Қазақстан Ұлттық Урбан форумы – 2025: Қызылорда диалог алаңына айналды

Форумға мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Басты тақырыбы – «Өңірлерден басталатын кешенді қалалық жаңғыру: Қазақстанда теңгерімді, инклюзивті және климатқа төзімді қалалар қалыптастыру». Аталған іс-шара халықаралық сипатқа ие. Биылғы Ұлттық Урбан форумның Қызылордада өтуінде терең мән бар. Өйткені бұл қала бүгінде өңірлік көшбасшылық пен орнықты өзгерістердің символына айналды.
Айта кетейік, қалаға алдын ала келген форум қатысушылары Қызылорда қаласының жаңарған келбетін, дамып келе жатқан әлеуметтік және мәдени нысандарды аралап, шаһардың бүгінгі қарқынын өз көзімен көрді. Қатысушылар Қызылорданың қарқынды дамуы мен жаңа жобалардың аясында қалыптасып жатқан қолайлы қала мәдениетіне ризашылықтарын білдірді. Олардың пікірінше, Сыр өңіріндегі осындай оң өзгерістер еліміздің өзге қалалары үшін де үлгі боларлық тәжірибе.
Айта кетейік, Ұлттық Урбан форумы – еліміздің қалаларын ғана емес, ауылдық елді мекендердің де болашағын біріктіретін диалог алаңы.
Осы форумның делегаты, БҰҰ-Хабитат аймақаралық кеңесшісі Шефер Катя Сырдария ауданына ат басын бұрып, өңірдің үлгілі ауылдарының бірі – Берекелі Бесарық пен Сыр өңірінің маржаны Нағи Ілиясов ауылдарына арнайы сапармен барды. Катя Шефер жергілікті тұрғындармен, ауыл әкімдігімен және жастар өкілдерімен кездесті. Ол ауылдың даму бағытымен танысып, инклюзивті жоспарлау, климатқа бейімделу мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар қазақ дәстүрі мен мәдениетінен мәлімет алды.
«Ауылдар – тек аграрлық емес, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени тіршіліктің маңызды бөлігі. Бесарық ауылындағы өзгерістер – тұрақты және инклюзивті дамудың жарқын көрінісі. Нағи Ілиясов ауылы – өңірлік деңгейдегі урбан дамудың жарқын мысалы. Мұндай жергілікті тәжірибелерді халықаралық деңгейде бөлісу маңызды» деді Катя Шефер пікір білдіріп.
Ал халықаралық форумның ашылу салтанаты күні кеше «Өнер орталығында» өтті. Халықаралық форумға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat Ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдері, еліміздің барлық өңірінен келген облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев форумға қатысушыларға сәттілік тілеп, аймақта атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелестік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс» деген болатын. Бүгінгі урбанизация дәуірінде қалаларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі. Қызылорда – дәстүрлі аграрлы аймақ! Қызылорда – мегаполис болмағанымен, қарқынды урбанизация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасаған қала. Қала халқының үлесі өсіп, өңір тұрғындарының шамамен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады. Қызылорда облысы Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін, нақты стратегияларға, аймағымыздың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда. Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы 135 млрд теңгеден астам инвестиция құйып, құрылыстың 80%-ы аяқталды. Орталық қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Катармен үкіметаралық келісім негізінде оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысы салынады. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады. Бүгінгі форум – қалаларды тұрғындарға қолайлы, климатқа төзімді, инклюзивті орталықтарға айналдыру жолындағы бірлескен бастамаларымызды нығайтатын алаң. Біз үшін форум – тек талқылау емес, нақты әріптестікке бастайтын жол. Осы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге серпін беріп, қалалардың болашағын қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттарға жетуде маңызды қадамдар жасауға ықпал етеді деп сенеміз, – деді Н.Нәлібаев.
Форумда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бауыржан Жүнісбеков, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, UN-Habitat ұйымы атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжимитов сөз сөйледі. Сонымен қатар, UN-Habitat атқарушы директоры Анаклаудия Россбахтың бейнехабарламасы көрсетілді.
Ал қорытынды сессияда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі өз пікірлерін ортаға салды. UN-Habitat ұйымының атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс қорытынды сөз сөйледі. Одан кейін Қызылорда облысы мен UN-Habitat ұйымы арасында декларацияға қол қою рәсімі өтті.
«Тт» ақпарат