Сайлауалды бағдарламада барлығы қамтылған
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Съезд аясында партиялық тізім бекітіліп, партияның сайлауалды бағдарламасы енгізілді. Бұл жетекші партияның алдағы уақытта атқаратын жұмыстарының негізі болмақ.
«Nur Otan» партиясының «Өзгеріс жолы: баршаға лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасына және халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген міндеттерге негізделген. Естеріңізде болса, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әр өңірде, қалалар мен аудандарда 216 сайлауалды бағдарламаның жобалары әзірленген болатын. Аталған бағдарламалардың барлық жобалары праймериз барысында тұрғындармен бірге кеңінен талқыланды. Қабылданған өңірлік бағдарламаларда азаматтардың ұсыныстары мен ескерту-пікірлері де ескерілді. Халық үніне құлақ аса отырып, әзірленген бұл бес жылдық бағдарлама бүгінде халық игілігіне жұмыс жасау үшін нақты қолданысқа енгізілді.
Негізі «Nur Otan» партиясы соңғы бесжылдықта қарқынды жұмыс істеді. Партияның 234 қоғамдық қабылдауы сайлауалды бағдарламаны бақылау мен «кері байланыстың» пәрменді тетігі болды десек қателеспейміз. Нақтырақ айтқанда, соңғы 5 жыл ішінде партиялық басты органдар түрлі мемлекеттік және партиялық органдарға 800-ден астам ұсыным әзірледі. Мәселен, Партиялық бақылау комитетінің араласуымен 9,3 мың медицина қызметкеріне өтемақы төленді. Мұнан бөлек партияның «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі 2 есеге артты. Елімізде партияның бастамасымен 417 мектеп салынды және 2020 жылдың соңына дейін тағы 141 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.
Халықтық партияға соңғы 5 жыл ішінде шамамен 1,2 млн адам жүгініп, көмек сұраған. 30% өтініштер онлайн қаралған. Өтініштердің 92%-і бойынша оң шешім қабылданып, тегін кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілген. Бұл жұмыстар Сырдария ауданында да сапалы ұйымдастырылуда. Аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының мүшелері қоғамдық қабылдау өткізіп, қабылдауға келген азаматтардың өтініштері заңға сәйкес шешілуде. Тиісті сала мамандарының қатысуымен түсіндірмелер мен қажетті кеңестер беру жолға қойылған. Пандемия кезінде қабылдаулардың жұмысы онлайн форматта өткізілді.
Атап өту керек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес партия үшін принципті мәселе. Бұл бағытта аудандық филиалдың нақты жоспары бар. Жоспарлы жұмыстар аудан аумағындағы барлық мекемелерде жүргізілуде. Жемқорлықтың түбі қорлық екені айтылып, партия мүшелері қоғам үшін жат әдетті жоюға өз үлестерін қосуда. Әсіресе, партия жақтастары ел үшін де, жеке адамдар үшін де маңызды іске лайықты атсалысуда.
Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезінде көптеген маңызды мәселелер айтылды. Қорытындылай келе, аудандағы партия мүшелері сайлауалды бағдарламаға енгізілген басым бағыттарды іске асыруға бір кісідей жұмылады деп сенемін.
Еркебұлан ЖАҚЫП,
«Nur Otan» партиясы
Сырдария аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары