Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

№ 30 газет

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Лида

Метродан әріректе, адамдар бара бермейтін парк болатын. Кездескен кезде осы паркке кетіп қалып жүрдік. Бізді осы бытысып өсіп кеткен аллея, түп-түзу болып өскен теректер, әсіресе тыныштығы еріксіз тартатын. Осындай тыныштықта, біз ақырын дабырламай сөйлесіп отыратын едік. Көбіне Лида сөйлейтін, институт, достары мен құрбылары, оқыған кітаптары жайлы. Тіпті осы отырған парк туралы, тағы басқа бірдеңелер жайлы, бірақ мұның бәрі екеумізге де қызық еді. Мен еш қысылмастан Лидаға көз алмай қарайтынмын. Оған көз тоймайтын. Анау Солнчегорск түбіндегі Сенеж көлінің суы секілді көгілдір көздері, ана сарғыш шаштары, мұндай түстес шөпті Жаңа Иерусалим түбіндегі өзеншелердің жағасынан жұлып, аралардан қорғанғанбыз. Тіпті ернінің үстіндегі болар-болмас қарауытқан бірдеңеге дейін маған ыстық еді.

Лида бірнәрсеге ренжіген кезде үстіңгі ернін қымқыратын әдеті бар еді, сол кезде бұл анық байқалатын. Біздің Дағыстан тауларындағы ағып жататын бұлақтың сылдырына ұқсаған Лиданың даусына құлақ салып тыңдап отырдым. Бұл дыбыстар біресе тасқа соғылып жатқан су секілді баяу, біресе сарқырамаға сіңіп кетер кездегі гүрілге ұқсап кетіп жатады. Әрине бұл, екеуміз бірдеңеге таласып қалатын кездегі жайт.

Біздің уақытымыздың көбісі осы паркте өтетін. Аллеясын аралап жүреміз, немесе кез келген жаққа жүре беретінбіз, осы жүрісімізбен қаншама жолды таптап тастадық. Бірақ бұл жолдар біздікі, бізге ғана тиесілі. Әрбір ағаш, әрбір бұтақ, бізге таныс еді, біздің әрбір сәтіміз, әрбір болып қалған бір жайт осылармен байланысты еді. «Біздің парк» дейтін Лида, ал егер осы жерден біреу өте қалса, немесе күннің ыстығына шыдамай біреу сәкіге демалмақшы болса, біз оларды жақтырмайтынбыз.

Ал қыстыгүні театрға барып жүрдік. Мұндайда Лида шаршауды білмейтін.

Үлкен театрлардан басқа біз тәжірибе жасау студияларында болатынбыз, бұлар сол кезде жаңбырдан соңғы саңырауқұлақ секілді көп болатын: Қызыл Пресняда, Никита қақпасы, Смоленск, Оңтүстік Батыс, Фрунзе жағалауында, бұл жерлерде белгілі немесе әлі таныла қоймаған авторлардың пьесалары қойылып жататын. Бұдан басқа классикалық драмамен астасып кеткен пантомимо, музыка, немесе би өтіп жататын.

Спектакльден соң мен Лиданы шығарып салдым. Бір-бірімізбен ұзағырақ болу үшін, біз Никита ауданының ирелеңдеген қысқа көшелерімен келе жататынбыз. Ал мен ішінде жартылай адамы жоқ электричкаға әрең үлге­ретінмін, ішінде келе жатып тек Лиданы, келешекте онымен қалай өмір сүретінімді ойлап келе жаттым.

Мен онымен осылай араласып жүргенім­мен, одан отбасылы екенімді жасырғам жоқ, бұл мүмкін де емес еді. Мен оған біз дәстүр бойын­ша үйленгенімізді, бұның маған да, оған да бақыт әкеле қоймағанын, бұл жағдайға екеуіміздің де әке-шешелеріміздің себепші болғанын түсіндірдім. Бұрын мен басымдағы жағдайға көндіккен болатынмын, енді мен нағыз махаббатымды жолықтырғанда алдағы тағдыр шешіліп қойылған еді...

Сааду үнсіз қалды. Қалың ойға шомып кеткен тәрізді.
– Әрі қарай не болды, – Гурам шыдамай. – Араларыңда бірдеңе болды ма?
Сааду оған салқын қарады, сосын күлім­сіреді.

– Арамызда ештеңе болған жоқ. Біз оңай танысқанымызбен, біздің қарым-қаты­насымыз салқын, ұстамды болатын. Біздің сезімдеріміз соншалық асқақ, шынайы еді. Рас, мен Лиданы шығарып салатын кезде сүйісіп қалатынбыз. Бірақ бұл атүсті, дос­тар арасындағыдай, асығыс-үсігіс өтетін бірдеңе еді. Бір жағынан ол мұндай нәрседе ұялшақ тұғын. Біз бірінші сүйіскенде, нағыз ғашық жандар секілді сүйістік, ал ол барынша берілді. Мұндай жағдай вокзалда немесе бір қоштасатын сәттерде болады. Мен курсты бітіріп, Дағыстанға қайтар кезде, оны сүйіп тұрып оның бетіндегі жаңбыр тамшыларын, әлде көз жасы ма, көрдім. Егерде, ол сол кезде бір ауыз сөз айтқанда, мен билетті жыртып, чемоданымды тастап, осы Москваның жаңбыр жауып тұрған перронында қалатын едім...

Ал қазір, тамбурдың терезесінен басымды шығарып Лидаға қол бұлғап бара жаттым. Ал Лида бұл кезде кетіп бара жатқан пойыздың соңынан, жаңбыр жауып тұрған перронда қарап тұрды. Көзге көрінбейтін бір жіпті үзіп, пойыз жылдамдығын үдетіп кетіп бара жатты.
Жолда келе жатып, мен әбден ойландым. Шуайнатпен бірге тұру туралы айтудың өзі мүмкін емес еді. Мен ештеңе жасырмай, бәрін айтуым тиіс деп шештім.

Әйтпесе, менің өзіме де, Лиданың да абыройына нұқсан келер еді. Тіпті Шуайнатқа да, менің кішкентай ұлыма да.

Бірақ, не де болса бәрі адамның емес, Құдайдың қолында екен. Менің келерімнен бір күн бұрын, Шуайнат ауруханаға түсіпті.Негізі ол одан бұрын ауырғанға ұқсайды, тек бұл туралы хабар бермеген, тіпті шешеме де хабарлауға рұқсат бермепті, шамасы мені уайым­дамасын деген болуы керек. Әбден жағдайы нашарлаған соң барып, анам маған телеграмма жіберген. Бірақ келе жатып әжептәуір ширап қалдық.

Шуайнаттың науқасы менің ойымды бұзып жіберді. Бірақ мен қазір бұл туралы ойлағаным жоқ. Мен тек, қазір Шуайнатты шын көңіліммен аядым, ауыр науқас есебінде ғана аяғаным жоқ, бірнеше жыл бірге өткізген өміріміз үшін де, ортақ ұлымыз болғаны үшін де аядым. Жақсы болсын, жаман болсын, біз бірнеше жыл өмірімізді бірге өткіздік.

Бұрынғы ойлаған жоспарымды Шуайнат тәуір болғанша қалдыра тұрайын деп шеш­тім, тәуір болатынына сенімді де едім. Ал қазір, Лидаға оның науқасын, диагнозын тәп­тіштеп жазып жібердім. Лидадан кешікпей жауап келді, қымбат дәрілер де салып жі­беріп­ті. Бұл дәрілердің табылуына швейцар елшілігінде аудармашы болып істейтін танысы көмектесіпті. Тек Шуайнатқа деген ықыласы, оның тезірек тәуір болып кетуі туралы тілегі бар, басқа ештеңе жоқ. Хатта біздің арамыздағы қатынасқа қатысты ештеңе жазбапты. Оның бұнысы мені оған одан са­йын жақындата түсті.

Шуайнаттың науқасы ұзаққа созылды. Қанша өзімді тежесем де, Лиданы сағына бердім. Мен оған кездесулерімізді, театрға барған кездерімізді жазған хаттарымызды жіберумен болдым. Бірақ Лида бұған аса назар аудармаған сияқты. Ол өзі туралы қысқа жазатын, көбіне Шуайнатты сұрап, керек дәрілерін жіберіп, менің жұмысым мен ұлымды сұрайтын. Тіпті, жанама болса да, біздің бірге болған күндеріміз туралы ештеңе таба алмадым. Мен Лиданың қолдан сусып бара жатқанын сездім, онымен ашық сөйлесіп бір жағына қарай шығуымыз керек еді. Ол үшін онымен кездесуіміз керек тұғын. Ал, Шуайнатты тастап менің Москваға жүріп кетуім мүмкін емес-тін, тіпті мұны Лиданың өзі де кешірмеген болар еді. Ал оның бұл Дағыстанға келуі мүмкін емес нәрсе. Бірақ, мүмкін емес нәрсе, мүмкін болды.

Оқу орнының кәсіподақ комитеті арнаулы туристік пойызбен Бакуге студенттерге саяхат ұйымдастырған болатын. Бұл пойыз Махачкаланың үстімен өтеді, ал мен Лиданы Махачкаладағы туыс­тарын сылтау етіп, келіп кетуін жалына сұрадым. Сосын, оның Бакуге кеткен пойызды қуып жетуіне болатын еді. Бұл жерде студенттер екі күн болады.

Міне, енді мен вокзалда тұрмын. По­йыз перронға баяу келіп тоқтады, вагоннан қолында кішкентай чемоданы бар Лида шықты, ол бұрынғысынан да әдемі, сымбатты, Москваның шет жағасында өсетін раушан гүлдері сияқты аппақ... Енді мен Лидадан басқа бар дүниені ұмыттым, менің көз алдымда тек Лида, бір кездері, мен тұңғиығына сүңгіген шаштары...

Бұл күнді де, бұл түнді де біз бірге ұйқысыз өткіздік. Махачкаланың тыныш, азанғы көшелерімен серуендеумен болдық. Одан кейін пляжға барып суға түсіп, күнге қыздырындық, кешке қарай Қара-Буян асуы қасындағы шағын ресторанда кешкі асымызды ішіп отырдық.

Біз бақытты едік десе де болғандай еді. Десе де... Бүкіл түнді, түнгі Каспийдің жағасында өткіздік. Көріспеген уақыттың ішінде болған жайтты бір-бірімізге айта бердік, айта бердік. Шамасы, арамызда тұрған көрінбейтін қамалды осы әңгімеміздің тұңғиығына батырып жібергіміз келген болу керек. Лида Шуайнатты бір-ақ рет сұрады, сосын бұл тақырыпқа қайтып оралған жоқ. Біз алдымыздағы өміріміз туралы да әңгіме қозғаған жоқпыз, бұл бір өте орынсыз нәрсе болатын еді.

Менің Лидаға айта алмаған бір-ақ сөзім болды, ол, менің оны сүйгендігім, онсыз өмірдің құнының аз екендігі. Міне, бәрі осы. Бұл біздің соңғы кездесуіміз екен. Екі күн өткен соң Шуайнат қайтыс болды. Одан мен кеткем жоқ. Осындай құпия тірлігім үшін, осындай құпия ойларым үшін менен ол кетіп тынған секілді. Ал ажал деген сұраған кешіріміңді де, өкінішіңді де қабыл алмайды.

Мен бұл туралы Лидаға екі ай өткесін хабар бердім, оның бұл жаққа біржола келуін сұрадым. Келген хаттан оның жанайқайын, оның көз жасын оқыдым. Тағы да Шуайнаттың өлімі, біздің бірге болған кездердегі бақытымыздың жазасы делініпті хатта. Бұл өлім, – депті Лида, біздің арамызда көрінбейтін қамал боп тұра бермек, бұл қамалдан өтуге болмайды. Біздің бір-бірімізге деген сезімдеріміз өміріміздегі ең биік шың болмақ, міне дәл осы біздің бақытымыз, әрі сорымыз, енді ол өзін басқалармен осы биіктен қарап салыстырмақшы екен.

Енді біздің хат жазысып тұруға да хақымыз жоқ екенін, басқа пәтерге ауысқанын, жаңа адресін бермейтінін де жазыпты Лида...
«Міне, осылай» деді Сааду сақалын ауырта тарамдап отырып. Сол жылы күз ерте түскен болатын, мен одан келген хатты оқып отырған кезде, терезе сыртында қар жапалақтап жауып тұрды. Ал менің үстелімнің үстінде бір шумақ өлең жатыр еді:
Даланы қар басқаны сияқты,
Алып келем қарсылығыңа қарамай
Алып келіп, ызғарыммен жылытам...
Қалғып жатқан түйір дән,
Көгеріп, көктеп өнгенде,
Сарғайып дән байласын.
Жоқ, біз бір-бірімізге кіршіксіз мөлдір сезімдерді бердік, бірақ келешекте ол тұқым, дән бермейтін шығар. Мен кей уақытта ақымақтарға да қызығам...

Хатты алғаннан кейін мені не істеді дейсіздер ғой? Ештеңе де... басқалар сияқты ішіп кеттім... Қасіретімді осы арақпен басқым келген, бірақ көп ұзамай бұл менің қолымнан келмейтінін түсіндім. Арақты ішіп алып, аузымнан түкірігім шашырап, осы басымнан кешкенімді біреуге айтуым керек пе еді? Жоқ, бұл менің қолымнан келмейді екен. Менің қасіретім теңдесі жоқ қасірет, әрі кіршіксіз мөлдір, таза. Қысқасы менің өмірімнің мәні көпір, көпір, және көпір. Реті келсе, сендермен бір жаққа шығып қайту!..
Іші қанжылап тұрып Сааду маған қарап көзін қысып қойды:
– Достар, осы жазда Памирге тартып кетсек қайтеді?
– Памирді қоя тұршы, – деді Гурам, ал әрі қарай не болды?
– Әрі қарай мен Сакинатқа үйлендім. Ол жақсы әйел, ақкөңіл, қайырымды. Айналып келгенде, бәрі жақсы. Біз бірге өмір сүріп кете аламыз. Лида сияқты мен де пәтерімді өзгертіп қойдым. Енді бәрі ойдағыдай болады, – бұл анық.

Сааду орнынан тұрып терезені ашты, қардың түйіршіктері ішке: терезе алдына, шыршаға, үстел үстіне түсіп жатты. Жаңа жыл­ды қарсы алған менің бұл пәтерім жаңа мөлтек ауданның шет жағында болатын, қар жапалақтарының арасынан жақын маңдағы жазық көрініп тұр...
Даланы қар басқаны сияқты,
Алып келем, қарсылығыңа қарамай... – деді Сааду ыңылдап. Бірақ сөздері анық, салтанатпен, әрі мұңлы шықты.

Соңы,
Бақтияр МЫРЗАШ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден

03 мамыр 2025 ж. 257 0