«Chia-Tai» қаржы пирамидасымен айналысқан күдікті қамауға алынды
ҚМА Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Chia-Tai-Tianqing Pharmaceutical» қаржы пирамидасының Қызылорда қаласындағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдіктіні қамауға алды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
1992 жылы туылған қызылордалық А.П есімді азаматша Қызылорда қаласы аумағында 2022 жылдың қараша айы – 2023 жылдың сәуір айы аралығында, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық етіп, ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып, яғни өз әрекетімен ҚР ҚК-нің 217 бабы 3-бөлігі 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасаған.
Қазіргі таңда 24 салымшыға жалпы 26 130 190 теңге көлемінде аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген.
Айта кету керек, бұл компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген.
Фото:ашық дереккөзден