Аудандық емхананың қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуіне партиялық бақылау жасалды

Мониторинг барысында сала маманына дәрі-дәрмектерді үйге алдырту мүмкіндіктері, тегін дәрі-дермектерді алу заңдылықтары және дәрілердің түрлері мен сақтау мерзімдеріне қатысты сұрақтар қойылды.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ГОБМП) бойынша 7,4 млрд теңгені, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) бойынша 1,4 млрд теңгені құрайтын дәрі дәрмек бар. Жеткізуші тараптан қазіргі уақытта әлі де ГОБМП бойынша 436 млн теңгеге, ОСМС бойынша 145 млн теңгеге арналған түпкілікті өтінім позициялары күтілуде. Осы ақпан айында ГОБМП бойынша 584 млн теңгеге, ОСМС бойынша 248 млн теңгеге қосымша өтінім жасалып, қажетті дәрі-дәрмектер жинағы тиісті органға ұсынылған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай дистрибьютер болып табылатын «СК-Фармация» арқылы 2,6 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілген.
Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Жанар Жұмабаева тұтынушылар eGov mobile мобильді қолданбасындағы e-Densaulyq сервисі арқылы QR-код көрсетіп, дәрі-дәрмекті ала алатындығын айтады.
«Бұл сервис пациенттерге дәрі-дәрмекті қағаз құжатын көрсетпей-ақ, рецепті бойынша алуға мүмкіндік береді. Яғни, науқастың сәйкестендіру QR коды арқылы жүзеге асырылады және медициналық көмектің ашықтығын қамтамасыз етіп, жалған позитив жағдайларды азайтады. Сонымен бірге дәріханалар үшін рецепттерді тезірек және дәлірек өңдеуге, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасына оң әсер етеді, олардың күту уақытын қысқартады»,-дейді Жанар Жұмабаева.
Бүгінгі күні облыстағы емдеу ұйымдарында 43 546 науқасқа 72 219 рецепті жазылып, 695,5 млн теңгеге дәрілік заттарға игерілу жұмыстары жасалған. Мониторинг барысында аудандық емханада қажетті дәрі – дәрмектердің жеткілікті және талап сай сақталып жабдықталуы анықталды.