Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті

Мемлекет басшысы Абу Даби Әмірлігін билеуші әулеттің өкілі, шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянға ілтипат білдіре отырып, бүгінгі кездесу екі елдің ынтымақтастығын нығайту жолдарын талқылауға орайлы сәт екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.кз.

– Биыл жыл басында Әмірліктерге жасаған сапарымды және ел басшылығымен өткізген кездесулерімді жылы сезіммен еске аламын. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел халықтарының игілігі үшін қызмет етіп жатқанын ерекше атам өтемін. Араб Әмірліктері – біз үшін ислам әлеміндегі сенімді әрі басты стратегиялық серіктес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас ел. Мұны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Әмірліктердің ел көркеюіне қосқан үлесін достық пен тығыз ынтымақтастықтың жарқын бейнесі деп қабылдаймыз. Мүмкіндікті пайдаланып, Араб Әмірліктерінің басшылығына алғысымды білдіремін және Президент шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға ыстық ықыласқа толы сәлемімді жолдаймын,  – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде  шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомартқа Тоқаевқа алғыс айтты және  Қазақстан мен БАӘ қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

– Сіздің қаңтар айында БАӘ-ге жасаған ресми сапарыңыз достас екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан табысты болды. Еліңізбен арадағы қарым-қатынасымыздың тарихы тереңде.  Бүгінде халықаралық және аймақтық жағдайларға қарамастан, көптеген салада ынтымақтастығымыз нығайып келеді. Бірлескен инвестициялық жобаларымызды жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдай жасағаныңыз үшін Сізге және Қазақстан үкіметіне ризашалығымызды білдіреміз, – деді шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян.

Кездесу барысында екі елдің  сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды. Президент Әмірліктер компанияларының мүмкіндіктері мен тәжірибесі мол екенін айта келіп, оларды  ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай химиясы, тау-кен өндірісі, құрылыс, көлік және логистика, қаржы, туризм салаларындағы жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Кездесу соңында Президент екі ел арасындағы  ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.



26 мамыр 2023 ж. 202 0