Қызылордалық полицейлер боранды күні жоғалған малшыны іздеп тапты
Қызылордалық полицейлер боранды күні жоғалған малшыны іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 желтоқсан күні Қызылорда облысында ауа райы күрт өзгеріп, -25 градусқа дейін суытты. Сол күні күндізгі сағат 10:00 шамасында 46 жастағы азамат 16 жастағы ұлымен бірге Жалағаш ауданының Жаңадария ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Ақшоқы учаскесінде орналасқан фазендадан екі жаққа бөлініп, мал іздеуге шыққан.
Алайда сағат 14:00 шамасында оралған әкесі баласының фазендаға әлі келмегендігін біліп, автокөлікпен іздеуге қайта шығып кеткен. Ұлын таба алмаған азамат полиция қызметіне жүгінді. Осы дерекке байланысты жоғалған жасөспірімді іздестіруге Қызылорда облысы полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу жұмылдырылды. Полицейлер, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылып, жоғалған жасөспірімді іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Ауданның барлық ауылы, далалық жолдар түгел қамтылды. Іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған бала түнгі сағат 02:00-де дін аман табылды. Ол Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылына қарасты далалық жерден солтүстікке қарай 20 шақырым жерден табылды. – Іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Ұлы қатты желдің әсерінен жолынан адасқан. Үздіксіз жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ол аман-есен табылды. Аймақ тұрғындарынан дауылды ескерту жарияланған уақытта алыс сапарға шықпауларын сұраймыз. Шаруа қожалықтарының жұмысшылары қыстаулар мен жайылымдардан алыс кетпеуге тырысу қажет, – дейді департамент бастығы Махсудхан Аблазимов.
Фото: Polisia.kz