Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы тағайындалды
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен ішкі істер органдарындағы кадрлық өзгеріске орай актив өтті. Оған Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сарсенов, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері, басқарма, департамент, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары мен ардагерлер қатысты.
2023 жылдың мамыр айынан Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы Ішкі істер министрінің бұйрығымен құрметті зейнет демалысына шықты.
Жиында аймақ басшысы Қызылорда облыстық полиция департаментінің жаңа бастығы Ергешов Серік Жүрсінбайұлын таныстырды.
«Мемлекет басшысы «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет» деп атап өткен болатын.
Полиция органдарының жұмысын күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық қорғау саласында пәрменді шаралар қабылдау басшылық құрамның нәтижелі іс-қимылына тікелей байланысты.
Ішкі істер органдары – қоғамда құқық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі. Әсіресе, сақшылардың кәсіби қызметі – зор жауапкершілігімен, тәуекелшілдігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен ерекше құнды әрі мәртебелі.
Бізге қоғам тыныштығын күзетіп, қиын жағдайда шұғыл әрі батыл шешім қабылдап, қызметтік парызын адал атқара алатын полиция қызметкерлері керек. Құқық қорғау органдарының жұмысын жүйелі әрі оңтайлы ету үшін әкімдік тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Жауапкершілігі зор, күрделі салада Серік Жүрсінбайұлының білімі мен біліктілігі, кәсібилігі, пайымды басшылығы, жинақтаған мол тәжірибесі жетеді деп санаймыз», – деді Н.Нәлібаев.
Мәжілісте Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов жаңа басшының еңбек жолына тоқталып, қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай, басқа да сала ардагерлері өз құттықтауларын жеткізді.
Серік Жүрсінбайұлы Ергешов 1979 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылдан ішкі істер органдарында бастаған. Ұзақ жылдар бойы ОҚО ІІД Шымкент қаласының ішкі істер басқармасында түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2019 жылдан Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары қызметінде болды.
Айта кетейік, 2022-2024 жылдар аралығында полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлінді. Биылдың өзінде 3 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Қылмысты уақытылы ашу және жедел әрекет ету үшін бейнебақылау камералары желісін көбейтуге мүмкіндік жасалды. Облыстың жеті ауданына 539 бейнебақылау, 49 жылдамдық өлшегіш камерасы орнатылды. Республикада алғашқы болып Қызылорда облысындағы барлық ауданда полиция бөлімдерінің Жедел басқару орталықтары іске қосылды. Бұл орталықтар ұсақ құқық бұзушылықтан бастап ауыр қылмыстардың ізін анықтауға және сақшылардың жұмысын оңтайлы етуге жол ашты.
Соңғы 3 жылда департаментке жаңа үлгідегі 128 автокөлік табысталды. Биыл 52 қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі