Барлық салада даму динамикасы сақталған

Аталған сұхбатта аудан әкімі ауданымыздың тыныс-тіршілігі, даму деңгейі, экономикалық әл-ауқатынан ақпарат берген. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда жоспарланған ауқымды жұмыстар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім қалыптасты. Жыл басынан бері ауданда барлық сала бойынша даму динамикасы сақталды» деді аудан әкімі журналистерге берген сұхбатында.
Расында, бүгінгі таңда ауданымыз жан-жақты дамып, өсудің оң тенденциясы қалыптасып келе жатқаны жасырын емес. Экономикаға тікелей ықпал ететін ауданның өнеркәсіп орындары 42,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 7,5 пайызға ұлғайған. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 6,9 млрд теңгені құрап, 34,7 пайызға өскен. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі осы жылдың қаңтар-мамырында 2,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артқан. Сондай-ақ биыл аудан экономикасына 30,7 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 118,5 пайызды құрайды. 8139 шаршы метрге тұрғын үй салынып, 5,3 пайызға ұлғайды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 5197 млн теңгені құрап, 107 пайыз болған. Бөлшек сауда айналымының нақты көлемі 1,3 млрд теңге болып былтырғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,2 пайызды көрсетті. 2025 жылдың 1 маусымына 2698 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның 153-і шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғалар, 1275 жеке кәсіпкер, 1270 шаруа және фермер қожалығы бар.
Ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъекті саны 2639 болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 96,6 пайызды құрайды. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 97,8 пайыз. Аталған көрсеткіштердің барлығы ауданның даму динамикасының жоғары екенін байқатады.
Сондай-ақ аудан әкімі аталған сұхбатта аудандағы іргелі істер, басты жобалар, ауданның туристік әлеуетінің даму қарқыны, жол сапасы мен көлік қатынасы, ауызсу мәселелері мен құрылыс жұмыстары туралы сұрақтарға жауап берген.
Айта кетейік, қазіргі аудан келбетін осыдан бірнеше жыл бұрынғымен салыстыра алмайсыз. Себебі жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық алаң, негізгі көшелер, көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, ауданымыздың көркі көз тартады. Қалыптасқан жұмыс жүйесі бар ауданымыз жан-жақты үлгі етуге тұрарлық. Жері шүйгін, халқы мамыражай ауданның дамуы жолында жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді.
«Тт» ақпарат
Фото: Ашық дереккөзден