Президент пәрмен берді, орындалуы қалай?

Жаңа университет ашылады
Биыл сәуір айында ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта құру және оның негізінде екі ЖОО — «М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ТарУ» КеАҚ) және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ҚазҰСШИУ» КеАҚ) құру туралы шешім қабылдады.
Оқу орындары олардың жарғылық капиталдарына мемлекеттің 100 пайыз қатысуы арқылы құрылды. Осылайша, арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайтын болады.
ҚазҰСШИУ-да «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» атты жаңа білім беру бағдарламалары енгізіледі. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа ЖОО студенттер қабылдай алады деп жоспарланып отыр. ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы (бакалавриатқа – 210, магистратураға – 20, докторантураға – 15) бөлінді. Білім беру цикліндегі жалпы контингент саны 4 000 білім алушыны құрайды.
Тұжырымдама қабылданды

Негізі елімізде 93 ақпараттық база қосылған Smart Data Ukimet-те мемлекеттік органдардың деректерін жинау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 17 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша 15 бағытты енгізді.
Премьер-Министр жасанды интеллект құралдарын қолдану көптеген күнделікті міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік беретінін баса айтты. Атап айтқанда, бірқатар өндірістік процестер, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады. Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар. Айта кету керек, Президент тапсырмасын орындау үшін Әділет министрлігіне жасанды интеллектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты күшейту жүктелді.
22,7 млрд теңге бөлінді

Қаражат Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды, сондай-ақ көпірлер мен су өткізгіш құрылымдарды қалпына келтіруге, реконструкциялауға және құрылыс жұмыстары үшін әкімдіктерге бөлінді. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішінде Ырғыз – Нұра, Ырғыз – Құттыкөл, Құмтоғай автожолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын автожолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелі құрылысы бар.
Ақмола облысында Атбасар қаласына апаратын жол бөлігін, Атбасар – Сочинское автожолын қайта жаңарту, Жалтыр – Макинск автожолын, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елді мекендерге кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлығы – 14 бағыт. Ал Қостанай облысында қаражат 22 бағыт бойынша жолдарды, көпірлерді және 10-ға жуық су өткізгіш құбырды жөндеуге және реконструкциялауға жұмсалады. Мұнан бөлек Солтүстік Қазақстан облысында 10 жолды, оның ішінде Көкшетау – Омбы бағытындағы жолды жөндеу, сондай-ақ 22 шақырым су өткізгіш құбырларға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
«Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін су тасқынынан кейін бүлінген жол бөліктерін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. 2024 жылғы 17 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді және инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оның барысында Үкімет басшысы қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын арттырып, туындаған мәселелерді жедел шешу үшін адамдар мен техниканы жұмылдыруды тапсырды» деп ақпарат таратты Орталық коммуникациялар қызметі.
Этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасы берілді

Салалық министрліктің хабарлауынша, жергілікті атқарушы органдарға «Ата жолы» картасын алуға барлығы 75 өтінім түскен. «Ата жолы» картасын алғандардың арасында инженер-физик, инженер-математик, химиялық технологтар, жақ-бет хирургиясы дәрігерлері, педиатрлар сияқты мамандар бар екен. Олар Қазақстанға Ресей, Қытай, Ауғанстан, Моңғолия, АҚШ, Австрия, Израиль, Германия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Нидерланд, Финляндия, Франция және Түрікменстан елдерінен келген.
«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады және еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін дербес таңдайды.
Айта кету керек, «Ата жолы» картасы бар адамдардың сайлауға және ҚР Парламенті мен мәслихаттарына сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алса, карта жарамсыз деп танылады.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ