Кандидаттар бағдарламаларын таныстырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Соған байланысты елімізде Жаңа жылдың басында аса маңызды саяси науқан өткізіледі деп жоспарлануда. Осыған орай, Сыр өңірінен ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар тіркеліп, кездесулер өткізуде.
Аймақтан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар Жорабек Нұрымбетов, Руслан Рүстемов және Асылбек Шәменовтің өкілі Димаш Кенжалиев ауданға арнайы келіп, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кандидаттарды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы бастап келді. Сондай-ақ кездесуге қоғам қайраткері Биғали Қаюпов, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев, «Өрлеу» ұлттық орталығының директоры, профессор Бауыржан Елеусінов, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев қатысты. Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Ержан Әжікенов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында кандидаттар өмірбаяны мен бағдарламаларын таныстырды. Алдымен, ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат А.Шәменовтің өкілі Димаш Кенжалиев сөз сөйледі. Ол кандидаттың өңірдің әлеуетімен жақсы таныс екенін айтып, маңызды мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеруге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізіп, алдағы мақсат-міндеттерімен бөлісті. Білім, денсаулық салаларын дамытудағы, өндіріс өнеркәсібін өркендетудегі жоспарларын атап көрсетті.
Мұнан соң ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Жорабек Нұрымбетов сөз алып, Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолында Сенаттың депутаттық корпусының бәсекелестік, ашықтық қағидатқа сай болуын атағанын айтты. Соған байланысты өзі ұзақ жылдар бойына су шаруашылығы саласында еңбек етіп жүргенін жеткізіп, өзінің бағдарламасы өңірдегі су ресурстарын реттеуге қатысты екеніне тоқталды. Сырдария өзені мен Кіші Арал суын қалпына келтіру үшін трансшекаралық байланысты нығайтып, сенатор болып сайланса, осыған жұмыс жасайтынын алға тартты.
Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Руслан Рүстемов халық қалаулысы атану үлкен жауапкершілік жүктейтінін, депутат ретінде сайланса, халықтың мұң-мұқтажын мінберде жеткізу үшін аянбай еңбек ететінін тілге тиек етті. Өзінің бағдарламасында әлеуметтік сала, мәдениет пен білім, агроөнеркісіптік саланы дамытуға басым бағыттар берілетінін жеткізді. Мемлекеттік қызметтің түрлі белесінен өте жүріп, бірқатар заңдарда қарама-қайшылықтар кездескенін жеткізді. Оның ішінде, мәдениет пен спорт саласында жетілдіретін, аудан басқарып жүргенде қысылтаяң шақтарда төтенше жағдай жариялауда заңнамалық актілердің өңірге сай келмей жататын тұсын атап айтты.
Жиын барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы халық қалаулысы ретінде біраз жұмыстардың атқарылғанын, халықтың көптеген мәселесін Үкіметке жеткізгенін, олардың шешім табуына атсалысқанын айтты.
– ҚР Парламенті Сенатына екі мәрте сайланып, 12 жыл халық қалаулысы ретінде еңбек етіппін. Осы уақыт аралығында 30-ға жуық Заңның шығуына төрағалық етсем, бірқатарының кері қайтарылуына ықпал еттік. Ел бюджетінің бөлінісін де қамтамасыз еттік. Осы қызметте жүріп мол тәжірибе жинадық. Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевпен Сенат қабырғасында бірге отырып, ол кісіден де көп нәрсе үйрендік. Сондықтан осы жоғарғы палатада қызмет ету – менің өмірімнің негізгі белестерінің бірі. Сыр өңірінде өзіндік айтары бар, сенаторлыққа лайықты тұлғалар жетерлік. Олар әрі қарай өңір әлеуетінің жақсаруына, елдің мұңын жеткізуге еңбек етуі тиіс. Сондықтан кандидаттарға сәттілік тілеймін. Ал осы жылдар ішінде маған сенім артқан барша тұрғынға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Сенатор ел дамуы жолында атқарған жұмыстарын қағаз бетіне түсіріп, әр жылдары кітап шығарған. «Аманат», «Менің дәуірім, менің сөзім», «Елдің жоғын жоқтадық, Сырдың мұңын мұңдадық», «Құндылықтама», «Сенатордың жазбалары» атты кітаптар топтамасын жиынға қатысқан аудандық мәслихат депутаттарына сыйға тартты.
Кездесуде қоғам қайраткері Биғали Қаюпов, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев, «Өрлеу» ұлттық орталығының директоры, профессор Бауыржан Елеусінов те сөз сөйлеп, Сенат қабырғасында М.Бақтиярұлының атқарған еңбегі орасан зор екенін жеткізді. Сондай-ақ еліміздегі саяси реформалар, мемлекеттік басқару саласындағы жаңалықтар, өңірдің өзекті мәселелері мен кандидаттардың бағдарламалары туралы пікір білдірді.
Кездесу соңында аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Әжікенов кандидаттарға сәттілік тілеп, өздерінің бағдарламаларын, жоспарларын кеңінен таныстырғаны үшін депутаттық корпустың атынан алғыс білдірді. Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлына қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Е.БЕРКІНБАЕВ