Облыс әкімі «Ауыл» партиясының өкілі Қарақат Абденмен кездесті

Кездесуде өңірде жүзеге асырылған, соның ішінде ауылды дамыту бағытындағы жобалар мен бағдарламалар талқыланды.
“Президентіміз саяси реформаларды қалыптастыруда Парламент Мәжілісіне жоғары мәртебе берді.
Бұрын Мәжіліс заң жобасын дайындап, Сенатқа талқылап, бекіту үшін жолдайтын болса, қазір заң жобасын қолдау немесе кері қайтару құзыретіне ие. Бұл Мәжіліске халық аманатының еселеп артқанын айғақтайды.
Өңірімізде мемлекеттік органдар саяси партиялармен тығыз жұмыс жасап, олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуде. Қазіргі таңда аймағымызда 7 саяси партияның филиалы қызмет етеді. Саяси партиялардың облыстық филиалдарында 81 мыңнан астам адам тіркелген. Біз «Ауыл» партиясы филиалының бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп, бірлескен шараларды атқарып келеміз. Облыстағы барлық деңгейдегі 152 мәслихат депутатының 15-і - «Ауыл» партиясының өкілдері. Қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамына 100-ден астам саяси партия жетекшілері мен мүшелері енгізілді”, - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бүгінде облыс халқының 53 пайызы, яғни 448 мыңнан астамы ауылда тұрады. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» сияқты бірқатар маңызды бағдарламалар жүзеге асуда.
Соның ішінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы ерекше. 2023 жылы бағдарлама аясында 3 млрд теңгеге 406 жоба іске асып, 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 2,5 млрд теңгеге 376 жоба жүзеге асырылды. Биыл 5,5 млрд теңгеге 815 жоба жоспарланған.
Қ.Абден Сыр еліне жұмыс сапары барысында облыстық перинаталдық орталық қызметкерлерімен кездесіп, "Сыр жұлдыздары" шығармашылық-инновациялық орталығының, "Мағжан и К" ЖШС күріш зауытының, "Анаға тағзым" орталығының, тағы басқа мекемелердің жұмысымен танысады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі