Депутаттардың ұсынысын тыңдады
Ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына атқарушы органмен қатар өкілді орган да тікелей жауапты. Сондықтан аудан әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарына тұрғындар тарапынан тең талап қойылады. Осы ретте, аудан әкімі сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлерді саралау үшін аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.
Кездесу еркін форматта ұйымдастырылды. Әрбір округтен сайланған депутатқа жеткілікті уақыт беріліп, аудан басшысы айтылар ұсыныс пен пікірді, тіпті сын-ескертпені де асықпай тыңдады. Мәселелердің түйіні – инфрақұрылымды жетілдіру, жолдарды жөндеу, аяқ су мәселесін реттеу, газдандыру, жарықпен қамтамасыз ету секілді өзекті тақырыптармен ұштасты.
– Биыл біз үлкен саяси маңызды науқандарды жоғары деңгейде қорытындылап, жаңа кезеңге қадам басып жатырмыз. Бұл – ауданымыз үшін де, әрбіріміз үшін де аса өзекті. Сондықтан жауапкершілікті терең сезініп, Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің жанына топтасып, елімізді әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Астанада кеңейтілген кеңес өтті. Кеңеске ауданнан аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов екеуміз қатысып келдік. Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелері кеңінен талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Сол тапсырмаларды орындау бағытындағы жұмыстарды нақтылау бойынша аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен де арнайы жиын өткізілді. Бұл жиынды тарихи жиын десек те болады. Өйткені, облысымыздың алдағы даму белестері айқындалып, үлкен істердің негізі қаланды, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуында аудандық мәслихат депутаттарының алатын орны ерекше екенін айтты. Депутаттар бүгінде тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы мен әрбір сессияларда маңызды шешімдер қабылдап, сайлаушылардың ұсыныс-пікірін жұмыстарының басты арқауы еткен. Бұл жолғы жиын сол жұмыстарды жетілдіруге арналып, әр округтен сайланған депутаттар тұрғындардың мұң-мұқтажын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Парламент пен Үкіметтің өзара бірлескен жұмысына қатысты мәселелерге ерекше тоқталды. «Парламент депутаттарының ой-пікірі атқарушы билікті беталды сынның астына алуды ғана көздемеуге тиіс. Үкіметтің де, Парламенттің де мақсаты – бір. Бұл – халықтың қамы және елдің мүддесі» деді Президент. Бұл бізге де қатысты. Жергілікті жерде мәслихат депутаттары әкімдерге қолдау көрсетіп, қажет болса кеңесшісі болып, өзара ақылдасып, халық игілігі үшін жұмыс жасауы керек. Яғни, біз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына бар ынта-жігерімізбен, күш-қайратымызбен атсалысуымыз қажет. Бізден мұны уақыт да, қоғам да талап етіп отыр. Ал бұл істе Сырдария аудандық мәслихатындағы депутаттық корпус жергілікті атқарушы органдармен, аудан, кент және ауыл әкімдіктерімен, бөлімдермен тығыз әріптестік байланыста болып, тиімді шешімдердің қабылдануына жұмыс істеуде деп нық сеніммен айта аламын, – деді жиында аудандық мәслихат төрағасы.
Депутаттардың ұсыныстарын байыппен тыңдаған Берік Сәрменбаев кент және ауыл әкімдеріне, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Арнайы жоспар әзірленіп, әрбір мәселенің орындалуы назарға алынып, бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ депутаттарды ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерін жақсарту бағытында бірлесе еңбек етуге шақырды.
А.ИБРАГИМҰЛЫ