Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Нағыз еңбек адамы

Нағыз еңбек адамы

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың халықпен есепті кездесуінде түрлі ұсыныс-пікірлер айтылады. Соңғы өткен жиында кент тұрғындары «Қалден деген кісі бар, еңбегі зор, сол кісіні насихаттап, көпке үлгі ету керек» деген ой айтты. Жиырма жылдай бұрын 60 соттық бақшалық жер алып, оны қолмен тегістеп, арықтап, бүгінде жемісін жеп, жасыл желекті жайқалтып отырған азамат туралы газетте бірнеше жыл бұрын мақала жазылған еді. Бірақ еңбек адамы туралы қанша жазсақ та артықтық етпейді деп жоспарымызға енгізіп, тұрғындардың ұсынысын қойын дәптерімізге түртіп қойғанбыз.

­«Бір өтінішім бар еді»

Газет редакциясының есігі басы­лымның мәні мен маңызын білетін барлық оқырманға ашық. Бірер күн бұрын редакцияға кент тұр­ғыны Мұрат Сейдахметов соғып, амандық-сау­лық сұрас­қаннан кейін «Бір өтінішім бар еді» деді. «Айтыңыз» деп сөзге мән бердік.

«Қалден деген кісі бар еді. Еңбегі зор, сол кісіні насихаттап, көпке үлгі етіп, газетке жақсы бір мақала жазсаңыздар» деп қысқа қайырған Мұрат Сейдахметовтің жылы шырайлы жүзіне, өзгеге қуаныш сыйласам деген көңі­ліне, жақсының жақсылығын насихат­тамақ ниеттегі пейіліне сүйсіндік. Сөйтіп аудан әкімінің халықпен кездесуінде айтылған ұсыныс пен Мұрат Ікімәтұлының өтінішін ұштас­тырып, қолға қалам алдық. Еңбек адамымен кездесу үшін ертерек Қызылорда-Жалағаш автожолының бойындағы «Қаң­лы» бейтінің тұсындағы бақшаға бағыт алдық.

«Ол кісі үйде отырмайды»

Үлкен жолдың жиегіндегі бақ­ша кімнің де болсын назарын аудартады. Сары өрік пен қара өрік төгіліп тұр. Қып-қызыл болып піскен шие де көздің жауын алады. Ал салмағы бұтағын жерге иіп тұрған алма мен алмұрт, дәмі тіл үйіретін тұт пен енді санаулы күннен кейін пісетін жүзім бақшаға ерекше сән беріп тұр. Осы бақшаға жақынырақ тоқтаған бойда көзіміз сүйсі­ніп, көңіліміз толып, расында да еңбек сіңіргеніне іштей риза болдық.

Көліктің гүрілін естіген болуы керек үйден таяғына сүйенген әжей шықты. «Келіңіздер, есік ашық, ит жоқ» деген әжейге сәлем беріп, өзіміз­ді таныстырып, үй иесінің, бақша егесінің қайда екенін сұрадық. Әжей «Ол кісі үйде отыр­майды ғой, бақшада жүрген шығар» деп бізді үйдің оң жақ қапталындағы көлеңкеге қарай ертіп апарды. Расында да біз іздеген кейіпкер бақшада жүр екен. Күбір-күбір әңгімені естіп, біздің келгенімізді аңғарып, қолын­дағы кетпенді иыққа асып, бізге қарай келді.

«Азаматтар аман болсын!»

«Қош келдіңдер, қарақтарым» деген арда­гердің күн қақтаған маңдайы мен Жер-Анадан нәр алған алақаны нағыз еңбек адамы екенін айшықтап тұр. Еңбек адамы да шығармашыл тұлға секілді. Мысалы ақын мен жазушы өзінің төл туындысы өзгенің назарын аудартса қуанады ғой. Еңбек адамы да өзі баптап, өсірген ағашы, бақшасы жеміс беріп, оны әлдекім бағалап, сүйсіне тұтынса, одан ләззат алады. Еңбегінің еш кетпегеніне шүкір етіп, шабыттанады.

– Біз аудандық газеттен келіп тұрмыз, – деп бастадық әңгімені.

– Газеттеріңізді үзбей оқимыз, – деген еңбек адамы сыпайылық танытып, байырқалы баста­маларыңыз оң болсын деді.

– Жақында аудан әкімінің халықпен кез­десуі өткен. Сонда бір кісі сіз туралы газетке жазу жөнінде ұсыныс айтты. Содан жоспарға енгізгенбіз. Кеше редакцияға Мұрат деген азамат келді. Ол кісі де сіз жөнінде мақала жазылса деп өз ұсынысын білдірді. Сөйтіп көпшіліктің ұсыныс-пікірін жүзеге асырайық деп, өзіңізбен сөйлесуге, жақсыны көрмекке келіп қалдық. Бау-бақшаңыз жақсы екен, – дедік.

Бізді бірден ұққан Қалден ақсақал «Азаматтар аман болсын!» деп қысқа қайырды.

«Өмір ерте есейтті»

Қалден ақса­қалдың шын есімі Қалдыбек екен. 1942 жылдың тумасы. Айтуынша, әкесі Әлібек соғысқа аттанғаннан кейін төрт айдан кейін туыпты. Өкініштісі сол, әкесі майдан даласында қайтыс болған. Ал анасы Болтай Мүсірепова шаруа адамы болған.

«Екі ағайынды болып өстік. Ағам Фаридон 55 жасында қайтыс болды. Әкем болса да жоқ. Анама көмектесу, үйдің тіреуі болу секілді мақсат-міндеттер мені ерте есейтті» деген Қалдыбек ақсақал отбасының ескі Майлықұм колхозындағы Жіңішке өзенінің маңын қоныстанғанын, өзі сол жердегі жеті сыныптық Молотов мектебінде оқығанын, кейін оқуын Тереңөзекте жалғастырып, әрі қарай еңбекке араласып кеткенін айтты.

Кейіпкеріміз жас күнінде қой бағыпты, электр тарату торабында, «Колхозстрой» мекемесінде жұмысшы болып еңбек етіпті. 2006 жылы зейнетке шыққаннан кейін өзіне және әр баласына 12 соттықтан барлығы 60 соттық бақшалық жер алып, осында көшіп келген. Бұл жерді көпшілік «Нұртуғанның құдығы» немесе «Қаңлы бейітінің тұсы» деп айтады.

«Қолмен тегістеп шықтым»

2006 жылы бұл жер қалың шеңгелге, одан қалды жыңғыл мен арам шөпке толы болған. Қазір қоршалған жерден бірде-бір арам шөп таппайсыз. Тап-тұйнақтай. Тап-таза. «Арам шөп көрсем, мазам қашады» дейді Қалдыбек ағай бізбен әңгімесінде.

Еңбек адамы бәрін қолмен тегістеп шыққанын айтты. Алғашқы жылы қиын болған. Шеңгелді шабу оңай жұмыс емес. Оған жыңғылды түп-тамырымен қопарып алып тастаудың қиындығын қосыңыз. Арам шөптің де бірін жұлсаң, екіншісі қылтиып шыға береді. Мұнан бөлек ойдым-ойдың жерді техникасыз тақтайдай тегістеу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұндай қиын жұмысты бейнеткеш адам ғана атқарады.

«Осында алғаш келген кезде «осы жерді қайтсем де көктетіп, көгертемін» деп өз өзіме уәде бердім. Сол уәдемді орындауға барымды салдым. Аллаға шүкір, Құдай қуат берді. Күніне 50-60 арба құм тасып, тегістейтін едім. Арықты да жіп тартып отырып, өзім қазып шықтым. Қазір 35-40 түп сары өрік, 30 түп қара өрік, 40 түп шие, 30 түп тұт, 20 түп алма мен алмұрт, одан қалды жүзім, қауын, қарбыз, қияр, қызанақ, картоп, жоңышқа, не керектігінің бәрі бар. Биыл жақсы өнім берді. Балаларым мен келіндерім теріп алды. Халық та келіп қажетін алып жатыр. Әлі де көп, теретін адам аз» дейді сөзі нық, ісі ширақ Қалдыбек ақсақал.

«Әкімге аманат сөзімді жеткізсеңіз»

Нағыз еңбек адамы деген атқа лайықты Қалдыбек ақсақал бау-бақшасын аралатып жүріп, өз өтінішін де айтты. Ол өтініші – электр жарығын орнату мәселесі.

«Қазір ХХІ ғасыр. Жарықсыз ештеңе істелмейді. Біз тұрып жатқан жерде электр жарығы жоқ. Жерді үкіметтен заңдылыққа сәйкес рәсімдеп, төлейтін салығын төлеп алдық. Жоқтан бар жасап, тақыр жерді жасыл желекке айналдырдық. Ең қиыны электр жарығының жоқтығы. Осы ретте аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлына менің өтінішімді, аманатымды жеткізуіңізді сұраймын. Еңбегімізді бағалап, елеп, жолдың арғы бетіндегі немесе батыс жақ қапталы­мыз­дағы желіден электр жа­рығын жүргізіп беруге ықпал етсе, жақсы болар еді. Ол үшін 5-6 электр бағанасы керек. Өзімде 3-еуі бар. Бәрін ала беруге шама келмейді. Әкім келіп, бақшаммен танысып, еңбегімізді көзбен көрсе деп ойлаймын» деді Қалдыбек Әлібеков.

Кейіпкеріміздің бұл өтінішін аптаның сәрсенбісінде әкімге жеткіздім. Оның орындалуына уақыттың өзі төреші болмақ. Біздікі жақсылыққа болысу, жұмыс істеймін, еңбек етемін деген адамға қолдан келетін көмекті көрсету...

«Балаларым – бақытым»

Қалдыбек ақсақалдың әйелі Фавзия – Баш­құрт­станда тұрған татардың қызы. Тереңөзекке 16 жасында келіпті. Биыл 74 жас­­қа толған ардагер өзінің осы жылдар ішін­де қазақ болып кеткенін, қазақ тілін жетік білетінін, балаларымен, отбасымен бақытты екенін және бәріне шүкір ететінін айтты. Біз отанасынан мұнда қалай келгенін сұрадық.

Бұрын жүздеген адамды жұмыспен қам­тыған «Колхозстрой» мекемесі жөнінде қазіргі жастар білмеуі мүмкін. Бірақ аты «жер жаратын» іргелі мекеме ардагерлердің жадында. Әбдіқайым Сүлейменов мекемеге басшылық еткен жылдары Қалдыбек ақсақал бөрене, ағаш тілуші болып жұмыс істеген. Бір жылдары «Колхозстрой» ауылдарда үй салады. Сол құрылыс жұмыстары барысында Әбдіқайым Сүлейменов Шағанда Фарих Мұхамедияров есімді татар жігітпен кездесіп қалады. Оның епті екенін аңғарып, жұмысқа шақырады. Сол Фарих Қалдыбек ақсақалдың әйелі Фавзияның шешесі Нағиманың туған інісі еді. Сол нағашы ағасына арқа сүйеп, маңдай тіреп, 1966 жылы Фавзия да осында келеді. «Колхозстрой» мекемесіне жұмысқа орналасады. Кейін Қалдыбек Әлібековпен танысып, бас қосады. Қазір Батырхан, Асылхан, Әділхан, Марат есімді төрт ұлдан немере-шөбере сүйіп отыр.

Ұрпақтар түрлі салада биік белестерді бағындырып, ел дамуы, қоғамның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуде. Отбасының бүгінгі шаттығы мен қуанышына, жетістігі мен жеңісіне қарап, сонау 1942 жылы соғысқа аттанып кеткенде 84 жылдан кейін ұрпақтарының өсіп-өніп, үлкен әулетке айналатынын Әлібек іштей тілеп, сол тілекті Жаратқан Алла қабыл еткен шығар деп ой түйдік. Ал Қалыбек ақсақал мен Фавзия әжей «Еккен талдарымыздың жемісін ұрпақтарымыз жесе, тұтынса, пайдаға жаратса, одан асқан бізде мақсат-мұрат жоқ» дейді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
13 шілде 2024 ж. 243 0