің стратегия AIBA-ның және жалпы бокстың тұрақты дамуын қалыптастыру. Қазірдің өзінде көп жұмыс істелінді. Алда одан да көп мақсаттар тұр. Мен және командам AIBA-ның бұрынғы беделін қайтару үшін қолды қусырып отырмайды. Ұйымның бюджетін толтыру үшін жаңа демеушілер іздейді. Мен бастаған ісімді аяғына дейін жеткізу үшін аянып қалмаймын. AIBA мен бокстың болашағы үшін барлығымыз бірігуіміз керек», – дейді Рахимов. Мұны Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Салмақ дәрежелерінің саны сегізге дейін азайды
AIBA конференциясында қабылданған ең маңызды шешімдердің бірі деп, салмақ дәрежелеріндегі өзгерістерді айтуға болатын.
Токио Олимпиадасында бокстан ерлер арасында 8 салмақ бойынша медальдар сарапқа салынады. Бокс – салмақ дәрежелері жиі өзгеріске ұшырайтын түрі.
Алысқа бармай-ақ осы XXI ғасырдағы Олимпиада ойындарын еске түсіріп көрейік. Мысалы, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында боксшыларымыз 12 салмақтан сынға түсті. Арада 4 жыл өткенде 11 салмаққа қысқарды. Яғни бұрынғы 63,5, 67, 71 келі секілді үш салмақтың орнына жаңадан 64 және 69 келідегі салмақтар қосылды. Осы жүйе Пекин Олимпиадасында да қайталанды.
Ал Лондонда әйелдер боксы қосылды да, ерлер арасындағы тағы бір салмақ қысқарды. Бұл жолы әйелдерге квота жеңіл салмақтардың есебінен берілді.

Ұзақ уақыт өзгеріссіз келген 48, 51, 54, 57 келі салмақтар жаңа қалыпқа келді. Бұл салмақтардың орнына 49, 52, 56 келі пайда болды.
Енді, міне, Мәскеудегі Конгрессте бірден 2 салмақ қысқарып қалды. Токиода ерлер 52, 57, 63, 69,75, 81, 91 және +91 келі салмақтарда бақ сынайды. Бұрынғы салмақтардан 49 және 60 келі жойылды. Сосын 64 келіге дейінгі салмақ 63 келі болып өзгерді. Олимпиада ойындарына 214 боксшы қатсады. Есесіне, әйелдер арасындағы салмақ дәрежелері бесеуге дейін көбейді:51 келі, 57 келі, 60 келі, 69 келі,75 келі.Жапонияда 72 бұрымды боксшы өнер көрсетеді.
Кәсіби боксшыларға да мүмкіндік берілді
Алдағы Токио Олимпиадасына кәсіби боксшыларға қатысуға мүмкіндік бар. Бірақ оларға арнайы лимит қойылған. Кәсіби боксшы карьерасында 15 бокстан артық кездесу өткізген болу керек. Мысалы, Қазақстаннан Бейбіт Шүменов, Қанат Ислам, Геннадий Головкиндердің қатысу мүмкіндігі жоқ.
Егер 2020 жылға дейін 15 кездесуден кем өткізсе Данияр Елеусінов, Әли Ахмедов, Садриддин Ахмедовтер ел намысын қорғай алады.
Протест беру қайта енгізілді
Конгрессте қабылданған тағы бір маңызды шешім, әуесқой бокстағы протест берудің қайтарылуы. Техникалық комитеттің төрағасы Пэт Фиаконың айтуынша, әрбір құрама жарыс кезінде екі протест беруіне мүмкіндігі бар.
Протест кездесу аяқталған соң, 15 минуттың ішінде жазбаша түрде қабылданады. Бірақ ол үшін 1000 доллар төлеу керек. Егер арнайы комиссия мүшелері протест берген тараптың шешімін қанағаттандырған болса, 500 долларын қайтарып береді.
Мысалы, 2011 жылы Бакуде әлем чемпионаты өтті. Сол кезде украиналық боксшы Василий Ломаченконы 1/8 финалда төрешілер бразилиялық Робсон Консейсаоға жығып береді. Сол кезде Украина бокс федерациясы протест беріп, әділдікке қол жеткізген болатын.
Ал 2016 жылы протест берудің жоқтығынан жерлесіміз Василий Левит Олимпиаданың алтынынан айырылып қалғаны жасырын емес. Риода Левиттен бөлек, ирландиялық Майкл Конланда төрешілердің әділетсіздігіне тап болған еді. Ол өзің ресейлік боксшыға жығып бергені үшін, Конлан төрешілерге наразылық танытып, ортаңғы саусағын көрсетіп және әуесқой бокстағы мансабын аяқтайтынын мәлімдегені бар.
«Астана арландары» арқылы да Олимпиадаға баруға болады
Токио Олимпиадасына квота Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) тоғызыншы және оныншы маусымында өнер көрсеткен боксшылардың рейтингіне байланысты да берілетін болды. Мұндай тәжірибе соңғы екі Олимпиада ойындарында да қолданылған.
Оныншы маусымның соңында AIBA мен WSB әрбір мемлекет үшін іріктеу жолдамаларының санын жариялайды. 2019 жылы басталатын маусымда WSB 2020 жылғы ойындарға 32 жолдаманы сарапқа салады. Бұл жалпы жолдаманың 10 пайызын құрайды. Егер бұл квотаны жеңіп алған мемлекет пайдаланғысы келмесе, рейтингте келесі орында тұрған боксшының еліне беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін WSB арқылы қазақ боксшыларынан Қанат Әбутәліпов (2012) пен Василий Левит (2016) Олимпиада ойындарына қатысқан. Соңғысы Риода финалға дейін жетті.
Қонақбаев сайлауда жеңіліп қалды
Азия ойындары аяқталған соң, АИБА президентіне үмітке ретінде бокстан Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев өз кандидатурасын ұсынды. Гафур Рахимовке сайлау кезінде басты бәсекелес осы Қонақбаев болатынын, тіпті, қазақстандықтың жеңіске жету мүмкіндігі бар екені де айтылған. Өкінішке қарай, Серік Қонақбаев үміткерлер тізіміне енбей қалды. Себебі, 3 қазан күні қауымдастық президенттігіне кандидат 20 елдің жазбаша қолдауын өткізу қажет болған. Бірақ Қонақбаев белгіленген уақыттың ішінде барлығын тіркеп үлгермеді. Дегенмен, жерлесіміз соңына дейін күресті. Швейцариядағы спорттық арбитражды сотқа (CAS) шағым түсіріп, сайлауға түсуге мүмкіндік алды.
Лозанна – Халықаралық бокс қауымдастығының (АИБА) вице-президенті Серік Қонақбаевтың спорттық арбитражды сотқа (CAS) жіберген шағымы қанағаттандырылып, ол ресми түрде президенттікке үміткер атанғанын Қазақстан ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлап еді.
«CAS пен бұл іске қатысушыларға менің шағымым бойынша әділ шешім шығарғаны үшін алғыс айтамын. Біз келтірген дәлелдерді CAS-тің оң қабылдағанына ризамын. Мен үшін АИБА президенттігіне үміткер атану үлкен құрмет. Енді басшылықты міндетті қолға алып, біздің ұйымымыз бен спортымызды ұлттық федерациялармен бірлесе отырып қайта жандандыратын мүмкіндігіміз барМаған президенттікке үміткер атануға мүмкіндік берді. Әрі қарай Президиумды ұтып алу үшін бар күшімді саламын. Мұны өзім үшін емес, біздің боксшылардың құқығын, олардың Олимпиададағы арманы мен үмітін қорғау үшін істегім келеді. Бұл міндетке үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, 3 қараша күні Мәскеуде өтетін сайлауды асыға күтемін. АИБА-ның жарқын болашағы үшін қауымдастықтың барлық мүшелерінен менің кандидатурамды қолдауды өтінемін», – деген болатын Серік Қонақбаев ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Алайда, Мәскеудегі Конгресте бәрібір де өзбекстандық Гафур Рахимов жеңіске жетті. 67 жастағы Рахимовті 134 адамның 86-сы қолдады. Жеңіске жету үшін 70 дауыс жинау керек еді. Рахимовтің жалғыз қарсыласы Серік Қонақбаев қажетті дауысты ала алмады. Оны тек 48 адам қолдады.
«Шынымды айтсам, сайлаудың қорытындысына көңілім толған жоқ. Бірақ спорттың жанкүйері ретінде олимпиадалық бокстың болашағы үшін күресті жалғыстыра беремін. Әлем боксшыларының Олимпиада чемпионы атанамын деген арманын орындау үшін аянып қалмаймын. Бұл істің соңы емес, керсінше реформаның басы десек те болады. Бұл боксты құтқаруға көмектеседі. Біз күресті тоқтатпаймыз. Әзірге бірінші раунд аяқталды, алда екінші раунд бар. Мені қолдаған азаматтардың барлығына алғыс білдіремін. Әсіресе, қазақстандықтарға. Біз біріксек ғана бокстың даңқын асырамыз», – дейді Серік Қонақбаев Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Ресей ашық түрде Рахимовты қолдады
Ресей тарапы Конгресс алдында Рахимовтің кандидатурасын ашық түрде қолдады. Мысалы, Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Умар Кремлев «Р-Спорт» агенттігіне берген сұхбатында AIBA-ның президент сайлауында кімге дауыс беретінін айтқан еді.
«Қазір екінші кандидат шығып жатыр. Ол сотқа беріп, сайлауға қатысуға мүмкіндік алды. Жалпы , екі кандидатқа қатысты барлығы белгілі. Біз өз тарапымыздан Рахимовты осы сайлауда қолдаймыз. Оны AIBA-ға мүше ұйымдардың 90 пайызы жақтап отырғаны анық. Біздің мақсат, барлық комиссия мүшелерінде ресейліктердің болғанын қадағалау», – деген еді Кремлев.
Біз үшін қауіп пе?
Гафур Рахимовтың AIBA-ға президент болып сайлануы, қазақ боксшылары үшін сынақ болып тұрғаны жасырын емес. Онсызда жемқорлыққа белшесінен батқан спорттың басына өзбекстандық азаматтың келуі қосымша қауіп екені шындық. Өйткені, аталған спорт түрінен екі елде ірі держава саналады. Талай жылдан бері Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттарында таласып келеміз. Биыл Джакартада бірде-бір боксшымыз алтын алмады. Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында бозбалалардың өзіне талай қысастық көрсетілді. Оның үстіне, Серік Қонақбаевтың сот арқылы жеңіске жетіп, сайлауға түсуі де Рахимовтың шамына тиюуі мүмкін. Олимпиада бағдарламасында салмақтардың саны да қысқарып қалды. Осының бәрі біздің пайдамызға шешілмей тұрғанын айта кетуімізге болады.
Ернұр ҚОЖАГЕЛДІ
04 қараша 2018 ж. 854 0