Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бес қыздың өлімі: Анасы түнгі ауысымда болған, әкесін жұмыс беруші шақырып алған

Бес қыздың өлімі: Анасы түнгі ауысымда болған, әкесін жұмыс беруші шақырып алған

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 5 баланың өмірін жалмаған Астанада болған өрт туралы мәлімдеме жасады. 

«Астана қаласында түнде болған өрттен қаза болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтамыз. Бес адам, бәрі қыздар. Үлкені 13 жаста, кішісі 3 айда», - деді вице-министр.

Ол оқиғаның хронологиясына тоқталды. 

«Орталық өрт байланыс пунктіне сағат 2.34 кеткенде 02:34-те «Көктал-1» тұрғын алабы, Шыңғыстау көшесі, 5 мекенжайында орналасқан шаруашылық құрылысының өртеніп жатқаны туралы сол үйдің көршісінен хабарлама келіп түсті. Содан кейін ол жерге Астана қаласы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бірінші бөлімшесінің жеке құрамдағы 15 адам мен 3 бірлік жіберілді. Бөлім мен өрт болған орын арасы 4 шақырымды құрайды. Құтқарушылар 7 минутта келіп жеткен. Өрт 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Сағат 2.53 кеткенде бес дене табылды. Барлығы балалар. 3.06-да өрт ауыздықталып, 3.24-те толық өшірілді. Балалар үлкендердің қарауынсыз қалған», - деп айтты Ильин.

Оның айтуынша, оқиға орнында өрттің шығу себебін анықтау үшін Өрт-сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. 

«1984 жылғы балалардың әкесі СТО-да механик болып жұмыс істейді. Оны кешкісін жұмыс берушісі шұғыл шақырып алған соң үйде болмаған. Ал бөлшектеп өлшеуші болып жұмыс істейтін аналары оқиға болған кезде түнгі ауысымда болған. Өрт болған маңда отбасының туыстары тұрады. Туыстары түнгі 2.00-де үйге келіп, ұйықтап жатқан балаларды тексеріп кеткендерін айтты», - деді ІІМ орынбасары ОКҚ-да өткен брифингте. 

Еске сала кетсек, 4 ақпанда түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов өрттің мән-жайын анықтауды тапсырды. Сонымен қатар ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл оқиғаны тиісті органдардың қатаң бақылайтынын айтқан болатын.

Назерке Абибулла

baq.kz

04 ақпан 2019 ж. 1 561 0