Мемлекеттік биліктің маңызды тармағы
Биыл жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай республика бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп, мерейтойлық дата кеңінен аталып өтілуде.
«AMANAT» партиясының аудандық филиалында аудандық мәслихаттың депутаты болған, мәслихаттың дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтарды, атқарушы органда жұмыс істеп жүрген бірқатар қызметкерлерді мерекелік медальмен марапаттауға арналған жиын өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Ержан Әжікенов, «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, БАҚ өкілдері қатысты.
1993 жылы 8 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы халық депутаттары жергілікті Кеңестерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сол күнгі «Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі мен жергілікті өкілді органдары депутаттарының сайлауы туралы» Заңына сәйкес мәслихаттардың алғашқы сайлауы 1994 жылғы 7 наурызға белгіленді. Міне, содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті.
Қазіргі кезеңде елімізде Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси модернизация да жүйелі жүзеге асуда. Яғни мемлекеттік қызмет пен сервистік жұмыстың сапасын арттыруда қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды белсенді қатыстыру жұмысы жетілдірілуде.
Осы орайда жуырда ғана Астана қаласында өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумына Мемлекет басшысы, Үкімет мүшелері және Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары қатысты.
Форумда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы ауқымды тақырыптарды қамтып, елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар өзекті мәселелерге тоқталған болатын.
«Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін» деген Президент елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы мәслихат депутаттарының ерен еңбегі мен қоғамдағы қызметі айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
– Негізінен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Жолкелдіұлы мәслихаттың тұрғындармен тығыз-қарым қатынас орнатуы қажеттігін әрдайым баса айтып келеді. Бұл бағытта жұмысымыз бір жүйеге түскен. Мәслихаттың 12 депутатының 11-і «AMANAT» партиясынан сайланған болса, 1 депутат «Ауыл» партиясының өкілі. Бүгінде 3 депутаттық мандат бос тұр, 8 желтоқсан күні 2 мандат бойынша сайлау өтіп, Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарының халқы өз таңдауларын жасайды. Біз сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстарында мәслихаттың құзыретіне сай шешімдер қабылдап, депутаттық сауал жолдап, қабылдау өткізіп, көшпелі жиналыс өткізудеміз. Бұл – біздің мәслихат депутаты ретіндегі басты міндетіміз. Осы міндетті жұмысты жүзеге асыру барысында өздеріңіз салған сара жолға қарап, бағыт-бағдар алатынымызды айта кетейін, – деді аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлы.
Мәслихат төрағасы әр кезеңдегі шақырылымда депутат болған бірқатар азаматты және жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
Содан соң партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табыстау салтанаты өтті. Партиялық билетті «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов тапсырды. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы жаңадан қабылданған партия мүшелерін құттықтап, партияның тарихы, жетістіктері, жобалары мен алдағы мақсат-міндеттері туралы айтты.
Бибісара ЖАНӘЛІ