Жастар саясаты туралы жаңа заң қабылданды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі ресми мәлімдеді.
Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының алдында баяндама жасаған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, жаңа заң жобасында бірқатар маңызды өзгертулер енгізілген. Бұл туралы министр өткен аптада өңірлік жастар ресурстық орталығы мен жастар басқармасы басшыларымен және осы саланың жігерлі де жалынды өкілдерімен өткен кездесуде де айтып өтті.
– Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы қабылдануда. Соған байланысты еліміздегі жастардың жалпы саны 6 млн-ға жетіп отыр. Бұл өз кезегінде жастарымызға көп мүмкіндік берері анық. Аталған заң жобасында жастардың даму индексі енгізіліп, NEET санатындағы жастарға құқықтық мәртебе беру қарастырылды. Қазақстан әлемдік жастардың дамуы индексінде 150 мемлекеттің ішінде 54 орында тұр (2017 жылы – 63 орында болған). Жастардың даму индексінде негізгі 12 компонентінің 9 тармағы бойынша пайыздық коэффициенттер өскені байқалады. Жалпы, жастарымыз сан түрлі ой-пікірлерімен, сан алуан ұстаным-бағыттарымен, көзқарастарына қарамай, жік-жікке бөлінбей, ортақ мүддеге жұмылғаны жөн. Ұрпақтар сабақтастығы берік жалғасып, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, ел іргесін бірге нықтауға тиіспіз. Ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов әдебиеттегі ағысы бөтен асау толқынға «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деп үміт артқанындай, бүгінгі буырқанған бұла буыннан жарқын болашақтың сәулесін көргендей боламыз. Озық ойлы жастардан соны серпін, тың идея, жаңа бастамалар күтеміз. Жаңа дәуір жастарға жаңа міндеттер жүктейді, – деді Дархан Қыдырәлі.
Енді «Бұл заң жастарға не береді?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіреді, оларды жұмыспен қамтуға, дамуына қажетті іс-шаралардың атқарылуына мұрындық болады. Сондай-ақ заң жобасына жастардың даму индексі және уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санаты) секілді ұғымдар енгізілген. Ең маңыздысы, жастардың шек мөлшері 29-дан 35-ке дейін ұлғайтылды. Сондықтан енді 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатында әлеуметтік игіліктерге қол жеткізе алады. Мұнан бөлек, жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтіледі деп күтілуде. Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлау құжаттарына, оның ішінде аймақтарды дамыту бағдарламаларына жастармен жұмыс бойынша нақты индикаторлар, бағалау критерийлері және күтілетін нәтижелер енгізіледі.
– Жастарды дамыту индексі – Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған жастарды дамытудың жаһандық индексінің қазақстандық нұсқасы. Индексті енгізу Қазақстанның халықаралық рейтингтегі имиджінің өсуіне әсер етеді. Сосын, Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін, біршама өзгерістер енгізілді. Заңнаманың бұдан да басқа игіліктері бар. Заңнама жобасына бастамашыл болған және талқылануына белсене қатысқан сарапшыларға, Мәжіліс және Сенат депутаттарына алғыс айтамын, – деді министр.
Айта кету керек, осыдан 2 жыл бұрын еліміздегі волонтерлік ұйымдардың саны небәрі 224 болса, бүгінгі таңда ол 700-ге жуықтады. Белсенді волонтерлер саны 50 мың адамнан 200 мың адам болып, 4 есе өсті. Ал еріктілердің басым бөлігі жастар екенін ескерсек, жастардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуында алатын орны ерекше екенін аңғарамыз. Сондықтан Парламент мақұлдап, Президент қол қойған жаңа заң жобасы жастар саясатын дамытуға оң әсер етеді деп сенеміз. Аталған Заңның толық мәтіні республикалық басылымда ресми жарияланады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ