Мәжіліс Елбасы туралы заңның күшін жою туралы заң жобасын қарауға алды

Бүгін, 28 желтоқсан мәжілістің кезекті отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы" Конституциялық заң жобасын қарауға қабылдады.
Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметовтің айтуынша, заң жобасы республикалық референдум қорытындысы бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді.
"Атап айтсақ, биыл 8 маусымдағы Заңмен Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті Конституциялық заңның күшін жою көзделеді", - деді Қожахметов.
Ата заңнан Назарбаевқа мемлекет басшысы лауазымына қатарынан екі реттен артық сайлану құқығын беретін ереже алынып тасталды.
Сондай-ақ, 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тұңғыш президент туралы тұжырымды және оның Елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынды.
Алайда Нұрсұлтан Назарбаевты барлық мәртебе мен артықшылықтардан айыру үшін "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" Конституциялық заңының күшін жою қажет болатын.
Бүгін парламентте осы процесс басталды.